ОРМАН МЕН ЖАНУАРЛАР ДҮНИЕСІН ҚОРҒАУ

ОРМАН МЕН ЖАНУАРЛАР ДҮНИЕСІН ҚОРҒАУнақты бақылауда болады

Үстіміздегі жылғы қыркүйек айында Қазақстан Республикасы Үкіметінің "Ауыл шаруашылығы министрлігінің кейбір мәселелері туралы” қаулысына сәйкес ҚР Қоршаған орта және су ресурстары министрлігінің Орман және аңшылық шаруашылығы комитеті мен осы министрліктің балық шаруашылығы комитеті тарату жолымен қосылып ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті болып құрылды. Үкіметтің осы қаулысына сәйкес облыстағы бұрынғы екі инспекция да біріктіріліп, енді ол облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы болып қайта құрылды. Ауқымы кеңейтілген бұл инспекция қандай тірліктерді жүзеге асырады. Жалпы инспекцияның алдына қандай міндеттер қойылып отыр. Газет тілшісінің облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының басшысы Ғалымжан Орақбаевпен жүргізген сұхбатында осындай мәселелер негізгі әңгіме өзегіне айналады.

 

– Ғалымжан Жәдігерұлы, жаңадан құрылған аумақтық инспекция алдында қандай міндеттер тұр. Жалпы инспекция жануарлар дүниесін қорғауда қандай жұмыстарды атқарады.

– Инспекция Қазақстан Республи­ка­сының 2004 жылғы "Жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану туралы” заңы мен Ауыл шаруашылығы министрлігінің биылғы жылғы қазан айында бекітілген ережесіне сәйкес жануарлар дүниесі ресурстарын күзетуге, қорғауға, молықтыруға және пайдалануға, ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың жай-күйі мен қызметіне мемлекеттік бақылау мен қадағалауды жүзеге асырады.

ОРМАН МЕН ЖАНУАРЛАР ДҮНИЕСІН ҚОРҒАУОблыс әкімінің шешімімен облыс көлемінде аңшылық пайдаланушыларға 30 аңшылық алқабы бекітіліп берілген. Олардың жалпы аумағы 6,6 млн. гектарды құрайды. Сонымен қатар облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасына қарасты орман және жануарлар дүниесін қорғау мемлекеттік мекемесіне 6,5 млн. гектар жердегі жа­нуар­ларды қорғау және өсімін молайту міндеттелген.

Ал, киікті, жабайы тұяқты жануар­лардың сирек кездесетін және жайылып бара жатқан түрлерін қорғау ҚР Ауыл шаруашылығы минитрлігі "Охотзоопром ӨБ” республикалық қазыналық кәсіпор­нына жүктелген. Бұл кәсіпорынның оңтүс­тік аймақтық филиалының 18 инспекторы жеті "УАЗ” автокөлігімен киіктерді қорғау мақсатында 15 күндік ауысым әдісімен жұмыс атқарады.

ҚР Үкіметінің 2012 жылғы қаулысына сәйкес ғылыми мақсаттарға пайдаланудан басқа ел аумағында киіктерді, олардың бөліктері мен дериваттарын пайдалануға 2020 жылға дейін тыйым салынған. Киік­тердің табиғи түрде көбейіп, олардың сақталуын қамтамасыз ету мақсатында мемлекеттік бақылауды күшейтуге бай­ла­нысты инспекция бірқатар кәсіп­орын­дармен және мекемелермен біріккен іс-шаралар өткізіп келеді. Мұндай іс-ша­ра­ны "Охотзоопром ӨБ” кәсіпорны да ұйымдастырып, ауыл тұрғындарымен 24 рет кездесу өткізген. Мұнан бөлек инспекциямен бірлесіп "Ел болып киіктерді сақтайық” атты акцияны жеті рет өткізді. Осындай жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде 2009 жылы киік саны 81 мың болса, оның 45200 бетпақдала популяциясын мекендейді, онда бұл көрсеткіш биыл 256700-ге жетіп, оның 216 мыңы бетпақдала популяциясын мекендейді.

Дегенмен, киікті аулауға арнайы тыйым салынғанына қарамастан оларды заңсыз аулау, браконьерлік фактілері азаймай келеді. Өткен жылы облыс көлемінде киіктерді заңсыз аулаудың 28 фактісі тіркелді. Соның ішінде 63 бас киік заңсыз ауланып, шығын көлемі 4,7 млн. теңгеге жетті. Мұнан бөлек киік аңын жойып, 260 мүйіз алынған. Мүйізден келген шығын 45 млн. теңгені құрап отыр. Жалпы өткен жылы киіктерді заңсыз аулау фактісі бойынша 11 қылмыстық іс қозғалды. Үш қылмыстық іс тоқталып, екі қылмыстық іс сотқа жолданды. Ол бойынша соттың айыптау үкімі шықты. Ал алты қылмыстық іс соттан өтті.

Биылғы жылдың тоғыз айында заңсыз киік аулаудың 35 фактісі тіркелді. Соның әсерінен 103 бас киік заңсыз ауланып, қоршаған ортаға 30,5 млн. теңге залал келтірілді. Оның ішінде өндірілгені 10 млн. теңгені құрап отыр. Сонымен қатар киік аңын жойып, 184 дана киік мүйіздерін заңсыз алу жайы да анықталды. Осы тоғыз ай ішінде киіктерді заңсыз аулау фактісі бойынша 4 қылмыстық іс қозғалып үш қылмыстық іс тоқтамға алынып, біреуі сотқа жолданды. Осы бір іске соттың айыптау үкімі шықты. Негізі аңшылық жасаған қаскөйлерді ұстаудың 29 жағдайы ішкі істер департаменті қызметкерлерінің қатысуымен ұйымдастырылды.

Бір айта кететін жайт, соңғы кезде соттарда қаралған үш қылмыстық іс­тер бойынша мемлекетке келген шы­ғын өндірілмей, талап арыздардың қа­рау­сыз қалдырылуы орын алды. Ал екі қылмыстық іс бойынша Жоғары сотқа шағым келтірілді. Сондай-ақ, осы жы­лы прокуратура қызметкерлерінің қатысуы­мен екі қылмыстық іс, яғни, киікті үйінде сойып, сақтаған жағдай анықталды. Ол бойынша мемлекетке келтірілген 3,2 млн. теңге шығынды өндіруге үкім шығарылды.

Негізі қазіргі уақытта қаскөйлердің соңғы үлгідегі техникалармен, құралдармен жабдықталуы оларды заңсыз аңшылық жасау кезінде ұстап, нақты пайдаланылған дәлелдеме заттарды алу және қарау жүргізу барысында кемшіліктердің жі­бе­рілуі, сондай-ақ, заңсыз аңшылық жа­сап, алынған жануарларды жоюдың дә­лелденбеуі, сот-сараптама барысындағы кем­шіліктердің барлығы қаскөйлердің түр­лі заңсыз әрекеттерге баруына әкеп соғуда.

Сонымен қатар киіктердің табиғи түрде көбейіп, емін-еркін өмір сүруіне жағдай жасау қыс айларында қиынға соғып жүр. Өйткені қардың қалың жауып, мұздаққа айналуына және аязды ауа райының әсерінен киіктердің табиғи шөпті тауып жеуі қиындай түседі. Қыс айларында күннің суық болуы жануарлардың өлім-жітімге ұшырау қаупін туғызады.

– Соңғы кездері облыста емдік қасиеті жоғары қызыл мия өсімдігінің тамырларын заңсыз қазып алу жайы көп айтылып жүр. Осы тұрғыдан алғанда сіз не айтар едіңіз.

– 2012 жылы инспекцияға қызыл мия өсімдігі тамырларын заңсыз алу, дайындау, қазудың бір дерегі, ал өткен жылы 13 дерегі тіркелді. Көрсетілген деректердің барлығы да мемлекеттік орман қоры жерінен тыс жерлерде орын алған. Ал, мемлекеттік орман қорынан тыс жерлерде дәрілік өсімдіктерге тыйым салынғаны жөнінде немесе орман билеттері бойынша жинау қолданыстағы заңнамамен реттелмеген. Сондықтан да мия тамырлары қазылған жерлердің меншік иелері анықталмауына байланысты мемлекетке келген залал өндірілмей отыр. Жинақталған іс құжаттарды зерделеп, заң бұзушылықтарды анықтаған ішкі істер органдары болғандықтан мемлекетке келтірілген залалды өндіру мақсатында іске қатысты кінәлі тұлғаны, мия тамыры қазылған жерді және заңсыз алынған қызыл мия тамырының кімге тиесілі екендігін анықтау үшін ол облыстық ішкі істер департаментіне қайта жолданды.

Ал, биылғы жылы инспекцияға 9 іс келіп түсті. Оның сегізі бойынша заңсыздықтар мемлекеттік орман қорынан тыс жерлерде болған. Ал біреуі Жаңақорған орман шаруашылығы мемлекеттік мекемесінің орман қоры жерінде тіркелген. Айта кету керек, Жаңақорған орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мемлекеттік мекемесі орман қоры жерінде мия тамырын заңсыз алу мен орман өрттеріне жол берген. Сондай-ақ, үстіміздегі жылғы тамыз айында Шиелі ауданының азаматы Б.Кенжеев 3800 келі мия тамырын заңсыз дайындап, мемлекетке 2,1 млн. теңге зиян келтірген. Сондықтан да оған әкімшілік хаттама толтырылып, 5556 теңге айыппұл салынған. Осындай заң бұзушылыққа барған Сафар Наджибуллах пен Жаңақорған кентінің тұрғыны Дәнекер Рахметовке де әкімшілік хаттама толтырылып, айыппұл салынып, олар өндірілген.

Бір таңғаларлығы, мия тамырын заң­сыз қазу ісіне ауыл әкімдері де баруда. Атап айтқанда, осындай заң бұзушылық Шиелі ауданы Қоғалы ауылының әкімі Д.Нәсіпбеков Қызылорда орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мемлекеттік мекемесінің мемлекеттік орман қоры жерінде мия тамырын қаздырып жатқандығы анықталды. Енді бұл жауапты қызметкердің тәртіптік жауапкершілігі қаралатын болады. Сондай-ақ, Шиелі ауданының Жуантөбе ауылының солтүстігінде орналасқан "Қазалыкөл” деген жерде бір топ азаматтардың заңсыз мия тамырын қазып жатқандығы жөнінде хабарлама түсті. Оны тексере келгенде белгілі болғандай Жөлек ауылының әкімі Бегімтай Сатаев ұжымға тиесілі жерден ауыл тұрғындары Марат Жаханов пен Ерлан Әбиевке шілде айында мерзімі өтіп кетсе де егін егуге деп жер берген. Сөйтіп, мия тамырын қазуға мүмкіндік жасап, олардың жерді жыртып, бүлдіріп жатқанына көз жұмбайлықпен қараған. Осы оқиғаға орай сұрау салғанда ауыл тұрғындары ауыл әкімі мия тамырын қазып алуға және оны сатуға келісім бергені белгілі болды. Әрине, бұл жайт, кімді де болса ойландырмай қоймайтыны анық.

Жалпы облыс аумағында қызыл мия тамырларын заңсыз жинау мен жер пай­даланушылардың белгіленген жер учаскелерінің нысаналы мақсатқа сәй­кес пайдалану мәселелері зерттеліп, ұсы­ныс беру үшін және халық арасында тү­сін­діру жұмыстарын жүргізуге орай жұ­мыс­шы тобы құрылды. Бұл топ өкілдері көптеген мекемелерде кездесулер өткізді. Инспекция мамандары да халық арасында, сонымен қатар орман шаруашылығы қызметкерлеріне орманды пайдалану және қорғау жөнінде түсіндірме жұмыстарын жүргізіп келеді.

– Біздің жерде орман қоры ішінде сексеуілдің алар орны ерекше. Бұл жөнінде не айтар едіңіз?

– Облыс бойынша мемлекеттік орман қоры 6,5 млн. гектарды құраса, оның ішінде орманмен көмкерілгені 3 миллион гектардан астам. Соның ішінде сексеуіл орманы 2,6 млн. гектар да, сүрек қоры 5,8 млн. текше метр. Осының ішінде пісіп-жетіліп, өсімін тоқтатқан ормандар 903436 гектар, ал, сүрек қоры 2903,1 млн. текше метрді құрайды.

Қазіргі кезде облыстың Қызылқұм аумағындағы мемлекеттік орман қоры жерлерінде сексеуіл ормандары жас келіп, қурап жетілмеген жас ағаштарға ауру тарату қаупін туғызып отыр. Сондай-ақ, облыста сексеуілді ормандар шар тәрізді галлица ауруымен ауыратындығы анықталды. Аталған ауру болған жағдайда ағаштың бұтақтары мен жапырақтарында шар тәрізді түйіндер пайда болып, ағаш бұтақтары мен жапырақтарының өсуіне кедергі келтіреді. Ол соңынан ағаштың қурап, өлуіне әкеп соқтырады. Орман қоры жерлерінде орманды патологиялық зерттеулер нәтижесінде 2011 жылы 13100 гектар, 2012 жылы 9600 га, 2013 жылы 5300 га, 2014 жылы 4 мың гектар жердің ормандары ауруға шалдыққаны анықталды. Биылғы жылы ауру анықталған 350 гектар жер табиғи жолмен залалсыздандырылды. Реті келгенде айта кетейін, облыс орман шаруашылықтарының ауруды залалсыздандыруы мардымсыз болып отыр.

Жалпы ағаш кесу кезінде, табиғи жағдайда түскен бұтақтардан жиналған қоқымдар, жел, дауыл құлатқан, қар сындырған ағаштар да ауру таратудың бірден-бір көзі болып табылады. Бұндай ағаштарды жинап, орманды санитарлық тұрғыдан тазарту қажет.

– Балық та байлық дейміз. Сол байлығымызды қорғаудың жайы қалай?

– Рас айтасыз, балық баға жетпес байлықтың бірі. Сондықтан да оны қалай болса солай аулай беруге рұқсат беріле бермейді. Заң талаптарына сәйкес аумақтық инспекция жануарлар дүниесін пайдаланушылардың қызметін тексереді. Екі және одан да көп облыстарда орналасқан балық шаруашылығы су айдындарында ғылыми-зерттеу мақсатында аулау үшін рұқсаттар береді. Акваөсіруді дамыту үшін балық шаруашылығы су айдындарын және учаскелерін пайдалану жөнінде шарт жасайды. Балықтың қырылу қаупі бар су айдындарында және учаскелерінде аулауды ұйымдастырады. Балықтың қайдан ауланғаны туралы анықтама береді. Өз құзыреті шегінде әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс жүргізеді. Жергілікті маңызы бар балық шаруашылығы су айдындарының тізімін жасап, балық ресурстарын қорғау, өсімін молайту және пайдалануды реттейтін нормативтік құқықтық актілердің сақталуын бақылайды.

Ал балықтың қорғалуы жайына келсек, онда балықтық уылдырық шашу және көбеюі кезеңінде Кіші Арал теңізінің су айлағында 1 мамырдан 10 маусым және облыс шегіндегі су айдындарында 20 сәуірден 10 маусымды қоса алғандағы аралықта болып аулауға тыйым салынады. Артемияның көбеюі кезеңінде Өзбекстанның мемлекеттік шекарасына дейін Қазақстан Республикасының аумағы шегінде Тұщыбас, Чернышева шығанақтарын қоса алғанда Үлкен Арал теңізінде 1 сәуірден 31 шілдені қоса алғандағы аралықта артемия жұмыртқаларын жинауға және дайындауға тыйым салынады. Сонымен қатар тыныштық аймағын құру мақсатында Сырдария өзені Кіші Арал теңізіне құятын жерінен Көкарал бөліп тұрған бөгетіне дейінгі оңтүстік бағытта, Көкарал түбегіне дейінгі батыс бағытта, солтүстік және солтүстік шығыс бағыттарда бес шақырым, Сырдария өзенінің ағысымен жоғары бағытта бес шақырым учаскеде жыл бойы балық аулауға тыйым салынады.

– Біздің естуімізше, инспекция сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жүргізуді жүйелі түрде жүргізіп келеді екен. Сонда бұл бағытта қандай жұмыстар атқарылуда?

– Үстіміздегі жылдың ақпан айында "Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің 2014 жылға арналған іс-шаралар жоспарын бекіту туралы” және облыстық орман және аңшылық шаруашылығы аумақтық инспекциясының тәртіптік комиссиясының ҚР "Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес”, "Мемлекеттік қызмет туралы” заңдарын және "Мемлекеттік қызметшілердің ар-намыс кодексін” жүзеге асыру мақсатында 2014 жылға арналған іс-шаралар жоспары бекітілді. Сонымен қатар аумақтық инспекция "Нұр Отан” партиясымен "Табиғат қорғау заңнамасын бұзушылықпен және сыбайлас жемқорлықпен күрес жөніндегі бірлескен іс-шаралардың 2014 жылға арналған жоспарын” бекітті. Аталған жоспарға сәйкес инспекция қызметкерлері мен партия өкілдері бес рет бірлескен рейдтер ұйымдастырды. Осы рейдтің нәтижесінде "Айдарлы-Ботабай” тас жолының 19 шақырымында "ГАЗ” автокөлігіне, көлік иесі Сырдария ауданы Айдарлы аулының тұрғыны Н.Сейдахметов 1,9 текше метр, тағы да осы ауылдың тұрғыны М.Әлмаханов "УАЗ” автокөлігіне 0,5 текше метр сексеуіл тиеп алып келе жатқан жерінен ұсталды. Екі жағдайда да әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама толтырылды.

Жалпы "Нұр Отан” партиясының өкілдерінің қатысуымен инспекция қызметкерлеріне сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөнінде құқықтық оқу кеңестері өткізіліп тұрады. Өз кезегінде инспекция қызметкерлері атқарып отырған жұмыстарын мейлінше ашық жариялылықпен жүргізуге дағдыланған. Сондай-ақ, жергілікті ақпарат құралдары арқылы мекеменің сенім телефоны жарияланып, халықтың өтініш, пікірлеріне мезгілінде жауап беру үрдіске айналған.

– Әңгімеңізге рахмет.

 

Сұхбаттасқан

Айғали ҚАРАБАЛАЕВ.
ДӘУЛЕТ 18 қараша 2014 г. 5 148 0