ҚҰРАМА ЖЕМ ЗАУЫТЫ ЖЕЛТОҚСАНДА ІСКЕ ҚОСЫЛАДЫ

ҚҰРАМА ЖЕМ ЗАУЫТЫ ЖЕЛТОҚСАНДА ІСКЕ ҚОСЫЛАДЫ

Қызылорда облысында тәулігіне 80 тонна құрама жем өндіретін зауыт желтоқсан айында іске қосылмақ. Сенбі күні облыс әкімі Қырымбек Көшербаев «Жан Арай Жем» серіктестігі құрама жем өндіру зауытының құрылыс жұмысымен танысты.

Құрама жем өн­діретін зауыт іске қосылған кезде 48 жұмыс орны ашылады деп жоспарланып отыр. Зауыт құрылысымен та­ныстырған кәсіп­орын директоры Бақдәулет Махашев құрама жем зауыты салынып жатқан жер учаскесінде қосымша қуаттылығы 150 тонна күріш салысын өңдейтін «күріш ақтау» зауыты, шикізат және дайын өнімдер сақтайтын қоймалар, мұздатқыш камералар, автотаразы мен зертхана, қалталау цехы, ұн тарту диірмені мен макарон шығару өндірістері орналасатын ғимараттардың құрылыс жұмысы жүріп жатқанын айтты. Аталған өндірістерден шығатын дәнді дақыл қалдықтарын құрама жем шығаруға пайдаланатын болады.

ҚҰРАМА ЖЕМ ЗАУЫТЫ ЖЕЛТОҚСАНДА ІСКЕ ҚОСЫЛАДЫ– Кәсіпорынның құрал-жабдықтары мен құрылысына 375,9 миллион теңге жұмсалды. Сыртқы инфрақұрылым желілері – газ, су, кәріз және электр желілері жеткізілді. Қазіргі таңда зауытта Германиядан әкелінген жем шығаратын қондырғылар орнатылып, құрал-жабдықтарын электр желілеріне қосу жұмыстары жүргізілуде. Зауыт сағатына 5 тонна, жылына 30 мың тонна жем шығарады. Біз мал шаруашылығымен айналысатын аймақ кәсіпкерлері мен тұрғындарын жеммен қамтамасыз етпекпіз, – деді Бақдәулет Махашев.

Қазіргі таңда облыстың ауыл шаруашылығы саласында құрама жем өндіретін бірде-бір кәсіпорын жоқ. Осыдан-ақ мұндай кәсіпорынның облысқа қажеттілігін байқауға болады. Оның үстіне жыл сайын аймақта мал басы артып келеді.

Аймақ басшысы өңірде мал шаруашылығын дамытуда жемшөппен қамтамасыз етуге ерекше көңіл бөлу қажеттілігін айтып, іргелі кәсіпорын жұмысшыларына сәттілік тіледі.

 

Д.Сейітжанұлы.


ДӘУЛЕТ 18 қараша 2014 г. 1 332 0