« Сәуір 2025 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | 4 | 5 | 6 | |
7 | 8 | 9 | 10 | 11 | 12 | 13 |
14 | 15 | 16 | 17 | 18 | 19 | 20 |
21 | 22 | 23 | 24 | 25 | 26 | 27 |
28 | 29 | 30 |
өзін-өзі қаржыландыратын ауданға айналды
Сырдария ауданы облыс орталығына жақын қоныс тепкендіктен өңірде өндірістің барлық түрін өркендетуге мүмкіндік бар. Бүгінгі таңда Сырдария ауданы дотациясыз ауданға айналып отыр. Қазірдің өзінде ауданға бөлінетін субвенция көлемі үстіміздегі жылы 1,4 млрд. теңгеге азайтылған. Ауданда жеткілікті бюджетті қалыптастырудың барлық жағдайлары жасалуда. Өткен 8 айда жылдық табыс 100,3 пайызға орындалып, аудан бюджетіне 3,3 млрд. теңге қаржы жинақталған. Жылдың аяғына дейін тағы да 1,6 млрд. теңге қаржы түседі деген болжам бар. Бүгінде берекелі, келешегі кемел Сырдария ауданының жай-тыныс-тіршілігін толығырақ білу мақсатында аудан әкімі Ғанибек Қазантаевпен әңгімелескен едік.
– Сырдария ауданы – негізінен ауыл шаруашылықты аудан. Алтын күз келіп, егіс даласы еңбек дүбіріне бөленіп жатыр. Өткен жылы аудан диқандары Сыр аймағының көш басында болған еді, егіншілердің биылғы межесі қандай?
– Ауданға қарасты ауыл шаруашылығы құрылымдары биылғы жылы 29613 гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдарын орналастырды. Көктемгі егісті орналастыру кезінде кейбір шаруашылықтардың соңғы 4-5 жылда қордаланып қалған аяқ суға қарыздарын шешу мәселесі күн тәртібіне қойылып, біздің тікелей араласуымызбен бұл мәселелер дер кезінде шешімін тауып, биылғы жылы рекордтық көлемде, яғни 20 мыңнан астам гектарға Сыр салысы егілді. Ал, 788 гектар жерге егілген жаздық бидай толық жиналып, 6754 центнер астық қамбаға құйып алынды. Ауданымыздың экономикалық және әлеуметтік тұрғыда жақсаруына тікелей егін шаруашылығымен айналысатын "Мағжан және К”, "Мәді Қажы” жауапкершіліктері шектеулі серіктестіктері мен "Қызылдихан”, "Шаған Жер”, "Ақжарма және К” шаруа қожалықтары орасан зор үлес қосып келеді. Қазіргі таңда күріш дақылын жинау кесте бойынша жүргізілуде.
Облыс әкімінің бастамасымен келер жылдан бастап егілетін басым дақылдар көлемін әртараптандыруды қолға алмақпыз. Яғни, жоңышқа, мақсары, сүрлемдік және дәндік жүгері, бидай, картоп, көкөніс-бақша дақылдарының көлемін арттыру көзделуде. Сондай-ақ, егіске пайдаланатын суды және минералды тыңайтқыштарды үнемдеу мақсатында егістерді тамшылатып суғаруға бетбұрыс жасалып жатыр. Үкімет тарапынан субсидия ретінде берілетін қаржының еселеп артуы егіншілердің қызығушылығын арттыруда. Нақтылай айтар болсам, Қоғалыкөл ауылындағы 500 гектар жүгеріні, Бесарық ауылы округіндегі 10 гектар картоп, 5 гектар алма бақты, ал Ақжарма ауылындағы 30 гектар картоп, көкөніс, бақша дақылдарын тамшылатып суғару әдісімен егуді жоспарлап отырмыз. Сондай-ақ, Кеңес Үкіметі кезінде тек қана төрт түлік мал өсірген, яғни аяқ судың баруы қиын Іңкәрдария, Айдарлы, Аманкелді, Жетікөл ауылы тұрғындарын да осы технологиямен егіс егуге бет бұрғызуды назарға алып отырмыз.
– Өзіңізге мәлім, Елбасымыз ата кәсібіміз – мал шаруашылығын өркендетуге баса мән беруде. Төрт түлік мал басын көбейту ғана емес, олардан алынатын өнімдерді молайту, яғни өңдеу қажет. Осы тұрғыда аудан аумағында атқарылып жатқан жұмыстар жайлы айтсаңыз?
– Бүгінгі таңда аудандағы барлық шаруашылық санаттарында 29986 бас мүйізді ірі қара, 26551 бас қой мен ешкі, 11225 бас жылқы, 1190 бас түйе малы мен 5049 бас құс өсірілуде. Өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда мүйізді ірі қара 106,2 пайызға, уақ мал 100,4 пайызға, жылқы 114,8 пайызға, ал, түйе басы 109,3 пайызға көбейген. 2011-2014 жылдар аралығында "Сыбаға” бағдарламасы бойынша 850 бас мүйізді ірі қара малын сатып алу жоспарланса, бүгінгі күнге 1381 бас алынып, бұл көрсеткіш 162,4 пайызға орындалып отыр. Аудан аумағындағы 26 шаруашылық құрылымдары тікелей мал шаруашылығымен айналысуға бетбұрыс жасаған. Асыл тұқымды малдардың үлес салмағын арттыру және олардың өнімділігін қалпына келтіру, ұлғайту мақсатында отандық селекцияның асыл тұқымды өнімдерін сатып алу үшін мемлекет тарапынан қолдау көрсетілуде. Биылғы жылы осы жұмыстар жүргізілгені үшін ауданда 35172000 теңге субсидия игерілді.
"Сыбаға” бағдарламасы негізінде Тереңөзек кентіндегі "Жұмабаев Н” шаруа қожалығы 15, А.Тоқмағанбетов ауылындағы "Қара қоныс” шаруа қожалығы – 9,5, Шіркейлі ауылындағы "Ысамаддин” шаруа қожалығы – 10, Аманкелді ауылдық округіндегі "Құрманбеков Б” шаруа қожалығы 9,7 млн. теңге несие алып, асыл тұқымды аналық малдар мен бұқалар сатып алып, мал шаруашылығын өркендетуге күш салып жатыр. Бұл ет бағытындағы мал шаруашылығын дамыту үшін жасалып жатқан жұмыстардың бірі болып саналады.
Жетікөл елді мекеніндегі "Алиакбар-ата-агро” шаруа қожалығының мал бордақылау алаңында тәулігіне 1-1,5 тонна ет өндіретін мал сою алаңы жұмыс істеуде. Бұл шаруа қожалығы биылғы жылдың өзінде 332 бас мүйізді ірі қара малын бордақылап, 70 тонна ет өндірді. Сондай-ақ, Шіркейлі ауылындағы "Ысамаддин” шаруа қожалығы да мал бордақылау кешенін өткен жылы іске қосып, биылғы жылы 90 тонна ет өндірді. Өнімнің басым бөлігі мұнай өндіру кәсіпорындарына жөнелтілуде.
Аудан аумағында Елбасы тапсырмасына орай, мал шаруашылығын өркендетуді басты назарда ұстап отырмыз. Содан да "Құлан” бағдарламасы негізінде Іңкәрдария ауылындағы "Диас” пен Қоғалыкөл ауылындағы "Сейітбек” шаруа қожалықтары несие алып, жылқы өсіруге бет бұрса, Байманов Әбдіразақ есімді азамат "Жұмыспен қамту-2020” бағдарламасы аясында "Байқоңыр” әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясынан 15 млн. теңге несие грантына 250 бас асыл тұқымды қой алып, күтіп-баптауда.
– Шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту бағытында атқарылып жатқан жұмыс жайын білсек... Аудан тұрғындарын жұмыспен қамту бағытында да қозғалыс бар шығар?
– Аудан аумағында 1477 шағын және орта кәсіпкерлік субъектісі тіркелген, олардың 74-і заңды тұлға, 1403-і шаруа қожалықтары мен жеке кәсіпкерлер. Өткен жылмен салыстырғанда кәсіпкерлік субъектілері 105,1 пайызға өсіп отыр. Осы жылдың өткен тоғыз айында кәсіпкерлік субъектілері 582,5 млн. теңгенің өнімін өндірді.
Өткен жылдың желтоқсан айында бизнесті қолдау, инвестициялық ахуалды жақсарту мақсатында ауданда алғашқы болып "І Инвестициялық Бизнес Форум” өткіздік. Форумға шетелдік ғалымдар мен мұнай компаниясы басшылары, белгілі кәсіпкерлер, кәсіпкерлікті қолдау қорының өкілдері қатысып, 18 меморандумға қол қойылды. Яғни, форум ауыл шаруашылығына жаңа инвестиция тартуға мол мүмкіндік берді.
Аудан аумағында 2014-2015 жылдарға арналған шағын және орта бизнес жобаларын іске асыру шаралары жоспарлы жүргізілуде. Нақтылай айтар болсам, кент және ауылдық округтер бойынша 82 жоба бекітілген. Бүгінде осы жобалар негізінде наубайхана, тұрмыстық жиһаздар, қымыран өндіру, тігін ательесі, пластикалық терезе орнату, күріш өңдеу цехтары, барлығы 37 өндіріс орындары ашылып, жұмыстарын бастады. Сондай-ақ, алдағы жылы күйдірілген қыш зауыты, мал сою пункті, ет өнімдерін өңдейтін цех, құрылыс материалдарын шығаратын цехтар ашылады. Айтқандай, "Мағжан және К” ЖШС өңірлік Индустрияландыру картасы аясында сағатына 8 тонналық элиталық тұқым өндіретін Германияның "Петкус” тұқым тазалағыш агрегатын іске қосты.
Өңірлік Индустрияландыру картасына 3 жоба мақұлданса, осының 2 жобасы аудан аумағын абаттандыруға бағытталған. Жеке кәсіпкер Жүнісова "Батыс Еуропа – Батыс Қытай” халықаралық автокөлік дәлізі бойында орналасатын "В” санаты бойынша кешен салмақ. Жоба алдағы жылы іске асырылады деген болжам бар. Сондай-ақ, "Ақжарма 1” шаруа қожалығы да осы автокөлік дәлізі бойында жолаушыларға қызмет көрсету орталығын салады.
"Жұмыспен қамту-2020 жол картасы” бағдарламасының "Ауылда кәсіпкерлікті дамыту арқылы жұмыс орындарын құру және тірек ауылдарды дамыту” бағыты аясында кәсіпкерлер "Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры” АҚ мен "Байқоңыр” әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясынан қомақты несиелер алып, жаңа жұмыс орындарын ашып, жұмыссыздар қатарын күрт азайтуға өз үлестерін қосуда. Сондай-ақ, "Ақниет” бағдарламасы аясында "Лукойл” мұнай компаниясы да ауылдың тұрмыстық инфрақұрылымының жақсаруына, әлеуметтік осал топ арасында халықтың жұмыспен қамтылуына және өндірістік аймақтардың әлеуметтік-экономикалық дамуында ұзақмерзімді позитивтік өзгерістердің қалыптасуына көмек қолдарын созу үшін 6 номинация өткізіп, нәтижесінде өткен жылы – 24, ал биылғы жылы 33 қайтарымсыз грант иегерлері анықталды. Кәсіпкерлікті қолдау мен халықты тұрақты жұмыспен қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар жоспарлы түрде жүргізіле береді.
– Соңғы жылдары аудан аймағы абаттанып келеді. Құрылыс нысандары жарыса бой көтеруде. Елді мекендер келбетінде де өзгерістер жоқ емес...
– Дұрыс айтасыз. Аудан аумағында құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Биылғы жылы бірнеше ірі жобалар іске асты. Соның бірі де бірегейі 10 ірі елді мекендерді аудан орталығымен тікелей қосатын жаңа жол өткелі – көпір құрлысы пайдалануға берілді. Ал, кент орталығы мен ауылдарда бой көтерген нысандарды санамалап айту әсте мүмкін емес. Десе де, халық игілігіне ұсынылған бірқатар нысандарды назарларыңызға салайын. Биылғы жылы Тереңөзек кентінде ауысымына 250 адам қабылдайтын аудандық емхана құрылысы пайдалануға берілді. Сондай-ақ, Шаған ауылы мен кент орталығында спорт кешендері салынды. Н.Ілиясов ауылында ағымдағы жылы стадион құрылысын салуға облыстық бюджеттен 100 млн. теңге қаржы қаралса, "Абзал және К” толық серіктестігі де осы құрылысқа 110 млн. теңге бөліп отыр. Іңкәрдария мен С.Сейфуллин ауылдарында 150 орындық клуб үйлері, Шіркейлі ауылында дәрігерлік-амбулатория мен 600 орындық мектеп, Ақжарма ауылында спорттық-сауықтыру кешені, Қоғалыкөл ауылында 140 орындық балабақша құрылыстары да бой көтереді.
Аудан бойынша автокөлік жолдарының ұзындығы 421,4 шақырымды құрайды. Биылғы жылы аудандық маңызы бар жолдарды жөндеуге жергілікті бюджеттен 27,7 млн. қаржы қаралып, қазіргі таңда "Қызылорда жолдары” серіктестігі жөндеу жұмыстарын жүргізуде. Сондай-ақ, Тереңөзек кентінің 15 көшесін орташа жөндеуден өткізуге облыстық бюджеттен – 100, ал жергілікті бюджеттен 91,7 млн. теңге қаржы бөлініп, "Қыран” серіктестігі жөндеу жұмыстарын бастады. Ал, аудандық бюджеттен бөлінген 30 млн. теңгеге елді мекеннің ауылішілік жолдары да жөндеуден өткізілуде.
Өзіңіз айтқандай, елді мекендеріміз абаттанып келеді. Ақжарма, Бесарық ауылдары тіректі ауыл тізбесіне еніп отыр. Бұл ауылдардың әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсарту бағытында қыруар жобалар бар.
"Ақбұлақ” бағдарламасы бойынша Бесарық, Аманкелді, Ақжарма елді мекендері мен Тереңөзек кентінің ауыз су жүйелерін қайта құрылымдау және кеңейтуге республикалық және облыстық бюджеттен қыруар қаржы қаралып, жұмыстар жүргізілуде. Сондай-ақ, Шаған, Шіркейлі, Н.Ілиясов, Қоғалыкөл, Айдарлы елді мекендеріндегі тұтынушы тұрғын үйлеріне су желілері де жеткізіліп беріліп жатыр.
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні – алдымызда әлем бойынша дамыған 30 елдің қатарына ену міндеті тұр. Сол үшін жұдырықтай жұмыла жүріп, жасампаздықпен еңбек етіп, береке-бірлігімізді баянды етейік.
– Әңгімеңізге рахмет.
Сұхбаттасқан Еркін Әбіл.
Сырдария ауданы.
« Сәуір 2025 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | 4 | 5 | 6 | |
7 | 8 | 9 | 10 | 11 | 12 | 13 |
14 | 15 | 16 | 17 | 18 | 19 | 20 |
21 | 22 | 23 | 24 | 25 | 26 | 27 |
28 | 29 | 30 |