«ӨРЛЕУДЕГІ» ӨРЕЛІ ІС

Қазақстан Республикасының «Білім туралы» Заңында мектеп оқушыларының бойында адамгершілік және тұрмыс негіздерін қалыптастыру, Отансүйгіштікке тәрбиелеу және олардың ақыл-ой, танымдық шығармашылық қабілетін анықтау басты міндет екендігі айтылған. Сондықтан оқушы бойында адамгершілік, ізгілік, мейірімділік,ақыл-ой және танымдық сана-сезім қалыптастыратын тәрбиенің мазмұнын жаңаша құру көзделген.

Үшінші мыңжылдықтың басты ерекшелігі білім берудің қоғамдық дамуға әсерінің басымдығын белгілеу болып табылады. Демократиялық, зайырлы қоғамда білім беру қоғамдық, мемлекеттік және тұлғалық құндылық ретінде қарастырылып отыр. Осыған байланысты ұрпаққа білім беруде ең алдымен адам мен қоғамның ұзақмерзімді қажеттіліктері қаперге алынуы қажет. Оқушыларда функционалдық сауаттылықты қалыптастыру, оларды сыни түрде ойлауға бағыттау алдыңғы орынға қойылуда.

"Өрлеу” біліктілікті арттыру ұлттық орта­лығы” АҚ филиалы – облыстық педагог қызметкерлердің біліктілігін арттыру инс­ти­тутының ұйымдастыруымен "Өскелең ұрпақ­тың психологиялық денсаулығын сақтау мәсе­ле­леріндегі заманауи көзқарастар. Мектеп – ден­саулық – білім беру: нәтижелер мен даму бола­шағы” атты халықаралық семинар болып өтті.

Семинардың мақсаты – "Мәңгілік ел” идеясы аясында интеллектуалдық диалог негізінде үздіксіз білім беру жүйесіндегі психологиялық қызметті жетілдірудегі өзекті мәселелерді талқылау және оларды шешу жолдарын айқындау, өскелең ұрпақ денсаулығын сақтаудағы заманауи көзқарастарды талдау және тәжірибе алмасу. Ең бастысы психология ғылымдарының халықаралық деңгейдегі өкілдерінен ақпараттар алу.

Семинарды сөз сөйлеп ашқан институт директоры Бауыржан Елеусінов өткізіліп отырған шараның маңыздылығына тоқталды.

Бұдан соң семинарға арнайы шақырылған ғалымдар – Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің профессоры, психология ғылымдарының докторы Светлана Бердібаева "Қазақстандағы білім жүйесіндегі практикалық психологияның негізгі мәселелері және шетелдік тәжірибелер”, Халықаралық біліктілік арттыру ғылыми білім беру орталығының директоры, Лейпциг университетінің профессоры, психология докторы Алена Гарбер "Мектеп психологының жасөспірімдердің психологиялық денсаулығын сақтау жұмысындағы психо­диаг­нос­тикалық инструментариіне шолу” тақырыбында шеберлік сыныптарын өткізді.

Шараға қатысушылар өз ойларын ортаға салып, ұсыныстарын білдірді. Сондай-ақ, оларға арнайы халықаралық дәрежедегі сертификаттар табысталды.

Семинар соңында "Өрлеу” БАҰО” АҚ филиалы – облыс бойынша педагог қызметкерлердің біліктілігін арттыру институты мен Халықаралық біліктілік арттыру ғылыми-білім беру орталығы (Дуйсбург, Германия) арасында өзара ынтымақтастық туралы келісім-шартқа қол қойылды.

Бақтыбай БЕРДІБАЕВ.


ДӘУЛЕТ 11 қазан 2014 г. 841 0