Шаруасы ширақ “Шаған-Жер”

Шаруасы ширақ “Шаған-Жер”Сырдария ауданында облыстың агросаласындағы іргелі құрылым саналатын «Шаған - Жер», «Мәді Қажы», «Мағжан және К», «Абзал және К» серіктестіктері секілді көш бастап тұрған шаруашылықтар мол. Шаған ауылындағы "Шаған-Жер” серіктестігінің негізгі кәсібі күріш саласы. Осы кезге дейін ел қамбасына 2 миллион пұттан астам астық құйған шағандықтар күріш өсірудің майталман мамандарына айналған. Осындай ақмаржаны төгілген шаруашылықтар жайында облыс әкімі Қ.Көшербаев "Шаруашылықтар – ел асыраушысы” – деп баға берген еді.

Биыл «Шаған-Жер» серіктестігі 4779 гектарға ауыл шаруашылығы дақылдарын екті. Оның ішінде 3200 га күріш, 400 га жаздық бидай, 1179 га жоңышқа дақылдары бар. Ас атасы бидайдан 367 тонна өнім алса, мал азығына 1275 тонна жоңышқа жинап алды. Берекелі науқанда 3200 га күріш орылып, қазіргі кезде ысырапсыз жиналып жатыр. Күріш науқанын жылдағыдай ерте бітірудің қамында жүрген шаруашылық мамандары күні-түні күріштік басында жүр.

Егін жинау науқанына елуге жуық ауылшаруашылық көлігі жұмылдырылған. Оның ішінде үш «Кейс», жиырма «Енисей-1200», жаңадан әкелінген екі "Палессе” комбайнымен қатар 12-і «ЖВК-5» жаткасы, 18 тасымал көлігі мен 500-ге жуық жұмысшылар мен механизаторлар қызу еңбек майданында жүр.

"Шаған-Жер” ЖШС төр­­ағасы Бердібек Қадыров, "Шаруа­шы­лық­­та 8 бригада бар, онда 500-ге жуық жұ­мыс­шы нәпақасын айырып отыр. Былтыр 1-бри­гаданың жігіттері күзгі несібені ерте жинап әрі мол өнім алып, чемпион атанған еді, биыл №3-ші бригада жігіттерінен үміт мол. Шаруашылықтың маңдайалды бригадасы 30 мың центнер күріш береді деп жоспарлап отырмыз. Қалған 7 бригада 100 мың центнерден аса дәнді қамбаға құймақшы” – дейді.

№3 бригаданың бригадирі Сәндібек Ізбасов дала қосында бел шешпей шапқылап жүрген бей­неткеш жанның бі­­рі. Дақылды күзгі жауын-шашынға ұрындырмай жинап алуды мақсат еткен ол: "Біздің бригадада 650 га Сыр салысы себілді. Биылғы маусымға ар­­налып Белоруссиядан жаңа екі "Палессе” комбайны алынып, күніне 1000-1400 га күрішті бастырып тұр. Өнімділігі сол, жалғыз өзі 3 ком­­­байнның жұмы­сын істейді. Еңбек­­ті ұтымды пайда­ла­нуға осы дала тех­никасының күші көп көмегін тигізіп тұр”, – дейді бригада бас­шысы. Болашақта шаруашылыққа осындай тиімді техникалар көптеп алынбақ.

– Бірер күнде егінді толық жинап гектарынан 50-60 центнерден өнім алу көз­деліп отыр. Осы қызу тірліктің басы-қасында тынбай еңбектеніп жатқан механизаторлар А.Жанабаев, С.Шалбаев, М.Момынов, А.Еркесариев, М.Жақ­сылықов, О.Кәкімбетов, Қ.Бал­манов, Д.Сарыбеков, тасы­мал­даушылар Р.Ынтымақов, М.Құт­ты­­мұратов, И.Ералы, Е.Балық­баев, Р.Шын­сейітов, М.Тас­бергенов, С.Кәлменов, С.Тас­бергенов, Б.Жансейітов, май тасы­мал­дау­шылар Н.Тұйғынов, Е.Сматов­тардың ең­бектері ересен. Күріш­шілер гектарынан 45-65 цент­нерден өнім алып жатыр. Озат сушылар деп Б.Ақжігітова, Е.Әбілақов, А.Жанқуатов, А.Шәй­меновтерді атап өткім келіп отыр. Жөндеу шеберханасының токар­лары, аппаратшы-слесар­лар­дың, механик-инженерлердің де еңбектері орасан. Бригадирлер А.Сәдуов, М.Құттымұратов, С.Ізбасов, Н.Сматов, Қ.Есқалиев, С.Оспанов, Б.Қасымов, Е.Сәр­сен­баевтар, облыс пен ауданның жаткист чемпиондары С.Әуезов, Қ.Мырзаханов, Ө.Мәліков, С.Айт­баев, С.Қалмаханов, И.Бердиев, Г.Гайвародский, Ж.Әбілақов, Е.Еш­ма­ғамбетов, Ә.Кәкіметов, Н.Сматов, Б.Үсенғазиев, С.Әбжап­паровтар биыл да меже үдесінен шықсақ дейді. Шаруашылықтың ұйытқысы боп жүрген серіктестік директорының орынбасары Б.Жаңа­бергенов, агроном Ә.Серік­баев, қырман меңгерушісі Қ.Несіп­баев, Қ.Медетов сынды өз ісінің май­тал­мандары бар. Сондай-ақ, дала қосынының аспазшылары да мәртебеге ие жандар, – дейді шаруа­шылық басшысы Бердібек Қадыров.

Серіктестік тұрмысы төмен отбасыларын, аурухана мен балабақшаны азық-түлікпен қамтамасыз етуді мойындарына алған. Зейнеткерлер мен мүгедек жандардың да отын-суына қарасып тұрады. Былтыр Шіркейлі өзені бойынан жаяу жүргіншілер көпірі пайдалануға берілді. Бұл ауылдың қақ ортасын бөліп тұрған өзеннің екі жағында тұратын тұрғындардың бір-біріне қатынауына жақсы болды. Көпір Сырдария аудандық мәслихатының депутаты Бердібек Қадыровтың туған елге сыйы болды. Ауылда жаңадан салынған балабақша, спорт мектебі, ойын алаңы, көше асфальт­тары және құрылысы бітуге таяу жаңа мектеп, орталық аллея жұмыстарына халық қалаулысы ретінде оң ықпалын тигізіп отырған серіктестік төрағасы кез келген шараларға шаруашылық көмек қолын созып отырғанын жеткізді.

Шаған ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Зұлхарнай Тасбергенов: Күріш жинау маусымы басталғалы бері егінді ысырапсыз жинау мақсатында ауыл еңбеккерлері тынбай дала қосында жұмыс істеп жатыр. Қазіргі уақытта егін жинау маусымы аяқталып қалды. Биыл да былтырғы жылғыдай жақсы өнім береді деп күтіп отырмыз. Ауылымыз ауданнан кейінгі ең ірі елді мекен болғандықтан күннен күнге көркейіп өсіп келеді. Өйткені, мемлекет қолдауымен бірге "Шаған-Жер” серіктестігінің ауылға қосып жатқан үлесі зор. Елбасымыз Н.Назарбаев, облыс әкімі Қ.Көшербаев ауыл шаруашылығына баса мән беріп отыр. Бұрыңғы Аламесек ауылы, кейінгі миллионер Тереңөзек ауылы ізімен келе жатқан Шаған бұл күнде төрт құбыласы түгел келісті ауыл. Ауыл орталығында биыл көркейту, абаттандыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Шаруашылық ауыл халқына барынша қолдау білдіріп келеді.

Дербес зейнеткер Асарбек Тәуекелов:

Еліміз тәуелсіздік алғаннан бері ауылымыз өсіп, өркендеп жатыр. Күретамыр "Жібек жолы” беріліп, шағын кәсіпкерліктің шырайы кірді. Көшелеріміз көріктеніп, ауыл халқының тұрмыс-тіршілігі жақсарып келеді. Ауылда орталық аллея, арбат жасалып жатыр. Былтыр ауыл көшелері жөнделді. "Ақбұлақ” бағдарламасы арқылы тұрғын үйлердің барлығына су кіргізілді. Жаңадан салынып жатқан үшқабатты білім ордасы жақын арада пайдалануға беріледі деп күтіп отырмыз. Мұның барлығы Мемлекет басшысының ел-халқына деген сыйы десек, артық айтқандық емес.

Нұрбек ДӘУРЕНБЕКОВ.


ДӘУЛЕТ 11 қазан 2014 г. 1 746 0