ЖІБЕК ЖОЛЫНДАҒЫ ЖАУҺАРЛАР

ЖІБЕК  ЖОЛЫНДАҒЫ  ЖАУҺАРЛАРБүгінде қаламыз адам танымастай өзгерді. Зәулім ғимараттар бой түзеп,  көп жасыл тал-дарақ та көбейіп келе жатқаны қуантады. Қаланың басты көшелеріндегі көздің жауын алатын қызылды-жасылды гүлдер мен ұлттық нақыштағы бейнелер де осы соңғы жылдар жақсарды. 
Қаланың архитектуралық келбеті жаңарып, тарихи орындар қайта жаңғырған. Көгалды алаңдар, сансыз ғажап гүлдер аллеясы, сарқырама арнасы, тынығу жағажайлары, сәулетті үйлер мен көше бойына тізілген ағаштар қаланың көркін асқақтатып-ақ тұр.
Сондай-ақ, қаланың арнайы белгіленген аумақтарынан жаңадан сквер-аллеялар салынып жатыр. Ал, қаланың көркемдік-эстетикалық сәнін келтіру және келбетін жақсарту бағытында Жібек жолы көшесі бойына арнайы жасанды «гүл композициясы» қойылып, электр бағандарына гүл шарлары орнатылды.
– Қарағанды қаласынан қонаққа келдім. Осында үлкен қызым тұрады. Соңғы рет мұнда 2009 жылы келген болатынмын. Сол кездегі қала келбеті мен қазіргі кезін салыстыру мүмкін емес. Қызылорда шырайлы шаһарға айналып келеді екен. Қаншама жерін аралап шықтым, мұнтаздай таза көшелер, зәулім ғимараттар, түрлі мейрамханалар, заманауи үлгідегі сауда орындары бой көтеріпті. Тіпті жол жиегіндегі әсем гүлдер тынысыңды аша түскендей, барлығы керемет әсер қалдырады екен, – дейді алпысты еңсерген апамыз Тынымгүл Қуанышқызы.
Жібек жолы көшесінің бойында  қазақтың қара домбырасы гүлмен көмкеріліпті. Қошқар мүйіз, түйе табан секілді ою-өрнектерінен шағын жүйек қазып, жағалай қызылды жасылды гүлдер отырғызып ашарын аша түскен. Қасиетті қара шаңырақтың бейнесі де жол жиегінде орын тепкен. Мұның бәрі де қазақы құндылықтарымыздың айқын көрінісі. Гүлге толы шәйнек, кесе де қазақы дастарқанның бейнесін келтіргендей-ақ.
Қаланың көркейіп-көгалдануына өзіндік үлестерін қосып, гүлдермен жайнатып келе жатқан  "Зеленстрой”  ЖШС  компаниясы. Олар бұл іспен біршама жылдан бері  айналысып келеді. Мекеме  директоры  Қамбар Қозыбағаровтың айтуынша, қаланың Бөкейхан мен Жібек жолы көшелерінің бойына дейінгі аралықты гүлмен көмкеру, жас ағаш түптерін отырғызу, газондарды төсеумен қатар қаладағы барлық аллеяны көркейтумен осы мекеме  айналысады екен.   Мекемеде екi гектар жерге арнайы ағаш көшеттерін отырғызып, оларды алдын ала  өсіреді. Кейін қаланың белгілі жерлеріне оларды көшеттейді. Сондай-ақ, өңіріміздің климатына сәйкес келетін гүлдердің тұқымын Голландия елінен тапсырыспен алдырады. Содан арнайы теплицада өсіріп, кейін оны мекеме аулаларына, көше жиектеріне көшеттеп отырғызады.  Қазіргі кезде мұнда гүлдің петуния, тагец, осения, бархат, бракада түрлерін егуде. 
Ұлттық нақыштағы бейнелерді орнатумен айналысатын "Қызылорда көркем” ЖШС мердiгер мекемесi орталық көшелер мен Абай, Астана, Жібек жолы  даңғылы бойындағы жүзік, қара шаңырақ, домбыра сынды дүниелерді көп назарына ұсынып отыр.  Алдағы уақытта атқаратын жұмыс көп.
– Мәселен, осы айдың аяғына дейін халқымыздың ұлттық ойындары мен салт-дәстүрін суреттейтін дүниелерді орнатамыз. Атап айтар болсақ, қыз қуу, бәйге, аударыспақ, ұлттық киімдегі қазақ арулары, қасиетті жылқы және де ата-әженің бейнесімен қатар арнайы керуен көшін де құймалы пластмассадан жасап, белгіленген аумаққа қоямыз. Сонымен қатар, аркалық 30 қондырғы ұлттық нақыштағы ою-өрнектер ауыстырылатын болады, – дейді аталмыш мекеме директоры Жасұлан Жарасбаев.
 
Сара ҚОРҒАНБАЙҚЫЗЫ.
ДӘУЛЕТ 27 қыркүйек 2014 г. 1 621 0