« Сәуір 2025 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | 4 | 5 | 6 | |
7 | 8 | 9 | 10 | 11 | 12 | 13 |
14 | 15 | 16 | 17 | 18 | 19 | 20 |
21 | 22 | 23 | 24 | 25 | 26 | 27 |
28 | 29 | 30 |
Аралдың "ақ алтынының” қазыла бастағанына алдағы жылы 90 жыл толғалы отыр. Алғашында жұмыстың барлығы қолмен атқарылған. Оған құрылым мұражайындағы көне суреттерден көз жеткізуге болады. Тек отызыншы жылдардан бастап қана механизмдер қолданыла бастаған.
Еліміздегі ас тұзын өндіретін ірі өндіріс орны – "Аралтұз” акционерлік қоғамы халық арасында йод жетіспеушілігінің алдын алу мақсатында өткен ғасырдың жетпісінші жылдарынан бері қарай йодталған ас тұзын шығара бастаса, қазіргі таңда осы өнімді өндіретін республикадағы бірден-бір кәсіпорын саналады. Өнім сапасының жоғарылығына республикалық және халықаралық көрмелерден алған дипломдар дәлел бола алады.
"Жақсықылыш” тауының етегіне жарыса орын тепкен тоқсанға тарта көлден ай сайын 600 тоннаға дейін тұз қазып, бүкіл Кеңес Одағын сапалы ас тұзымен қамтамасыз етіп келген комбинатқа Одақтың тарауы экономикалық байланыстарда кедергі келтіріп, "Аралтұздың” адымын аштырмады. Өнім өндіру күрт қысқарып, оның көлемі 100 мың тоннаға дейін азайып кетті. Тек ғасырлар тоғысында ғана жағдай біршама қалыпқа түсе бастады.
2001-2003жылдар аралығында өндірісті қайта жабдықтау қолға алынып, жаңа технологиялармен толықты. Мұнда әсіресе, былтыр ауқымды жұмыстар атқарылды. Акционерлік қоғам өз қаражаты есебінен жаңа цех салды. Оған испан өндірісінің заманауи технологиялары сатып алынып, тамыз айында жаңартылған желі іске қосылды. Бұл өз кезегінде 125 жұмыс орнының ашылуына мүмкіндік туғызды. Сондай-ақ, тұз қалталау цехы да барынша жаңартылып, ондағы Санкт-Петербург қаласында шығарылған бес автомат өнім көлемін арттыруға себін тигізді.
Қазіргі таңда қос цехта 300 тоннаға дейін бірінші сұрыпты ас тұзы өндірілуде. Ол жаз айларында 500 тоннаға дейін жетіп жығылады. Жаңа цехта бір келілік пакеттегі ас тұзы, ал ескісінде сонымен бірге он, отыз, елу келілік қаптардағы ас және техникалық тұздар шығарылуда. Тағы бір өнім – бір тонналық техникалық тұз өз тұтынушыларына жөнелтілуде.
Сапалы ас тұзымен танымал "Аралтұз” акционерлік қоғамының ресми өткізушісі, яғни дистрибьютері "Сольтрест” ЖШС Ресей мемлекетінің ірі "Магнит” сауда жүйесімен келісім-шарт жасады. Серіктестік Ресейдің өндірістік тобы бас кеңсесімен келісімге келген алғашқы қазақстандық жеткізуші компания болып табылады. Былтырғы тамыз айында қол жеткен бұл уағдаластық бойынша олар 2018 жылға дейін 50 мың тонна йодталған ас тұзын көршілес елге жеткізіп отырады.
"Магнит” мемлекеттік мекеме саналады. Оған келісім ұзақ жүргізілсе де, "Казnex Invest” компаниясымен бірлесіп қол жеткізілген. "Магниттің” 4 мыңға жуық сауда нүктелері бар көрінеді. Кәсіпорын өнімдері негізінен Ресей мемлекетіне жөнелтіледі. Нақтыласақ, көршілес елге айына 6400 тонна бәсекелестікке төтеп бере алатын өнімдер жөнелтілуде десек, Қырғызстан еліне мың жарым тонна сапалы ас тұзы жіберіледі. Одан қалды еліміздің барлық өңірлері Аралдың "ақ алтынының” игілігін көруде.
Биыл "Аралтұз” акционерлік қоғамында "Техникалық және ас тұзын өндіру” өндірісін жаңғырту жобасы қолға алынған болатын. Аталмыш жоба тұз өндіру бойынша өндірісті ұлғайтуға бағытталған. Жоба құны1,5 млрд. теңгені құрайды делінгенмен, қажетті жұмыстарды атқару үшін қосымша 600 млн. теңге қаржы жұмсалуына орай бүгінгі күні жобаға салынған жалпы инвестиция көлемі 2,1 млрд. теңгені құрап отыр. Кәсіпорынға тұз өндіруге арналған құрал-жабдықтар шығарудан дүние жүзінде көшбасшы саналатын Испан мемлекетінің "Construcciones Mecanicas J.SERRA, S.A.” компаниясының заманауи құрылғылары алынған. Ол алдағы айда іске қосылады деп күтілуде.
Атап өту қажет, жаңа зауыт іске қосылғанға дейін кәсіпорын жылына 120 мың тонна тұз өңдеп шығарған десек, оның 80 мың тоннасы ас тұзы да, қалғаны техникалық тұз. Қазіргі таңда өндіріс қуаттылығы 1,6 есеге ұлғайып, 213 мың тоннаға жеткен. Бұның 147 мың тоннасы ас тұзы, 66 мыңы техникалық тұз. Жоба бойынша 343 жаңа жұмыс орнын құру көзделген. Кеншілердің орташа айлық жалақысы 50 мың теңге шамасында. Биыл жұмысшылардың жалақысы он пайыздан екі рет жоғарылатылыпты.
Бақтыбай БЕРДІБАЕВ.
« Сәуір 2025 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | 4 | 5 | 6 | |
7 | 8 | 9 | 10 | 11 | 12 | 13 |
14 | 15 | 16 | 17 | 18 | 19 | 20 |
21 | 22 | 23 | 24 | 25 | 26 | 27 |
28 | 29 | 30 |