БЕЛОРУССИЯДАН МЫҢ ЖАРЫМ ТРАКТОР ӘКЕЛГЕН ЖІГІТ

Өткен жылы зейнетке шыққан, кезінде Қазалы аудандық "Казсельхозтехника” бірлестігінің басшысы болған Мұратбай Сәлімов арнайы келіп, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасына ардагер ретінде есепке алуын өтінді.

 

Есіме мен қызмет істеген жыл­дары әкесі Сәлімнің халықтың аты­нан Қазалы ауданы, Бозкөл кең­шарына мектеп, жол, ауыз су, тағы басқа жағдайларын айтып, осы мә­селені шешіп беруін сұрағаны есіме түсті.

Сәлім Бектұрғанов 1912 жылы туған, кезінде ферма басқарушысы болған, менің әкемнің құрдасы еді. Ала жіпті аттамаған, халық үшін туған, нағыз еңбектің адамы болатын. Бозкөл ауылында сол кісінің атымен "Сәлім ферма” атты мекен бар.

Міне, маған келіп отырған, сол кісінің баласы – Мұратбай Сәлімов.

– Мұратбай арызың орындалады, сен басқарған мекеме кезінде облыстық агроөндірістік комитеттің құрамына кірді. Сені халық Беларусь Республикасынан 1426 дана "Беларусь” тракторын алып келгеніңді айтады, осы рас па? Қазір кейбір шаруа қожалықтарында бірде-бір трактор жоқ, бар болса да ескі. Осыны қалай алдың, егер рас болса, мынауың нағыз ерлік қой, – дедім.

Мұратбай ойланып отырды да, сырт киімін шешіп, бұл ұзақ әңгіме, кеңес үкіметінің енді тараған кезі, елде дағдарыс, аудандағы шаруашылықтардың жағдайлары қиындап кеткен еді, деп бастады әңгімесін.

– Айта бер, асықпа! Сенен тәжірибе алайық. Беларусь Респуб­ликасы 1990 жылғы Қазақстанмен ке­лісіміне сәйкес 1426 дана "Беларусь” тракторын беруге тиіс болатын. Алайда, Кеңес Одағының тарауына байланысты бұрынғы келісім-шарт орындалмады. Ауданда 1990-1991 жылғы қыс айларында қиыншылық жағдайлар болды, мал азығының және техниканың жетіспеуі көп кедергілерге әкеліп соқтырды. Сол кездегі егеменді еліміздің бірінші Премьер-Министрі Ұ.Қараманов министрлерге Қазалы ауданына көмек беру туралы арнайы тапсырма берді. Сол жиналысқа облыстық атқару комитетінің төрағасы В.А.Брын­кин Қазалы ауданы партия комитетінің бірінші хатшысы Ж.Шәріпов қатысты. Қараманов ағамыз Беларуссияға біздің адам жіберуімізді, егер тракторларды Қазақстанға жөнелте алса, Қазалы ауданына мол мөлшерде бөлінетінін айтты. Сонымен, тапсырмаға байла­нысты тәуекелге бел буып, барлық құжаттарды алып, "Беларуссия қайдасың?” деп жолға шықтым.

Жолсапарым Мәскеу арқылы жүру керек болып, "Чистые пру­ды” метросы аялдамасының жа­ны­на жақын, Қазақстанның Ресей­дегі елшілігінің қонақжайына орна­лас­тым.

Елшілікте құдам Иса Әлиев қыз­мет жасайтын. Байқаймын бә­рі асығыс шаруамен жүр, сұрап едім еліміздің Орталық партия Ко­митетінің бірінші хатшысы Нұр­сұлтан Назарбаев жұмыс сапа­рымен келеді екен. Иса маған кү­туге барасың ба? – деді, мен баратынымды айттым. Күтіп ал­ған соң Н.Назарбаев түстен кейін үлкен конференц-залға бүкіл қыз­меткерлерді және қонақ үйдегі қонақтарды жинап, қысқаша ел өміріндегі жағдайларға тоқталды. Мен іштей ел ағасымен кездесу қа­лай болар екен деп толқу үстінде болдым.

Кездесу біткеннен кейін, өзінің жазған "Без правых и левых” кітабына қолтаңбасын қойып, кездесушілерге таратты. Маған да сол кітаптың біреуін ұсынғанда қуанышым қойныма сыймай кетті.

Ертеңіне Беларуссияға келдім. Ол кезде Беларуссия Министрлер кабинетінің төрағасы В.Ф.Кебич, орынбасары М.Мясникович бола­тын. Жоспарлау комитетінен бастап, оншақты министрліктің келісімін алу керек болды, осы келісімді аламын дегенше бір айдай уақытым кетті.

Ақыры келісімді алдым. Енді не істеймін ақылдасайын деп облыс, аудан басшыларына хабарласып едім, ешкімді таба алмадым. Сосын Үкімет байланысы арқылы аудандық ауыл шаруашылығы бас­қармасының басшысы Оралбаев Ұзақпен сөйлесуімнің сәті түсті.

– Ал, 1500-дей тракторды бөлу туралы Үкімет шешімін алдың, әрі қарай айта бер!

Ол кез қиын кез еді, Минс­кінің орталық көшелерінде күн­де топталған адамдар, демонстра­ция­лар болып жатты.

Сонымен, қолыма Үкімет шешімін алып, Алматыға тіке ұшып, Қазақстан Үкіметінің басшысы Ұ.Қарамановқа Қазақстанға 1426 трактор бөлінгенін баяндадым.

Премьер ағамыз алғысын айтып болғаннан кейін, осы жұмысты өзің бастадың, өзің әкелуің керек деді. Мен ол жақта 40 күндей уақыт болғанымды айтып едім, онымнан ешнәрсе шықпады, онда әр облыстан өкілдер жіберуін өтіндім. Ол өтінішім қабылданды.

Ертеңіне Қазақстан Республи­касы Ауыл шаруашылығы министрі Двуреченскийге барып, облыстарға тракторларды бөліп беруін, оның ішінде Қызылорда облысы Қазалы ауданына 100 тракторды бөлуді сұрап, Премьер-Министрдің қол қойған қағазын көрсетіп едім, он­дай көп мөлшерде бөлінбейтінін айтты. Ол да көп әңгіме. Ақырында В.Двуреченский Қарамановтың тап­сыр­масымен амалсыздан 100 дана трактор бөлді. Жалпы, Қызылорда облысына 160 трактор бөлінді.

Қайтадан Минскіге барып, тракторларды вагондарға тиеттім, – деді Мұратбай сөзін аяқтап.

Иә, бұл сөзсіз сол кездегі атқарылған үлкен жұмыс еді. Со­ның арқасында аудан, облыс ша­руашылықтарының еңсесі көтері­ліп қалды.

Нұрлыбай ҰЛЫҚБАНҰЛЫ,

Қазақстанның құрметті құрылысшысы, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы ардагерлер кеңесінің төрағасы.


ДӘУЛЕТ 19 тамыз 2014 г. 919 0