Өздеріңізге мәлім, Елбасымыз биылғы Жолдауында: «Ауыл шаруашылығын, әсіресе, ауыл шаруашылығы өніміне өсіп отырған жаһандық сұраныс жағдайында ауқымды жаңғырту қажет.
...Мен агроөнеркәсіптік кешеннің алдына – экологиялық таза өндіріс саласындағы жаһандық ойыншы болу міндетін қоямын» деген болатын.
Осы орайда Сыр елінің егінші-механизаторлары биылғы жылы бұрын-соңды болмаған алтын дәннен тау тұрғызып, ел-халық несібесін молайтуға сүбелі үлестерін қосты. Аймақтың басты дақылы – күрішке облыс басшысының қолдауы істің оң шешімін тауып, өркен жаюына ықпал еткені анық. Осыған орай аймақта күріш консорциумы құрылып, бағалы дақылды егудің бір гектарына берілетін субсидия көлемі 18 мың теңгеден 25 мың теңгеге өсті. Күріштің әрбір келісін 40 теңгеден кем қабылдамауға талап қойылды. Осы сала бойынша тағы бір құптарлық іс ондаған жылдар бойы тұралап тұрған Жалағаш ауданындағы астық элеваторы іске қосылды.
Кезінде алпауыттай болған астық элеваторын «Агрохолдинг Байқоңыр» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі меншігіне алды. Бүгінде элеваторға Жалағаш, Жаңақорған, Қармақшы, Сырдария ауданы егіншілері өз өнімдерін тапсыруда. Алдағы уақытта қалған аудандардағы шаруашылық иелері де элеваторға Сыр салысын өткізуге сұраныс жасауда екен. Бүгінге дейін 2700 тонна күріш қабылдаған элеватор оның әр келісін 40 теңгеден алуда.
Элеватордағы күріш ақтайтын диірмен де іске қосылған. Қоймаға құйылған 1700 тонна күріш ақталып, шаруашылық иелеріне қайтарылып берілуде.
– Бүгінде, – дейді элеватор басшысы, – біздің өндіріс орнымызда 70 адам жұмысқа тартылған. Келешек элеватордың материалдық-техникалық жағдайын жақсартып, толықтай іске қоспақпыз. Сол уақытта 40 мың тонна Сыр маржанын қабылдап, тағы да 140-150 адамды жұмысқа тартпақпыз. Бұл – ертеңгі күннің болжамы.
Е.АҚҚАЛИҰЛЫ.
Жалағаш ауданы.