ӨҢДЕУ ӨНЕРКӘСІБІ

ӨҢДЕУ ӨНЕРКӘСІБІ
дамуымыздың өзегіне айналды

2014 жылдың бірінші жартыжылдығы қорытындыланды. Аймақ экономикасының бірқатар салаларында ілгері басушылықтың орын алғаны байқалады. Сонымен, біз қандай оңды нәтижелерге қол жеткіздік? Шешуін күткен проблемалар ауқымы қандай? Газет тілшісінің облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Сәуле Құлымбетовамен әңгімесіне осы мәселелер өзек болады.

– Сәуле Ибрагимқызы, сұхбатымыздың алғашқы сауалын мына мәселеден бастағанды жөн көріп отырмын. Көпшілікке мәлім, облыс экономикасының негізгі саласын өнеркәсіп құрайды. Ал оның ішінде тау-кен өндірісінің, мұнай кәсіпшілігінің үлес салмағы басым. Бұл сала біздің есептеуіміз бойынша облыс бюджетіне түсетін салықтар мен алымдардың 85-90 пайызын қамтамасыз етеді. Осыған орай, таяу болашақта біз өнеркәсіптің өңдеу саласын өркендетуге басымдық беруіміз қажеттігі айқындалып отыр. Себебі өңдеу өнеркәсібі қосылған құны жоғары өнім өндіріп, бюджетке қосымша табыс әкеледі. Бұл бағытта қандай шаралар қолға алынып жатыр? Алғашқы қадамдар туралы не айтар едіңіз?

– Бұл мәселе өзекті. Облыс әкімі аймақ экономикасының өсуін қамтамасыз ету, облыс халқының әл-ауқатын жақсарту мақсатында өзінің 2020 жылға дейінгі Іс-қимыл жоспарын бекітіп, онда аймақ экономикасын дамытудың басым бағытының бірі ретінде өнеркәсіп өндірісін әртараптандыру қажеттігін атап көрсеткен болатын.

Соның бірі, өңірлік экономиканың тірегі – металлургиялық кешен құру жоспарланып, бұл бағыттағы алғашқы қадамдар басталып та кетті. 2014 жылдың 4 маусымында өткен ҚР Президентінің жанындағы кен-металлургия саласы, қатты пайдалы қазбалар бойынша геология және жер қойнауын пайдалану жөніндегі Кеңес отырысында Қызылорда облысында кен-металлургия кешенін дамыту туралы Жол картасы мақұлданды.

Осы Жол картасы шеңберінде ванадий кен орнын дамытуға бірден-бір ықпал ететін Қызылорда қаласында ферроқорытпа зауытын салу жоспарланып, қазіргі таңда инвестициялық әріп­тес анықталды. Зауыт құрылысының техникалық-экономикалық негіздемесі әзірленді. Жыл аяғына дейін зауыттың құрылысын бастау жоспарлануда.

Ал, Шалқия кен орнының жұмысын жаңғырту мақсатында ҚР Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі «Шалқия Цинк ЛТД» АҚ-ның 100 пайыз акциясын иелігінен шығарып, «Самұрық-Қазына ФНБ» АҚ-ның пайдасына беруге шешім қабылдады. Қазіргі таңда «ШалқияЦинк ЛТД» АҚ негізгі қорларына аудиторлар қар­жылық, салықтық және құқықтық сараптама жасау жұмыстары аяқталып, Шалқия кен орнын іске қосуға дайындау үшін бірінші кезектегі объектілерді жөндеу-қайта қалпына келтіру жұмыстары басталды.

Сонымен бірге, Қызылорда қала­сында табақша әйнек шығару зауыты құрылысын бастау бойынша жұмыстар жүргізілуде. Зауыт құрылысы ағымдағы жылдың тамыз айында басталады деп күтілуде.

Облыстың өндірістік индустриясын дамыту үшін жұмыс жасап тұрған өндірістерді кеңейту жұмыстары да жүргізілуде.

Атап айтқанда, «Техникалық және ас тұзын өндіру өндірісін жаңғырту» жобасы іске асырылуда. Жоба тұз өн­діру бойынша өндірісті кеңейтуге ба­ғыт­талған (200 мың тоннаға дейін жет­кізу). Жоба құны – 1,5 млрд. теңге. Кәсіпорын 2014 жылғы екінші жар­ты­жылдығында іске қосылатын болады.

Ағымдағы жылы жалпы құны 500 млн.теңгені құрайтын «Химиялық реагенттер өндірісінің көлемін ұлғайту жобасы» іске қосылды. Компанияның өндіретін химиялық реагенттер мұнай құбырларындағы қақты алып түсуде тиімділігі өте жоғары. Аталған хи­миялық реагенттерді пайда­лан­ған­да құбырларға коррозия­лық әсер болмайды. Қазіргі таңда, «СНПС Айдан мұнай» АҚ және «ПетроКазахстанқұмкөлРесорсиз» АҚ мұнай компанияларымен химиялық реагенттерді сату бойынша келісім-шарт жасалды.

Сонымен қатар, Шиелі ауданында «Шиелі тас Оңтүстік» ЖШС-мен әк шығару зауытын іске қосу жоспарлануда.

Өндірістік индустрияны дамытуда аймақтың шикізаттық әлеуетін толығымен пайдалану мақсатында облыс аумағында орналасқан қатты пайдалы қазбаларды игеру үшін «Байқоңыр» ӘКК» ҰК» АҚ-мен инвестиция тарту бойынша белсенді жұмыстар жүргізілуде.

Қазіргі таңда, Қазақстан Респуб­ли­касының Индустрия және жаңа технологиялар ми­нистрлігімен «Байқоңыр» ӘКК» ҰК» АҚ-ның стра­те­гиялық әріптестеріне облыс ау­мағында орналасқан Ақжар, Қоскөл, Иірқұдық, Мыңқұдық, Домба және Дарбаза мыс кен учаскелеріне, Талды-Еспе, Құтанбұлақ темір кен учаскелеріне және Сырдария алаңындағы қорғасын, мырыш кен учаскелеріне біріккен барлау және өндіру жүргізуге жер қойнауын пайдалану құқығы табысталды.

Оның ішінен Ақжар, Қоскөл және Домба мыс кен учаскелеріне – «ТОТО «Group» ЖШС-ның, Талды-Еспе және Құтанбұлақ темір кен учаскелеріне әріптес «Ferrum-Vtor» ЖШС-ның және Сырдария алаңындағы қорғасын, мырыш кен учаскелеріне «ҚазЖерқойнауыРесурс» ЖШС-ның өз қаражаттары есебінен инвестиция салу межеленуде.

Қазіргі таңда «Байқоңыр» ӘКК» ҰК» АҚ стратегиялық әріптестерімен жер қойнауын пайдалануға арналған келісім-шарттарды жасасу бойынша жұмыстар жүргізілуде.

– Облыс экономикасына өзіндік үлес қосатын саланың бірі агроөнеркәсіп кешені. Елбасының тапсырмасына сәйкес, ауыл өн­дірісі өнімдерін экспортқа шы­ғару күн тәртібінде тұрған өзекті мәселе. Осыған орай, ауылшаруашылығына мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдаудың жай-жапсары туралы не айтасыз? Мал өнімдерінің өнімділігін арттыру жағдайы қалай?

– Агроөнеркәсіп кешенін дамытуда басым бағыттар ретінде жаңа технологияларды қолдануға және күріш кластерін дамытуға басымдық берілді. Саланы қолдауға мемлекет тарапынан 6,7 млрд. теңге қаржы бөлініп, өткен жылмен салыстырғанда 22 пайызға артты. Алғашқы жартыжылдықта 8,4 млрд.теңгенің ауыл шаруашылығы өнімдері өндіріліп, былтырғы жылдың осы мерзімімен салыстырғанда 4,7 пайызға артты.

Биылғы жылы облыстың барлық шаруашылық құрылымдары 161,4 мың гектарға ауыл шаруашылығы дақылдарын орналастырды. Негізгі дақыл – күріш егісі 81,2 мың гектарға орналастырылды, бұл өткен жылмен салыстырғанда 7,3 мың гектарға артық. Облыстың күріш өндірісімен айналысатын шаруашылықтарына жүйелі түрде қолдау көрсету мақсатында құрылған «Байқоңыр» ӘКК» АҚ жанындағы «Агрохолдинг Байқоңыр» ЖШС тиісті инфрақұрылыммен қамтамасыз етілді.

Бұрын күріш салысының килограмын 25-30 теңгеден өткізіп келген шаруашылықтар өткен жылы килограмын 40-тан теңгеден өткізуге мүмкіндік алған болса, биылғы жылы 50 теңгеден белгіленіп, оған 772,4 млн. теңге қаржы бөлініп, 40-тан астам шаруашылықпен жұмыстар жүргізілуде.

«Ірі қара мал етінің экспорттық әлеуе­тін дамыту» жобасы аясында «ҚазАгро» ҰБХ» АҚ арқылы 25 шаруашылық 200,9 млн. теңге несиеге 1198 бас сиыр сатып алынды немесе жылдық жоспар 70,5 пайызға орындалды.

Облыс көлемінде отандық асыл тұқымды ет бағытындағы мүйізді ірі қарадан 2 репродуктор шаруашылық ұйымдастырылды. Сонымен бірге, мал шаруашылығын ғылыми негізде дамыту қолға алынды. Еліміздің алдыңғы қатарлы ғылыми орталықтарымен инновациялық жобалар бойынша мал тұқымын асылдандыру бойынша селекциялық жұмыстарды жетілдіруге, қазақтың ақ бас сиырының және еділбай қойының селекциясын жүргізуге нақты келісім жасалып, жұмыстар жүргізілуде.

Облыстың азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында салада бірқатар инвестициялық жобалар жүзеге асырылуда. Жыл соңына дейін жалпы құны 1,8 млрд. теңгені құрайтын 9 жобаны іске қосу жоспарланып отыр. Оның ішінде қуаттылығы тәулігіне 80 тонна құрама жем өндіру зауыты, сүт өңдеу цехы, 1200 бас МІҚ-ға арналған 3 мал бордақылау алаңы, күріш ақтау цехтары және жалпы көлемі 5,5 га құрайтын 120 жылыжай құрылысы іске қосылады.

Облыс әкімінің тікелей қолдауымен әлеуметтік маңызды тауар түрлерінің бағаларын тұрақтандыру мақсатында «Байқоңыр» ӘКК ҰҚ АҚ-мен маңызды тамақ өнімдерінің тұрақтандыру қорын қалыптастыру, әлеуметтік дүкендер желісін дамыту бағытында да ауқымды жұмыстар атқарылып жатқанын атап өткім келеді.

– Соңғы жылдары облыста құрылыс ерекше қарқын ала бас­тады. Салаға тартылған инвес­тиция көлемі ұлғайып келеді. Бұл орайда халықаралық деңгейдегі инвестициялық форумдардың тиімділігі болғанын атап көрсету маңызды. Құрылысқа, инфрақұрылымдарға тартылған инвестиция барысына тоқталып өтсеңіз. Облыстың елді мекендерін газдандыру, ауыз сумен қамтамасыз ету жобалары бойынша қандай жұмыстар атқарылды?

– Үстіміздегі жылы облыс аумағынан өтетін «Батыс Еуропа - Батыс Қытай» автожолының, «Бейнеу-Бозой-Шымкент» магистральды газ құбырының, «Жезқазған-Сексеуіл» темір жолы телімінің құрылыстары аяқ­талуына байланысты құрылыс жұмыс­тары негізгі капиталға тартылған инвестициялар көлемінің төмендеу сипатына қарамастан, 6 айдың қорытын­дысымен негізгі капиталға тартылған инвестициялар көлемі 109,5 млрд.теңгені құрады.

Сонымен қатар, биылғы жылы облыста Сырдария өзені арқылы өтетін көпір құрылысы, Қорқыт ата әуежайына жолаушылар терминалының құрылысы басталады.

Облыстың инвестициялық тартым­дылығын арттыру мақсатында облысымызда халықаралық деңгейде бизнес-форумдар өткізілуде. Соның бірі – ағымдағы жылдың сәуір айында өткізілген «Байқоңыр – 3» инвестициялық форумы аясында 4 Меморандумға қол қойылды.

2014 жылдың қаңтар-маусым айларында 121,7 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді немесе 2013 жылдың тиісті кезеңіне 111,8 пайызды құрайды. Облыс бойынша ағымдағы жылы барлығы 836 пәтерлік 101 тұрғын үйдің құрылысын жүргізу жоспарланған болса, маусым айының өзінде оның 2-нің құрылысы аяқталды.

Соңғы жылдары көлік инфра­құрылымын дамытуға баса назар аударылуда. Биылғы жылы да облыстық, аудандық маңызы бар автомобиль жолдарын және елді мекен көшелеріне құрылыс, қайта жаңғырту, күрделі, орташа, ағымдағы жөндеу, жоба-сметалық құжаттамалар және техникалық-экономикалық негіздемелер әзірлеу жұмыстарына республикалық және жергілікті бюджеттен барлығы 10,2 млрд. теңге бөлініп, есепті кезеңде оның 4,7 млрд. теңгесі игерілді.

Облыстық маңызы бар «Самара-Шымкент-Тереңөзек» автомобиль жолының 15 шақырымында Сырдария өзеніне көпір құрылысын жалғастыруға 761 млн. теңге бөлініп, 534,9 млн. теңгесі немесе 70,3 пайызы игерілді.

Облыста электр жүйелері қондырғыларын жаңарту бағытында көптеген жобалар жүзеге асырылуда. Бұл халықтың тұрмыстық деңгейіне, көңіл-күйіне әсер ететін маңызды саланың жұмысын жақсартуға көп әсерін тигізеді деп ойлаймын.

Газдандыру бойынша 2014-2016 жылдар аралығында 21 елді мекенді газбен қамтамасыз ету межеленіп, облыс халқының 70 пайызын газбен қамтуға қол жеткізілу жоспарлануда. Осы мақсатта 2013 жылы 5 техникалық-экономикалық негіздемені және 10 жоба-сметалық құжаттаманы әзірлеу үшін облыстық бюджеттен 569,5 млн. теңге бөлінсе, бүгінгі күнге 4 техникалық-экономикалық негіздеме және 3 жоба-сметалық құжаттама әзірленіп, мемлекеттік сараптама қорытындысы алынды.

Сондай-ақ, Қызылорда облысының әкімдігі мен «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ арасында жасалған Меморандумға сәйкес ағымдағы жылы барлығы 23 млрд. теңгеге 4 аудан орталықтарына (Арал қаласы, Әйтеке би, Шиелі және Жаңақорған кенттері) және Байқоңыр қаласына автоматтандырылған газ тарату стансаларының құрылысы мен кварталішілік газ құбырларының құрылысын салу жоспарлануда.

Сонымен бірге, Өңірлік даму министрлігімен атқарылған жұмыстар нәтижесінде, 2014-2015 жылдар аралығында Қызылорда қаласының Қызылжарма ауылдық округін және Тасбөгет кентін газдандыру үшін, 2014 жылға республикалық бюджеттен 1,2 млрд. теңге қаржы бөлініп, бүгінгі күні құрылыс жұмыстары жүргізілуде.

«Ақбұлақ» бағдарламасы бойынша ауыз сумен қамтамасыз етуге 2014 жылы барлық қаржы көздерінен 7970,7 млн. теңге бөлінді.

Жалпы алғанда, 2014 жылы Бағ­дар­лама шеңберінде 10 жобаның құры­лысын аяқтап, пайдалануға беру жоспарланып отыр. Бұл жобалар іске асырылғанда 50 шақырым ауыз су жүйелері жаңғыртылып, 1790 дана су есептегіштері пайдалануға беріледі. Бүгінгі күні оның 29 шақырымы жаңғыртылды.

«Қызылжарма» жерасты су қорын игеру бойынша 1 кезеңде 85 скважинаны бұрғылау жоспарланса, оның 21 скважинасы 2013 жылы, ағымдағы жылдың 6 айында 17 скважинасы бұрғыланды.

Қорыта айтқанда, облыс әкімінің өңірді 2020 жылға дейін дамыту стратегиясында көзделген міндеттер кезең-кезеңмен жүзеге асырылып жатқанын, бұл аймақ халқының өмір сапасын жақсартуға елеулі ықпал жасайтынын атап өткім келеді.

Әңгімелескен

Жолдасбек АҚСАҚАЛҰЛЫ.
ДӘУЛЕТ 09 тамыз 2014 г. 927 0