СОЛ ЖАҒАЛАУДЫҢ ҚҰРЫЛЫСЫ ШЫҒЫСТЫҚ СӘУЛЕТІМЕН ЕРЕКШЕЛЕНБЕК

Биылғы жылы қаланың бекітілген бас жоспарына сәйкес Сырдария өзенінің сол жағалауын игеру жұмыстары басталды. Келер жылдан бастап бұл аумақта негізгі деген құрылыс нысандары бой көтере бастайды. Бұл жөнінде Шығармашылық үйінің облыстық коммуникациялар орталығында журналистермен жүздескен облыстық сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Сейілхан Тойбазаров айтып берді.

Сейілхан Сыдықұлы облыста қала құрылысын дамытудың өңірлік бағдарламасы қабылданып, бірқатар шаралардың жүзеге асырылғанын атап өтті. Біздің облыс республика бойынша бірінші болып барлық елді мекендердің бас жоспарлары мен даму сызбаларын әзірлеп, қолданысқа енгізуге қол жеткізді. Осы мақсатқа облыстық бюджеттен 400 млн. теңге қаржы бөлінді. Негізі сәулет және қала құрылысы саласы кез келген мемлекеттің алға дамудағы қозғаушы күші, жетекші саласы болып есептеледі. Осы жайтты ескерген облыс әкімі бұл салаға көп қолдау көрсетіп келеді. Енді алдағы уақытта қандай елді мекенде болмасын салынатын нысандар жобасында ұлттық және шығыс архитектурасын кеңінен қолдану үрдіске енгізіледі.

Жалпы соңғы үш жылда облыс орталығында аумағы 1909 гектарды құрайтын түбегейлі жоспарлау жобалары әзірленіп, бекітілді. Соның ішінде "Астана” ауданы мен бір Сұлтан Бейбарыс көшесінің бойынан бірнеше нысандар бой көтерді. Енді осы көше мен аспалы көпір маңынан 329 гектар жерге көлік-логистикалық орталық пен ірі сауда орындары, ойын-сауық және сауда, көлікке қызмет көрсету орталықтары бар ірі кешендер салынатын болады. Сонымен қатар "Қызылорда-Жезқазған” трассасы бойындағы 980 гектар аумақтың түбегейлі жоспарлау жобасына орай жеке тұрғын үй құрылысын дамыту да қарастырылған. Қазір бұл аумақта инфрақұрылымды дамыту бағытындағы жұмыстар жоспарлануда. Сөйтіп, бұл жерден алғаш кезекте әлеуметтік нысандар салуға ерекше көңіл бөлініп отыр.

Сонымен қатар өңірімізде туризм саласын дамыту мақсатында Арал ауданында жалпы аумағы 150 гектар "Қамыстыбас” демалыс аймағының түбегейлі жос­парлау жобасы әзірленіп, бекітілді. Қазір бұл аймақтың сыртқы инфрақұрылымдары жүргізілуде. Сондай-ақ, қазіргі күні "Саутс Ойл” ЖШС 100 орындық пансионат-профилакторийдің негізгі құрылысын аяқтап, нысанды жақын күндері пайдалануға беру мақсатындағы жұмыстарды жүргізуде. Осындай ірі жобалардың бірі "Қорқыт ата” мемориалдық кешенін қайта жаңғыртудан өткізу жұмыстарын биылғы жылдың қыркүйек айында аяқтау жоспарланып отыр.

Қызылорда қаласының соңғы уақыттары сәулеттік келбеті айтарлықтай өзгергені көпшіліктің көз алдында. Соның бастысы, аз ғана уақыт ішінде бірқатар әлеуметтік нысандар салынып, жүзден астам көше жөнделді. Сөйтіп қала көркейе түсті. Алдағы уақытта бұл жұмыс жалғасын тауып, көпқабатты үйлердің қасбеттеріне жаңғырту жұмыстары жүргізіледі. "Сыр Ана” кешенінің аумағы абаттандырылып, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті атындағы паркте Рәміздер алаңы ашылады. Сондай-ақ, өзеннің оң жағалауын абаттандыру мен "Мұнайшы” шағын мөлтек ауданы да бой көтеретін болады. Облыстың бас қаласы – Қызылорда қаласына кіреберісіндегі төрт бағытына "Қызылорда қаласы” деген белгілер қойылады. Бұл қақпалар ұлттық нақышта әзірленіп, қаламыздың көркіне көрік қосып, сәулеттік келбетін жақсарта түсері анық.

Биылғы жылдың басты жаңалығы, ол қаланың бекітілген бас жоспарына сәйкес Сырдария өзенінің сол жағалауын игеру жұмыстары басталды. Бұл аумақта игерілетін жер 1532 гектарды құрайды. Жалпы биылғы жылға бөлінген 107 млн. теңге қаржыға аталған аумақтық түбегейлі жоспарлау жобасы әзірленуде. Басқарма басшысы атап өткендей, дария үстіне салынатын үш көпірдің бірі, яғни Мұратбаев көшесіндегі құрылыс басталып кетті. Көпірдің жалпы сметалық құны – 5,9 млрд. теңге. Ол екі жыл шамасында салынып бітеді деп күтілуде. Дарияның сол жағалауын дамыту тікелей осы көпірге байланысты. Негізі бұл аумақтағы құрылыс нысандары келер жылдан бастап салына бастайды. Кезең-кезеңмен салынатын қаланың бұл аумақтағы келбетіне ұлттық нақыш беру және өңірдің өзіндік сәулет өнерін ескеруге ерекше көңіл бөлінеді. Сөйтіп, сол жағалаудан жаңа шығыстық қала бой көтеретін болады.

Сонымен бірге 2014-2016 жылдарға арналған Байқоңыр қаласы мен Төретам кенті және Ақай ауылдық округінің әлеуметтік-экономикалық дамуының кешенді жоспарына сәйкес, облыстық бюджеттен 119 млн. теңге қаржы бөлінді. Бүгінде осы Байқоңыр қаласы мен Төретам кентінің бас жоспарлары әзірлену үстінде. Сондай-ақ, "Батыс Еуропа-Батыс Қытай” халықаралық автокөлік дәлізінің бойында салынуы жоспарланған жол бойы кешендерінің эскиздік жобалары да әзірленіп, олар сәулет-қала құрылысы кеңесінде қолдауға ие болды.

Басқарма мамандары 2010-2011 жылдары Қызылорда қаласында мемлекеттік қала құрылысы кадастрының автоматтандырылған ақпараттық жүйесін құрып, қаланың электрондық картасын әзірледі. Бұл карта толыққанды ақпаратпен қамтамасыз етілген. Әрі қазіргі заман талабына сай алғашқы жасалған озық үлгідегі карта болып табылады. Енді биыл бұл жұмыс та жалғасын тауып, алдымен Арал, Қазалы, ал келер жылдан бастап қалған бес ауданда автоматтандырылған ақпараттық жүйені құру жұмыстарын аяқтау да жоспарланып отыр.

Айғали ҚАРАБАЛАЕВ.
ДӘУЛЕТ 12 шілде 2014 г. 992 0