НҰРЛЫ ЕРТЕҢІМ

НҰРЛЫ ЕРТЕҢІМ

 

Қиын-қыстау күнді бастан өткізген,

Туған елін бостан күнге жеткізген.

Болашаққа батыл бастап барады,

Абылайдан қалған айқын текті ізбен.

 

Бабалардың нұрлы үмітін жалғаған,

Мақсаты бар биік шыңға самғаған.

Кемелденген келешекті бетке алды,

Жүрегінен қанат қаққан арман-ән.

Көк байрақты желбіреткен тұғырлы,

Өркен жайған істері бар ғұмырлы.

Бодан жұртты нық сеніммен жеткізген,

Бақ жұлдызы жанған күнге бүгінгі.

 

Жанарынан нұр төгіліп шуақты,

Айналдырған жұртын ұлтқа қуатты.

Көштің басын тура жолға нұсқаған,

Қазағымның тура биі сияқты.

 

Нұрлы ертеңім!

Кең жайылған өркені,

Менің елім – ел біткеннің көркемі.

Атамекен, атажұртым киелі –

Елордамен, Елбасыммен еңселі.

 

Алмагүл ҚАРЖАУБАЕВА.


Мәңгілік елдің қаласы

 

Гүлзарлар әсем қоныпты кілең көшеңе,

Керуені келген қабаттап кілем төсене.

Нұрынан айдың ақ сәуле сіңген ақ жүзің,

Көркіңді әр күн еселе, ордам, еселе.

 

Есілден тартып көлденең қойған көпірді,

Атырау жақта Жайықтың бойы жетілді.

Бойында Тобыл Қостанай жұрты жайланып,

Кереку, Семей Ертістің бойын бекінді.

 

Бойынан Сырдың Есілге қарай жол жатыр,

Қырандай қарап сол Сырда Қызылорда тұр.

Бүгінгі елдің бесігін мәңгі тербеген,

Құс болып қонған Арқада әппақ Орда тұр.

 

Жайлаған өзен әлемде қанша қала бар,

Невада әсем Санкт-Петербург саналар.

Өзенде Мәскеу өзіне аттас қаласы,

Темзада Лондон, Сенада Париж және бар.

 

Қызығы сондай жайлаған өзен қалалар,

Көпшілік жүгін көтерер сендей қара нар.

Айшығы бүгін көрінген бізге күндей боп,

Есілде ерке армандай Ару қала бар.

 

Шолпан БАЛМАНОВА,

Арал көпсалалы колледжінің оқытушысы.


 

АРҚАДА СЫР ЖЕРІНІҢ АТАУЛАРЫ КӨП

Арқа төрінен орын тепкен еліміздің астанасы – Астана қаласына биыл он алты жыл толып отыр. Әрине, қай қалаға болмасын, бір елдің астанасы атануының өзіндік мән-мағынасы болады. Өйткені елдің бас қаласы әлеуметтік-экономикалық және сая­­си жағынан дамуымен ерекшеленеді. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен оңтүстіктегі Алматыдан Астанаға көшкен еліміздің Елордасы осы жылдар ішінде өзіндік өсіп-өркендеу жолына түсіп, уақыт өткен сайын көріктеніп келеді.

Менің мамандығым – құрылысшы. Сондықтан да бүгінгідей мерейлі күні мен Астананың аз ғана уақыт ішінде қалай көркейіп келе жатқанын сөз еткенді жөн көрдім. Шындығында әріге барып қайтеміз, бүгінгі Астанадағы көкпен таласқан Бәйтерек, Бейбітшілік пен келісім сарайы, Хан Шатыры, "Думан” ойын-сауық орталығы, Шабыт шығармашылық сарайы, «Қазақ елі» монументі, тағы да басқа Шығыс пен Еуропа үлгісінде салынған нысандар кімді болса таңғалдырмай қоймасы анық. Рас, бұл құрылыстарды салуға қазақстандық мамандармен қатар шетелдің үздік деген сәулетшілері мен компаниялары да атсалысты.

Екінші бір мәселе. Еліміздің алғашқы астанасы Ақмешіт, яғни Қызылорда болғаны белгілі. Міне, осы біздің астана болғандығымызға көрсетілген құрмет шығар, бүгінде Астана қаласында Сыр жерінің тарихи атаулары көптеген керемет көшелеріне берілген. Солардың ішінде Ақмешіт, Жосалы, Шиелі, Сырдария, Сығанақ, Сауран, Жанкент атты бірнеше тарихи қалалардың атауы берілген көшелер бар. Сөз жоқ, осы көшелерді барып, көріп әрі жүріп көрген әрбір қызылордалық осындай ілтипатқа зор ризашылығын білдірері анық.

Жалпы, бүгінгі біздің жас Астанамыз өзінің өсіп-өркендеу жолына түсті. Бұл жолда оның сондай биіктен көрінуіне қызылордалықтардың да қосып жатқан үлесі аз емес. Әрине, Елордамызды дамыту жолындағы мұндай істер алдағы уақытта да жалғасын таба берері анық.

Өмірзақ ҚОЖАҚОВ,

облыстық құрылыс басқармасының бөлім бастығы.


ДӘУЛЕТ 05 шілде 2014 г. 1 357 0