МАЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫНДА БЕТБҰРЫС БАР
Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың биылғы «Қазақстан-2050» стратегиясы» атты Жолдауында еліміздің жасампаздық жолын жалғастырудың басым бағыттарын айқындап берді.
Жолдауда ХХІ ғасырдың он жаһандық сын-қатері бар, оның ішінде үшінші сын-қатер – жаһандық азық-түлік қауіпсіздігіне төнетін қатер деп көрсетуі тектен-тек болмаса керек. Бүгінде әлемде миллиондаған адамдардың аштыққа ұшырауы, олардың санының ай санап емес, күн санап көбеюі кімді де болса бейжай қалдырмаса керек. Демек, Елбасымыздың тапсырмасына орай «Агроөнеркәсіпті дамыту» мен оның 2020 жылға дейінгі дамуының жаңа бағдарламасын әзірлеу мәселесі – өзінің өміршеңдігімен, аса маңыздылығымен ерекшеленетін өзекті мәселе.
Сырдария – ауылшаруашылықты аудан. Содан да аудан тұрғындары толықтай егін және мал шаруашылығымен айналысуды мұрат тұтқан. Жыл сайын егіс көлемі артып, алынатын өнім де еселеп өсіп келеді. Аудандағы егістік саласының ахуалы жайлы газетіміздің өткен санында жазғанбыз. Ендігі сөз кезегін ауданда төрт түлік мал өсірудің бүгінгі жай-жапсарына берелік.
Қазіргі таңда статистикалық мәліметтер бойынша аудан аумағында 27445 бас мүйізді ірі қара, 28370 бас қой мен ешкі, 9835 бас жылқы, 1145 бас түйе, 4585 бас құс өсіріліп, күтімге алынуда.
– Елбасы тапсырмасына орай, – дейді бізбен әңгімесінде аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Н.Нұғман, – жыл өткен сайын төрт түлік мал басын көбейтуге барынша бетбұрыс жасаудамыз. Бір ғана дерек айтамын. Биылғы жылы «Сыбаға» бағдарламасы бойынша шаруашылықтарға 350 бас мүйізді ірі қара малын сатып алу жоспарланса, бүгінгі күнге 420 бас сатып алынып, жоспарымыз 120 пайызға орындалып отыр.
Ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы айтса айтқандай, аудандағы мал шаруашылығымен айналысатын қожалықтар ет-сүт бағытындағы асыл тұқымды малдар басын көбейтуде екен. Нақтылай айтар болсақ, «Сыбаға» бағдарламасы негізінде Аманкелді ауылдық округіндегі «Көктөбе», «Іңкәрдария» ауылындағы «Диас», Ақжарма елді мекеніндегі «Мақсат» шаруа қожалықтары Батыс Қазақстан облысынан ет бағытындағы 17 бас асыл тұқымды бұқа малдарын сатып алған. Сондай-ақ Тереңөзек кентіндегі «Маханқалиев С» шаруа қожалығы Алматы облысынан 3 бас ет бағытындағы асыл тұқымды бұқа малын сатып алған. Асыл тұқымды бұқалар келді екен, енді ет пен сүт бағытындағы аналық малдардың да үлес салмағы арта түспек.
Аудандағы мал шаруашылығы қожалығының иелері тұрғындарды мал өнімдерімен қамтамасыз етуде де тың бастама мен соны серпіліске бетбұрыс жасаған сыңайлы. Жетікөл ауылындағы «Алиакбар ата Агро» шаруа қожалығының мал бордақылау кешенінде 150 бас мүйізді ірі қара, 70 бас жылқы бордақыланып, ел несібесіне берілуде. Сондай-ақ С.Сейфуллин және Шіркейлі ауылдық округтері аумағында да мал сою алаңдары жоспарлы жұмыс жасауда екен. С.Сейфуллин ауылындағы мал сою пункті тәулігіне 1 тонна ет өндіріп, өз ауылының тұрғындары ғана емес, көрші қоныс тепкен О.Мәлібаев, Қалжан ахун елді мекендері тұрғындарының қажеттілігін өтеуде. Биылғы жылдың өзінде 100 бас мүйізді ірі қара, 10 бас жылқы сойып, ел несібесіне берген. Ал, Шіркейлі ауылындағы «Ысмадин» шаруа қожалығы өткен жылы мал сою алаңын салып, сыйымдылығы 130 бас мүйізді ірі қара кететін бұл кешенін биылғы жылы іске қосты. Бүгінгі күнге дейін 40 бас мүйізді ірі қара сойып, 11 тонна ет өндіріп, ауыл тұрғындары сұранысын қанағаттандырып отыр.
– Мал басын өсіру, – дейді әңгіме үстінде Н.Нұғыман, – оларды жем-шөппен жеткілікті қамтамасыз етуге қатысты. Содан да осы бағытта қажетті мал азығы қоры жасалуда. Биылғы жылғы меже бойынша 46,6 мың тонна шөп дайындалуы қажет болса, бүгінгі күнге 9,0 мың тонна табиғи шөп, 1,9 мың тонна жоңышқа дайындалды. Шөп дайындау науқаны қызу да қарқынды жүргізілуде. Қажетті шөптің толықтай дайындалатынына бек сенімдеміз.
Сөз орайы келгенде айта кетейік, мал азығындық дақылдардың көлемін ұлғайтып, өнімін арттыру бағытындағы жұмысты жолға қою қажет-ақ. Бүгінде бір дана жоңышқа пресі 650-700 теңге тұратын көрінеді. Сонда 1 гектар жоңышқа дақылынан 210 мың теңге өндірілсе, тиісінше 1 гектар күріштен 120-150 мың теңге өндіріледі екен. Көрдіңіздер ме, жоңышқа дақылының егістік көлемін ұлғайту, біріншіден, экономикалық және экологиялық жағынан тиімді болса, екіншіден, қаншама халықтың малы қамтамасыз етіліп, мал басы өседі, ет пен сүт өндіру одан әрі ұлғаятын болады.
Сондықтан мал шаруашылығы мамандары жем-шөп дайындайтын арнайы бригада жасақталса, оларға жер бөліп, су жеткізуге Үкімет тарапынан қолғабыс жасалса, нұр үстіне нұр болар еді. Демек, мал азығын дайындайтын кәсіпкерлер болып жатса, оларды қолдау қажет. Сондай-ақ дәрменсіз шаруа қожалықтарының аяқтарынан тік тұрып кетулеріне қаржылай қолғабыс керек.
Мал басын көбейтудің тағы бір жолы – эпизотияға қарсы іс-шаралардың атқарылуында. Биылғы жылы бекітілген «Эпизотияға қарсы іс- шаралар» жоспарына орай аудандарға республикалық бюджеттен 43477 мың теңге қаржы бөлінген екен.
– Аудан бойынша, – дейдi ауданнығ ветеринария бҳлiмiнiғ басшысы Ҫ.Садықов, – ауыл шаруашылығы жануарларының 15 түрлі індеттеріне қарсы тегін егу жұмыстары жүргізілді. Сондай-ақ төрт түлік малдың энзоотиялық ауруларына қарсы профилактикалық шаралар жүргізу мақсатында облыстық бюджеттен қаржы қаралып, дәрі-дәрмектер алынса, аудандық бюджеттен бөлінген 3687 мың теңгеге егу қызметтері жүргізілуде.
Аудан аумағында ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру және компьютерлік дерекқор базасына енгізу, мал көмінділері үшін биотермиялық шұңқырлар қазу, иесіз ит-мысықтарды жою жұмыстары да жоспарлы жүргізілуде екен. Бір сөзбен айтқанда, аудан аумағындағы мал шаруашылығы қожалық иелері мал басын аман сақтау мен көбейтуге, мал өнімдерін арттыруға батыл бетбұрыс жасауда.
Еркін ӘБІЛ.
Сырдария ауданы.
ДӘУЛЕТ
14 қыркүйек 2013 г.
1 361
0