« Сәуір 2025 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | 4 | 5 | 6 | |
7 | 8 | 9 | 10 | 11 | 12 | 13 |
14 | 15 | 16 | 17 | 18 | 19 | 20 |
21 | 22 | 23 | 24 | 25 | 26 | 27 |
28 | 29 | 30 |
Көк дөненнен қиял жүйрік.Алдабергенді тамсана тыңдай тұрып осындай тұжырымға келдім. Кейіпкерімнің айтар сөзін шебер тілмен жеткізгені соншалықты қызғылықты роман оқығандай әсерлендім. Іштей кәсіпкер емес, жазушы болатындай қабілеті бар екенін пайымдап үлгергенмін. Алдаберген орта мектепті үздік бітіріпті. Көркем шығармаларға жақын өсіпті. Тіпті мектеп кітапханасындағы туындыларды тұтас оқып шығыпты. Әбу Сәрсенбаевтың «Толқында туғандарын» қолынан тастамайды екен. Оған себеп те жеткілікті. Алдабергеннің әкесі Төлеу балық қорғау инспекциясында ұзақ жылдар мерейлі еңбек етіпті. Сұңғақ бойлы, кеуделі көкесіне арнайы үлгідегі формасы ғажап жарасатын. Фуражка, жидесін кигенде ойын баласы мұның көзіне әкесі көк теңіздің қаһарманы қайсар капитандай көрінетін. Әсіресе, «Вихрь» маркалы моторлы қайықпен шалқар айдынды қақ жарып бара жатқанда керемет әсерге бөленетін. Кеудесін мақтаныш кернейтін. Перзенттерінің үлкені Алдабергенді көкесі өзіне аса жақын тартты. Қайда барса да, қасынан қалдырмайтын. Қамбашқа шомылып жүргенде бұл өзін елсіз аралдың қожайынына айналған Робинзон Крузо санайтын.
Табиғатты, теңізді сүю
Алдабергенге қанмен дарыған. Атасы Иса төңірекке мәлім балықшы-тұғын. Ол
тарихқа өшпестей жазылған Еділ бойындағы қалжыраған ағайынға балық жөнелтуге
атсалысқандардың бірі. Сом тұлғалы атасы нағыз қара күштің иесі еді. Әрбір
саусағы жас баланың білегіндей қарияның қайраты көзі жұмылғанша қайтпаған
деседі. Ендеше, жақсының жалғасы Алдабергеннің жігеріне таңдануға болмас.
«Кәсіпкер» аталатын бейнетке толы жолда Алдаберген сан мәрте тығырыққа тірелді.
Талай рет қарсы алдынан есігі тарс жабылған лауазымды кабинет иелері жолықты.
Кейде жөн сұрайтын жібі түзу жан жолықпай қамықты да. Бірақ қанмен сіңген
қайсарлық түңілуге жібермеді. Әкесі Төлеудің ширақтығы, анасы Зағипаның
байсалды дағдысынан ғибрат алды. Қалайда бейнеттің зая кетпесіне үміт артты.
Солай болды да.
Ғасыр тоғысы Алдабергеннің өміріне үлкен өзгерістер әкелді. БҰҰ Арал, Қазалы аудандарынан су тұтынушылар қоғамдық бірлестігін құруды ұйғарды. Алдабергеннің көктен тілегені жерден табылды. Дереу іске кірісті. Осылайша Төлеудің ұлы басқаратын «Қамыстыбас» су тұтынушылар қоғамдық бірлестігі дүниеге келді. Жүйрік әліне қарай шабады. Әу баста қос ауданнан ашылған 15 қоғамдық бірлестік уақыт жүрісінен жаңылды. Түгелге жуығы жұмысын тоқтатты. Тек Алдабергеннің ұжымы ғана сыннан сүрінбей қалпын сақтап қалды.
Сол тұста отандық, шетелдік компаниялар Қамбаш көлінің жағасынан демалыс аймағын ұйымдастыруды межелеген-ді. Зиялы қауым бас қосқан алқалы жиында осы мәселе терең талқыланды. Алайда, құнды идеяның соңы сиырқұйымшақтанып кетті. Алдаберген Қамбаштың туризмді дамытуға бірден-бір қолайлы мекен екендігін дәлелдеп, құзырлы орындарға хат жолдаудан жалықпады. Бұл бірнеше жылға созылды. Ақыры Туризм агенттігі жобаларға конкурс жариялады. Мұқият сараптаудан соң Алдаберген Исаевтың жобасы үздік деп бағаланды. Озып шықты-ау. Қолға тиген қара бақыр да жоқ. Тағы да қиындыққа тап келді. Десе де, ел ағасыз емес екен. Садық Мұстафаев, Құрманкүл Датқабекова, Серік Сермағамбетов тәрізді игі жақсылар жанашырлық танытты. Бұл қадам тауы шағыла бастаған Алдабергенге рухани серпін берді.
Қазір Қамбаштың жағасындағы
ақшаңқан киіз үйлерден көз сүрінеді. Қайда қарасаңыз да, ұлттық нақыштағы
дүниелерді байқайсыз. Қазақы дархан пейіл, аста-төк дастарқан, жайдары жүз,
бәрі-бәрі жаныңа шаттық ұялатады. Ас мәзіріне де мейлінше ұлттық тағамдар
дайындалады. Ұлы жолдың бойында орналасқандықтан келушілер арылмайды. Демалыс
күндері көл басына шағын қалашық орнағандай сезінесіз. Бұл жерде Айгүл
Құрмырзаева, Гүлнұр Смағұлова, Айнұр Жакупова, Мейрамбек Төреханов, Рамазан
Медетов ізеттілікпен қызмет жасайды.
«Торжынбай-Түрке» ЖШС директоры Алдаберген Исаев табиғаттың шынайы жанашыры. Биылғы қыстың қатал болғаны белгілі. Құм ішінде шұбырындыға тап келген киіктерді ажалдан арашалауға Алдекең сүбелі үлес қосты. Еліктердің жүрер жолына автокөлікпен жем, шөп шашты. Үсікке шалдығып, мейірімсіз пенде қолынан топ-тобымен жайрап жатқан киіктерге жүрегі езілді. Даланың сәні киіктердің қыстан аман-есен шығуын тіледі. Ақ пейіл азамат құтты қонысы Қамбаштың туризм орталығына айналуын армандайды. Әрі сол тұрғыда тер төгуден жалыққан емес.
Ол өзінің туған көліне "Менің Қамбашым, асыраушым да қолдаушым” деп түсетінін көрдік. Табиғатқа табынған, көк айдынға тартып туған перзенттің оны аялаудағы қасиетіне тәнті боласың. Бір қызығы, Аралға келген бірде-бір турист немесе саяхатшы Алдабергенге соқпай өтпейді. Өйткені ол көптеген шетелдік фирмалармен байланыс жасайды. Талай жерде болған олар Қамбаш көлін әлемдегі ең таза, тамаша көгілдір көл санайтын көрінеді.
Жұмабек Табынбаев.
« Сәуір 2025 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | 4 | 5 | 6 | |
7 | 8 | 9 | 10 | 11 | 12 | 13 |
14 | 15 | 16 | 17 | 18 | 19 | 20 |
21 | 22 | 23 | 24 | 25 | 26 | 27 |
28 | 29 | 30 |