« Сәуір 2025 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | 4 | 5 | 6 | |
7 | 8 | 9 | 10 | 11 | 12 | 13 |
14 | 15 | 16 | 17 | 18 | 19 | 20 |
21 | 22 | 23 | 24 | 25 | 26 | 27 |
28 | 29 | 30 |
Қызылордаға қызығушылар көп болды
Жуырда Гонконг қаласында ITE халықаралық туристік көрмесі болып өтті. Осы маңызды шараға біздің еліміздің сала мамандары да қатысты. Олар – ҚР Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінің Туризм индустриясы комитетінің туризм саласы бойынша мамандары және Қызылорда облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасы мен Байқоңыр қаласының мәдениет, жастар саясаты, спорт және туризм басқармасының мамандары.
Гонконг – бұл Оңтүстік Қытай теңізінің екі жүз алпыс аралы. Қытайдың екі айрықша аймағының бірі, Аспан асты елінің арнаулы әкімшілігі бар ауданы. Әлемдегі ірі халықаралық қаржы орталықтарының бірінен саналатын Гонконг экономикасы еркін саудамен және төмен салығымен сипатталады. Төбесі көк тіреген ғимараттары бар қаланы аралаған саяхатшы мұнда Шығыс пен Батыстың архитектурасы үйлесім тапқанын байыптар еді. Аталған қала 1997 жылдың 1 шілдесіне дейін 1,5 ғасыр бойы Британ империясының боданы болып келді. 1960-1990 жылдары қарқынды дамуы арқылы Гонконг қаласы төрт Азия жолбарысының бірі атанды. Сонымен бірге Гонконг Қытай мен Британ империясы дәстүрінің астасуы, әлемдегі миллионерлер мен миллиардерлерді барынша көп тоғыстырған қала.
Бүгінгі таңда заманауи технологиялардың ордасы саналатын Гонконг экономикасында туризм индустриясы жетекші орын алады. Сондықтан да аталған қаланың барлық жері туристік аймаққа жатады.
Міне, кезекті халықаралық көрме жұмыр жердің бетіндегі осындай ғажайып қалада өтті. Көрме шеңберінде еліміздің туристік мүмкіндіктері, атап айтқанда, елордамыз Астана, Алматы қалалары мен Алматы, Маңғыстау, Оңтүстік Қазақстан, Батыс Қазақстан және Қызылорда облыстарының туристік әлеуеті таныстырылды. Туристік көрмеге шамамен 70 мың адам келді. Оған 680 мың экспонаттар ұсынылып, 40-тан астам мемлекеттен сала мамандары қатысты. Гонконг қаласында халықаралық туристік көрменің өту себебіне келсек, өткен жылдың статистикалық мәліметтері бойынша, жыл көлемінде 96 млн. қытайлық шетелдерге саяхат жасап, 120 млрд. АҚШ долларын жұмсаған.
Айта кетейік, Гонконг қаласындағы туристік көрмеге келуші шетелдіктер Қызылорда облысының туристік әлеуетіне ерекше қызығушылық танытыпты. Облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасының басшысы Тельман Сүлейменовтің айтуынша, аймағымыздың туристік әлеуетін таныстыру мақсатында көрмеге қатысушылар назарына құнды материалдар, атап айтқанда, 400 дана туристік жолсілтеме, 300 дана жарнамалық флаерлер және өңірдегі суретшілер мен қолөнершілердің еңбектері бейнеленген кітаптар ұсынылған.
Мұнан өзге халықаралық туристік көрме аясында еліміздің қайталанбас ерекше табиғаты, кең-байтақ даласының көрікті тұстары насихатталып, сайын даланың төсін мекен еткен қазақтың әні мен жыры шырқалып, ұлттық тағамдарымыз ұсынылды. Көрмені ұйымдастырушылар – еліміздің туристік мүмкіндіктерін жоғары деңгейде бағалап, нәтижесінде Қызылорда облысынан барған делегация «Ең үздік тұсаукесер және стенд» аталымы бойынша бас жүлдеге ие болды.
«ITE халықаралық туристік көрмесі біздің елімізге сырттан келетін саяхатшылардың қатарын көбейтуге, яғни ішкі туризмнің дамуына ықпал жасайтын болады. Бұған қоса, оның ұлттық нарықтағы туристік қызметтер туралы ақпараттарды шетелдіктерге таратуға мол мүмкіндік бергенін атап өтуге тиіспіз», – деп ойын сабақтаған облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасының басшысы Т.Сүлейменов бүгінгі таңда бүкіл елімізде туризм саласын дамытуға айрықша көңіл бөлініп отырғанын жеткізді.
Ал, сапар мақсаты туралы ойын ол былайша өрнектеді: – Аталған туристік көрме саланың дамуына және туристік фирмалар арасында бәсекелестікті тудыруға жол ашады. Көрме аясында біз 40-қа жуық туристік фирмалармен жұмыс жасау жөнінде келіссөздер жүргіздік. Олардың қатарында Қытай елінің «Dragon Trail Interactive» және Тайланд елінің «Amazing THAILAND» секілді ірі компаниялары бар. Осы компаниялардың басшылары біздің елге, әсіресе Қызылорда өңіріне қызығушылық танытты. Енді біз олармен тығыз байланыс орнатып, осы аталған екі елдің туристік нарығында жұмыс жасауды жоспарлап отырмыз.
Аймақ басшысы атап өткендей, облысымызда туризмді дамыту кезек күттірмейтін мәселе. Өйткені, ол аймақтың дамуына үлес қосушы сала болуы тиіс. Бұған алғашқы қадамдар жасалып, байсалды жұмыстар атқарылуда. Мәселен, жылына екі мәрте «Байқоңыр» инвестициялық форумы өткізіліп, онда жасалған келісім-шарттар аясында өңірімізге туристік операторлар көптеп шақырылуда. Сала мамандарының Алматы мен Гонконг қалаларында өткен туристік көрмелерге қатысу осының дәлелі. Ал, алда мұндай көрмелер Англия мен Қытай елінде ұйымдастырылады. Жалпы, мұның бәрі алдағы уақытта Сыр өңіріне шетелдік туристерді көптеп тарту үшін жасалып жатқан жұмыстар.
« Сәуір 2025 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | 4 | 5 | 6 | |
7 | 8 | 9 | 10 | 11 | 12 | 13 |
14 | 15 | 16 | 17 | 18 | 19 | 20 |
21 | 22 | 23 | 24 | 25 | 26 | 27 |
28 | 29 | 30 |