БЮДЖЕТ ТҮСІМІ ТӨМЕНДЕМЕУІ ТИІС

Сейсенбі күні облыс әкімі Қырымбек Көшербаев аймақта көмірсутек қорын игеріп жатқан компаниялар өкілдерімен кеңейтілген мәжіліс өткізді.

Мәжілісті ашқан аймақ басшысы бүгінгі күні облыста мұнай өндіру көлемін өткен жылғы көрсеткіштен кемітпеу мәселесі басты назарда тұрғанын атап өтті. Соңғы бес айдың сараптамасы көрсеткендей, аймақта "қара алтын” өндіру көлемі жоспардағы көрсеткіштен 500 мың тоннадай қалыс қалып келе жатыр. Бұл көрсеткіш облысты ғана емес, Үкіметті де қанағаттандырмай отыр. Қырымбек Елеуұлы осы ретте компаниялар көрсеткіштеріне тоқталып өтті. Мәселен, "Торғай Петролеум” АҚ (76 пайыз), "Қазгермұнай” БК” ЖШС (98 пайыз), "ҚуатАмлонМұнай” БК” ЖШС (84 пайыз), "Қор” ЖШС (84 пайыз), "Ай-Дан-Мұнай” (95 пайыз) көлемiнде ғана мұнай өндірген. Мұнай өндіру бұл компаниялардың ішкі жұмысы саналғанмен, облыстың әлеуметтік-экономикалық ахуалы оның көлеміне тікелей қатысты, Сол себепті өткен жылғы көлемнен еш төмендемеу жөніндегі талап қойылатыны анық. Сондықтан, жоспарды орындау үшін барлық шараларды қарастырған жөн.

Облыс әкімі осы ретте елдің минералды-шикізат базасын кеңейту мақсатында 2015 жылдан бастап Сырдария ойпаты бассейнінде жүргізілетін зерттеу жұмыстарына Қызылорда облысы аумағы алғашқы кезекте енгізіліп отырғанын жеткізді. Ол Қазақстан Республикасының минералдық-шикізат кешенінің ресурстық базасын дамытудың 2015-2019 жылдарға арналған бағдарламасы бойынша 7 мың метр тереңдікке дейінгі параметрлік скважи­на­ны бұрғылауға кететін шы­ғынды жабуға республикалық бюд­жеттен қаржы қаралып отыр­ғанын хабарлады. Мұнан соң мұнай өндіру көлемін көтеру мақ­сатында қандай жұмыстар жүр­гізіліп жатқаны туралы мәжі­ліске қатысушы компаниялар өкілдерінің хабарламалары тыңдалды.

"Саутс Ойл” компаниясының басшылығы бүгінде жоспардан сәл қалыс келе жатқанын, әйтсе де оны орындау үшін барлық шараларды жасап жатқанын жеткізді. Бұл мақсатта қосымша ұң­ғымалар қазылуда. Аймақ басшысы "Саутс Ойлдың” жоспарлық көрсеткіштен асырудың нақты мүмкіндіктері бар екенін айтты. "Құмкөл Транс Сервис” ЖШС басшылығы компанияның әлі даму сатысында екенін айтты. Десе де, "Сарбұлақ” кенішінде жұмыс жасап жатқан компания 394 мың тоннаны 450 мың тоннаға жеткізуге күш салып жатқанын мәлімдеді. "ҚуатАмлонМұнай” компаниясы өкілінің айтуынша, жоспары 750 мың тонна. Ол компаниясының қосымша бұрғылаулар көмегімен қалыс келе жатқан көрсеткішті екінші жартыжылдықта қуып жетуге күш салынатынын жеткізді. Өзге де компанияларда жасалып жатқан жұмыстар жөнінен мағлұмат алған облыс әкімі бұл тақырыпқа неліктен қайта-қайта оралып отыру себебін түсіндірді.

Аймақта экономиканың өңдеуші саласын дамытуға бетбұрыс жасалуда. Өңірде металлургия кластерін дамыту бағдарламасы Үкіметтен қолдау тапты. Алдағы бірнеше жылда облыста ірі кәсіпорындар салынып, пайдалануға беріледі деп межеленуде. "Шалқия” кеніші жөніндегі мәселелер шешімін табу үстінде. Кен байыту комбинаты құрылысына ірі көлемде инвестиция салынбақ. Сол секілді, ферроқорытпа зауыты және шыны зауыты секілді басқа да жобалар жүзеге асады. Мыңдаған жаңа жұмыс орындары ашылмақ. Міне, осы уақыт аралығында ай­мақ экономикасының басым бөлігін көтеріп тұрған көмір­сутек шикізаты көлемінің төмен­демегені өте маңызды мәселе.

Кездесудегі екінші мәселенің де аймақ үшін маңыздылығы зор. Бүгінгі таңда облыста жер қойнауын пайдалану жөніндегі келісім-шартпен 18 мұнай компаниясы жұмыс істеуде. Олардың арасындағы "ПетроҚазақстан Құмкөл Ресорсиз” АҚ, "Торғай Петролеум” АҚ, "Қазгермұнай” БК” ЖШС, "ҚуатАмлонМұнай” БК” ЖШС, "СНПС-АйДан Мұнай” АҚ, "ҚОР” ҰК АҚ және "Көлжан” ЖШС секілді ірі компаниялар бюджетке түсетін салық төлемдерінің 80 пайызын беріп отырған жайы бар. Үстіміздегі жылдың 5 айында жеті ірі мұнай компаниясы бюджетке салық және басқа міндетте төлемдер ретінде 188,9 млрд. теңге төлем жасаған. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыс­тырғанда 89,8 млрд. теңгеге кем.

Аймақ басшысы мұнай компанияларының жергілікті мердігер мекемелерді, сондай-ақ тұрғындарды жұмыспен қамтып, аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуына қосып отырған үлесін атап өтті. Алайда, сараптама материалдары көрсеткендей, өңірдегі ірі мұнай компанияларына қызмет көрсетуші, тауарлар жеткізіп беруші 3098 компанияның тек 1623-і ғана біздің облыстың салық органдарына тіркелген болып шықты. Бұл ме­кемелер 2011-2012 жылдары 90 млрд. теңгенің қызметін көрсетсе, оның 700 млн. теңгесі түрлі салық төлемдері болып есептелген. Қырымбек Елеуұлы бұл мысалдарды әрі қарай жалғастыра түсті. 2013 жылы "ПҚҚР” компаниясына Павлодарда салық төлеуші болып тіркелген "Еуразия Мұнай Импекс” ЖШС жалпы көлемі 956 млн. теңгенің қызметін көрсетсе, Астанада тіркелген "Қазтранс Ойл” АҚ жалпы көлемі 595 млн. теңгенің қызметін жасаған. Сол секілді, "Қазгермұнайға” Алматының салық органдарында тіркелген "Петролеум” ЖШС жалпы көлемі 7,7 млрд. теңгеге қызмет көрсеткен. Бұл тізімді одан әрі жалғастыра беруге болады. Мұндай мысалдар тау-кен өндірісі саласында да кездесіп отыр. Ал, "Саутс Ойл”, "ZHUSALY DEVELOPMENT”, "Туран Барлау”, "Галаз и К” серіктестіктері секiлдi біздің облыс аумағында мұнай өндiретiн және барлау жұмыстарын жүргізетін заңды тұлғалар басқа аймақтарда тіркелген болып шықты. Тек "Саутс Ойл” компаниясының өзі 2012 жылы 745,3 мың, 2013 жылы 810 мың тонна мұнай өндірген болатын. Ал осы табыстарынан алынатын барлық салық төлемдері Оңтүстік Қазақстан облысына түсуде.

Облыс әкімі экономиканы кешенді дамыту және облыстың салық базасын кеңейту мақсатында жергілікті мердігер мекемелермен жұмыс жүргізу жағын ойластырған жөн деді. Осы орайда, аймақ басшысы облыс көлемінде жұмыс істеп жатқан ірі компаниялар бас кеңселерін осы жерде ашу мүмкіндігін қарастыруы тиіс. Ал, біздің облыста бір жылдан артық жұмыс істегісі келген мердігерлер де осы жерде филиалдарын ашу қажет. Бұл әзірге тек ескерту ғана екенін айтқан облыс басшысы алдағы уақытта оның сұрауы да қатал болатынын айтып өтті.

 

Ыдырыс ТӘЖІҰЛЫ.
ДӘУЛЕТ 12 маусым 2014 г. 847 0