ЕКПЕ БАЛА ДЕНСАУЛЫҒЫНА ЗИЯН БА?

Соңғы жылдары балаларда кездесетін түрлі жұқпалардың алдын алу үшін егілетін вакциналарға ата-аналар қарсылығы бой көрсеткенінен хабардармыз. Бұл, әсіресе, денсаулық сақтау қызметкерлерінің алаңдаушылығын тудыруда. Өйткені, екпесіз ұлттың ертеңі бұлыңғыр екенін дамыған елдердің медицинасы да мойындаған.

Өкініштісі, балаларына екпе жасауға қарсылық танытқандардың дені дін жолындағы ата-аналар көрінеді. Ғаламтордағы түрлі арандатушы ақпараттарға да сеніп, ұл-қыздарына вакцина салдырудан бас тартқан замандастарымыз да жетерлік. Тақырыпты кеңінен ашу үшін біршама мәліметтерді теріп, мамандар пікіріне құлақ асқанды жөн көрдік.


 

АУРУДАН САН ҒАСЫР БҰРЫН САҚТАНҒАНБЫЗ

 

Балаларға екпе (вакцинация) жасау – адамзаттың үздік жетістіктерінің бірі. Екпе арқылы жер шарында миллиондаған бала өлімнен, мүгедектіктен аман қалды. Бір кездері талай тағдырды үзген шешек (оспа) ауруының жойылуы бұл сөзіміздің дәлелі. 1977-жылғы қазаннан бастап дүниежүзінде шешекпен ауырған бірде-бір науқас тіркелмеген. Осыған байланысты КСРО заманында 1979 жылы шешек ауруына қарсы балаларды егу тоқтатылып, екпе күнтізбесінен ысырылды. Күні бүгінге дейін қауіпті жұқпалы аурулардың қатарында болған полиомиелит те жойы­­лу­дың аз-ақ алдында, бұл да екпе жасаудың нәтижесі.

Медицинаның тарихына үңілсек, инфекцияның иммундық алдын алу шарасын 1796 жылы ағылшын дәрігері Эдвард Дженнер алғаш екпе жасаудан бастапты. Ол Лондонда шешекке қарсы екпе бекеттерін ашып, ауруға қарсы белсенді иммунизацияны жүргізуді жолға қойып, мұның инфекциялы аурулардың алдын алудағы ең нәтижелі әдіс екендігін дәлелдеді. Осы тұста айта кетерлігі, қазақ топырағында шешекке қарсы екпе әдісін Жәнібек хан мен Жиренше шешеннің замандасы, 1388-1487 жылдары өмір сүрген Өтейбойдақ Тілеуқабылұлы енгізген. Яғ­ни, ол бұл әдісті еуропалықтардан бірнеше ғасыр бұрын пайдаланған және өзінің «Шипагерлiк баян» атты еңбегінде жариялаған.


 

БАЛАНЫҢ ТАҒДЫРЫНА БАЛТА ШАППАСАҚ ЕДІ...

 

Тарихы екі ғасырға тартатын екпе жасау халықтың 95 пайызын қамтығанда ғана нәтижесін көрсетеді. Тіпті, бұл жолмен бірқатар онкологиялық аурулардың да алдын алуға болады. Мәселен, әйелдерде кездесетін адам папилломасы вирусының салдарынан туындайтын жатыр мойнының обырын жасөспірім қыздарға екпе жасау арқылы жоюға болатындығын бүгінде клиникалық иммунология дәлелдеді. Және бұл жетістікті жүзеге асыру елімізде қолға алынуда. Өкініштісі сол, Ақтөбе облысының денсаулық сақтау департаментінің өткен жылғы қорытындысына сүйенсек, аймақта 765 бала толық көлемде екпе алмаған. Атырау қаласы бойынша түрлі аурудан қорғайтын вакцинадан 935 ата-ана мүлдем бас тартқан. Мұның себебі де белгілі, аталған аудандарда кейбір діни ағымдардың ата-аналарға ықпалы әлі де күшті. Екпеден бас тартушылық Қазақстанның басқа да облыстарында баршылық. Мамандар түсіндіру жұмыстарын жиілету қажеттігін айтады. Өйткені, бүгінде түрлі ақпарат көздерінде вакцинацияны түкке жарамсыз ететін пікірлер де жұртты шатастыруда.

Дәрігерлердің айтуынша, вакцина биопрепарат болған соң, егуден кейін асқыну (баланың дене қызуының жоғарылауы, жергілікті ісінулер, аллергиялық реакциялар, сирек энцефалиттер) болуы мүмкін. Бірқатар ата-аналар осы аталған асқынуларды желеу қылып, екпеден бас тартуда. Жұқпаға қарсы егілмеген бала сол жұқпалардың қайнар көзі болып саналады, яғни инфекцияны таратушы. Ал егілген бала, тіпті ауырып қалған жағдайда да ауруы өте жеңіл түрде өтеді.


 

ТЕГІН ВАКЦИНА ТӘН АЗАБЫНАН САҚТАЙДЫ

 

2009 жылғы 30 желтоқсанда үкімет «Қарсы профилактикалық егу жүргізілетін аурулардың тізбесін, оларды жүргізу ережесін және халықтың жоспарлы егілуге жатқызылатын топтарын бекіту туралы» №2295 қаулы қабылдаған-ды. Сол құжатқа сәйкес инфекциялық және паразиттік ауруларға қарсы профилактикалық егулер республикалық және жергілікті бюджет қаражаты есебінен қамтамасыз етіледі. Екпелердің едәуір бөлігіне мемлекет тарапынан қаражат бөлінеді. Жергілікті бюджет «А» вирусты гепатиті, тұмау, күйдіргі, туляремияға қарсы егулерді қаржыландырады.

Аурулардың алдын алу мақсатында егілетін екпенің алғашқысы нәресте дүниеге келген бойда перзентханада егілсе, одан кейінгілері кезең-кезеңімен 56 жасқа дейін егіліп отырады.

«Инфекция адам таңдамайды. Егер егу жұмыстары жаппай жүргізілмесе, ұлттық генофондқа кері әсерін тигізеді. Сондықтан бірен-саран қарсылық көрсеткендерге де мұқият түсіндіру жұмыстарын қолға алып, міндетті түрде егу жұмыстарын жүргізу керек» дейді медицина мамандары. Осы жолдарды қуаттайтын бір дерек, жыл сайын вакцинаның арқасында 3 мил­лиондай сәби ажал тырнағынан қа­лып, 750 мыңдай бала мүгедектіктен ары­лады екен. Бұл – сарапшылардың вак­цинасыз кезеңмен, уақытылы вакцина егілетін бүгінгі кезеңді салыстыра келе түйіндеген статистикасы. Қазіргі таңда 27 түрлі ауруды вакцинамен ауыздықтауға болатыны анықталған. Яғни, жұқпалы ауруларға қарсы күрестегі бірден-бір құрал халықты егумен толық қамту екенін жұртшылықтың жаппай түсінуі маңызды.

Мамандар дәл қазір елімізде нақты қанша ата-ананың балаларын егуден бас тартқанын айтып бере алмайды. Әйтеуір, жыл өткен сайын олардың саны артып бара жатқаны анық. Бір белгілісі, бүгінгі дамыған елдерде қауіпті ауруларға қарсы вакцина егілетін аурулар қатары көбейіп келеді. Тіпті, дамыған Еуропа елдерінде, әсіресе Америка мен Израильде бізде салынбайтын вакциналар да бар екен. Ал Қазақстаннан шетелге шығатын кезде солар­ды егу талап етілетін көрінеді. Сондықтан мамандар біздің елімізге де замана көшінен қалмай, қауіпті жұқпалы аурулардың алдын алу жұмыстарын күшейту қажеттігін жиі ескертеді.


 

Еркінбек Шохаев, дінтанушы, теолог:

– Ислам шариғаты балаға екпе алуға қарсы деп айту қате пікір деп ойлаймын. Мысалы, қажылар Меккеге қажылыққа барардың алдында түрлі ауруларға қарсы екпелерді қабылдайды. Олар екпе алмаған жағдайда, қажылық сапарын орындауға рұқсат берілмей жатады. Сондай-ақ, Әл-Азхар университеті ғұламалар кеңесі, Сауд Арабия, Марокко, т.б. мұсылман елдерінің пәтуа бөлімдері түрлі жұқпалы ауруларға қарсы екпе алудың шариғатқа қайшы келмейтіндігі жөнінде өз пәтуаларын берген. Себебі, екпе алу шариғат үкімі бойынша қандайда бір аурудан емделу үшін дәрі қабылдаумен тең. Халқымыз да «ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» дейді емес пе. Меніңше, екпе алу бойынша туындап отырған проблема көп жағдайда дәстүрлі емес діни ағым ерушілерімен байланысты болып отыр.

Ислам дінінің екпе алуға рұқсат ететіндігіне дәлел ретінде төмендегі дәйектерді келтіруге болады:

1. Пайғамбар (с.ғ.с): «Кім де кім таңертең «Аджуа» құрмасынан жеті данасын жейтін болса, ол кісі денсаулыққа зиян тиетін ауру-сырқаттардан сақтанған болады» дейді. Демек, бұл хадистегі нұсқауды түрлі аурулардың алдын алатын екпенің бір түрі ретінде қабылдауға болады.

2. Ислам дінінде жаңа туған нәрестеге пайғамбар сүннеті ретінде «Тахник» шарасы жасалады. Яғни, нәрестенің әкесі немесе үлкен кісі өзі шайнаған құрманың сөлін алып, баланың таңдайына жағып ары-бері жүргізеді. Осылайша сәбидің жаман ауруларға қарсы иммунитеті жасанды түрде (қолдан) күшейтіледі.

3. Екпе алу Аллаға тәуекел етуге қайшы келмейді. Себебі, Пайғамбар (с.ғ.с) «Сау адамды ауру адамның қасына кіргізбеңдер» деген. Яғни, бұл – жұқпалы аурулардан сақтанудың жолы.

4. Пайғамбардың (с.ғ.с) жаман ауру­лардан сақтану мақсатында «Арыстаннан қалай қашсаң, алапес адамнан солай қаш» деген хадисі келеді.

Олай болса, біз де түрлі жұқпалы ауру­лардан қазіргі және болашақ буынды қорғаудың шариғатқа қайшы келмейтін шараларын қабылдауымыз қажет деп санаймын.

Асан ЫСТЫ,

«e-islam» ақпараттық

порталының тілшісі.
ДӘУЛЕТ 07 маусым 2014 г. 1 972 0