« Сәуір 2025 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | 4 | 5 | 6 | |
7 | 8 | 9 | 10 | 11 | 12 | 13 |
14 | 15 | 16 | 17 | 18 | 19 | 20 |
21 | 22 | 23 | 24 | 25 | 26 | 27 |
28 | 29 | 30 |
В.В.Бартольдтің айтуынша Аралға жақын аумақ «тарихи өмір айналымына салыстырмалы түрде кейінірек енді». Арал теңізінің (А.т.) тіршілігі туралы ой-пікір грек авторларында кездеседі. Страбон (б.ғ.д. 64 – 63 – б.ғ.23 – 24 жылдар) «Танаис пен Меотид сыртындағы» елден шыққан (әңгіме Сырдария мен Әмудария туралы болып отыр) көшпелі дайлар халқы Каспий теңізінен шығысқа қарай орналасқанын атап көрсеткен.
Орта Азияға б.ғ.д. 138 – жылдары жіберілген қытай елшісі Чжан Цянь бұл жақта «биік жағалаулары жоқ үлкен теңіз» туралы алғашқы деректерді алға тартады. 568 жылдары Түркия еліне жіберілген византия елшісі де Арал теңізі жөнінде мағлұматтар ала келген. Дегенмен, 2-ғасырда Птолемейдің жасап, 1490 жылы Еуропада шығарылған картасында Әмудария, Сырдария Каспийге құяды деп көрсетіліп, Арал теңізі туралы ештеңе айтылмаған. Ал Арал теңізінің бар екенін бірден-бір және бірінші болып өз сөздерінде келтірген IV ғасырдағы грек тарихшысы Аммиан Марцеллин болды.
Әбу – л – Ғазының жазбасында (1630) А.т аталуы Әмударияның құйылысын мекендеген арал еліне байланысты делінеді. Араб зерттеушілерінің «Үлкен сызба кітабында» (1600) Ховарезм (Хиуа) немесе Сырдарияның құйылысындағы Жанкент (Женді) қаласының атауымен Женді аталған. «А.т.» деп алғаш рет араб жазушысы ибн – Русте (910) атайды. Көне заманда Каспий мен Аралдың қосылып жатқаны жайында шашыранды пікірлер де бар. 1417 ж. Хафизи Абру Хорезм (Арал) көлі құрыды, Жейхунның арнасы ауып, Хозарға (Каспий) құйды десе, 1570 ж. Әбу- л – Ғазы Әму қайтадан Аралға құйылды дейді.
Осылайша, ХVI ғасырға дейін А.т. туралы жаңа деректер кездеспейді. Тек 1552 жылы Иван Грозный «мемлекеттің сызбасын жасап, жерді өлшеу» жөнінде бұйрық беріп, 1627 жылы оның сипаттамасы дайындалып шығады. Міне, осы жазбада «Көк теңіз» деген атаумен А.т. туралы айтылады.
ХVIII ғасырдың аяғында көрнекті орыс географы және тарихшысы С.Ремизов үлкен еңбек «Сібірдің сызба Кітабын» құрастырып, осында А.т.-ін Әмудария, Сырдария құйылыстарымен әжептәуір жақсы көрсете білген.
Арал өңірі табиғатын ғылыми зерттеудің алғашқысы ретінде 1715 жылы жіберген князь А.Бекович – Черкасскийдің экспедициясы жөніндегі 1 Петрдің жарлығында, әңгіме арқауы болып отырған теңіз – алғаш рет Арал деп көрсетілген.
Сөйтіп, А.т. туралы карта біршама анықтала түсіп, топография-геодезиялық нақты деректер 1731 жылы қазақ хандығына орыс елшілері – геодезистерді жіберу арқылы алына бастады. ХVIII ғасырдың ортасында Ресей мен Қазақстан аралығындағы байланыстың қалыптаса бастауына орай Арал өңірін мақсатты сипатта зерттеу басталып, 1740-1741 жылдары келешек Сырдария сағасында қала салу мақсатында жер таңдау үшін И.Муравин басшылығындағы гидрографикалық экспедициясы А.т. шығыс жағалауына жіберіліп, ландшафтық карта жасалады.
Тек 1825 жылы полковник Ф.Ф.Бергтің басшылығындағы экспедиция теңіздің батыс жағалауы Үстірт жазығына нивелировка жасауға келген. Осы кезеңнен бастап теңіз деңгейі жөнінде әңгіме басталады.
Арал теңізі деңгейінің төмендегенін барон Е.К.Майндорф 1820 жылы Бұқараға жол сапары кезінде, содан соң, ХIХ ғасырдың 30-жылдарында А.т.жағалауын зерттеуге жіберілген Қазан университетінің профессоры, атақты зоолог Э.А Эверсман сипаттаған. Соңғы жылдары ғалымдар (проф. Ю.В.Новиков) А.т. 9 рет жер бетінен жойылып, сонша рет қалпына келгенін ғылыми негіздеп, зерттеу үстінде.
1831 жылы Орынбор шекаралық комисиясының мұрағат деректері мен 1820-1821, 1824-1826 жылдардағы қазақтар даласындағы инженерлердің айтқан әңгімелері негізінде А.Левшин А.т. картасын сызады. Бұдан соң ХIX ғасырдың 40-жылдары А.т. жағалауларында полковник Г.И. Данилевский мен натуралист Ф.И.Базинердің Хиуа экспедициясы жүргізген топографиялық жұмыстары кейін А.Гумбольдтің «Орталық Азия» кітабында және «Хиуа хандығының сипаттамасы» туралы есебінде Арал өңірі мен А.т. жөнінде мағлұматтар жан-жақты көрініс тапты.
Бұдан кейінгі 1842-1849 жылдардағы А.И.Бутаков басшылығымен болған алғашқы «жазба теңіз экспедициясы» зерттеулері көпке дейін жария етілмеді. Себебі, осы экспедиция құрамында жер аударылған Т.Т Шевченконы «қатаң тәртіпте» ұстау туралы патша үкімі дұрыс орындалмады деген Бутаковқа кінә тағылып, оның А.т. жөніндегі іргелі ғылыми еңбегі тек 100 жылдан соң ғана жарық көрді. Дегенмен, 1871 жылғы К.Шарнгорстің, 1873 жылғы Дж Гриммнің, 1874 жылғы Э.Пратцтың жаз айларында теңізден алған тәжірибелік сулары болмаса, А.т гидрологиялық зерделенуі ол кезде әлі де болса жеткіліксіз еді.
Арал өңірін зерттеу жұмысы Хиуа Ресейге қосылған 1873 жылдары біршама қозғалыс алды. 1874 жылы құрылған Арал – Каспий және Әмудария экспедициясы арқылы орыс зоогеографы Н.А.Северцов өз зерделеуін негізінен сол кезде белгілі бола бастаған А.т. құрғау процесіне бағыттады. Ол 1858 жылғы сапарында екінші рет Аралға 1875 жылы келгенде, яғни 17 жылдың ішінде алғашқы көрген түбектер мен аралдар – құрлыққа, шығанақтар майда көлдерге айналған екен. Осындай нақты деректерге сүйене отырып Н.А.Северцев Орта Азия мен Арал теңізінің құрғау теориясын ұсынады.
Арал теңізінің құрғау заңдылығын 1900-1902 жылдары экспедиция кезінде Л.С.Берг толық зерттейді. Оның зерттеуінше 1820 жылдан басталған теңіз деңгейінің төмендеуі 60 жылға созылған. Одан кейін 1880 жылдан бастап теңіз қайтадан көтеріле бастаған, сөйтіп 1908 жылы, яғни теңіз деңгейі төмендей бастағаннан 88 жыл кейін Арал қалпына келген. Оның бақылауынша ХIX ғасырдың 70-80 – жылдары Қамыстыбас көлінің тұзданғаны соншалық, ол ішуге де жарамай, 80 жылдың ортасында жергілікті халық бұл көлдің жағасынан көшіп кеткен. Кейін Сырдарияның деңгейі көтеріліп, оның суы кеуіп қалған арнаны өзі тазартып көлді толтыра бастап, 1890 жылы Қамыстыбас суы түгелдей тұщыға айналып, тұрғындар қайтадан көлдің жағасына қоныстана бастайды.
Осы деректер арқылы Л.С.Берг Орта Азия мен Арал теңізінің құрғау теориясын жоққа шығарады. Ол Орта Азия даласының ауа райы өте құрғақ келетінін, жаңбырдың өте аз жауатынын айта келіп, бұл шөлді дала үнемі «құрғақшылық сипатқа ие» деген қате пікір тудырмау керек, сондықтан бұл үлкен аймақтың және Арал теңізінің құрғау теориясы болмайды деген пікір айтқан. Шындығында, ХХ ғасырдың алғашқы 50 жылдарында (1911-1960 ж.ж.) Арал теңізінің деңгейі бір қалыпта болған.
Сондықтан да осы ретте айта кететін нәрсе: 1960- жылдардың екінші жартысында басталған Арал деңгейінің төмендеуіне қазір 50 жылдан астам уақыт өтті. Жоғарыда айтқан табиғи құбылыстың заңдылығы бойынша теңіздің көтеріле бастауы 2030 жылы, ал Аралдың қалпына келуі 2045-2050 жылдары болады деп жобалауымыз керек.
Сөзімізді әрі қарай жалғастырсақ 1884 жылы теңіз солтүстігіндегі Сарышығанақта «Арал теңізі» ГМС-сы ашылып, бұған дейінгі XIX ғасырдағы экспедициялар қорытындылары негізінде А.т. қоймасының флора, фауналары жөнінде алғашқы деректер бере бастады. 1897 жылы Орыс географиялық қоғамының Түркістан бөлімі А.т. деңгейінің көтерілу жағдайына зерттеу жүргізу сол кезде университет бітірген жас географ Л.С.Бергке бұйырды. Ол 1900-1903 жылдары бақылаулар жүргізіліп, бұл жұмыстардың қорытындысы бойынша 1908 жылы іргелі «Арал теңізі» монографиясы жарық көрді.
1905 жылы Орынбор – Ташкент темір жолының салынуына орай, осыған жақын аймақта Арал кенті негізделіп, 1911 жылдан бастап А.т. деңгейіне жүйелі түрдегі алғашқы бақылау орнатылды. Себебі, 1906-1911 жылдары А.т. деңгейі көтеріліп, құрылықта жаңа шығанақтар пайда болды. Осы кезден бастап Арал өңірін зерттеу шұғыл түрде жандана бастады.
1929 жылы балық аулау мәселелерімен қоса теңіздің гидрологиясын зерттеу мақсатында Арал балық шаруашылығы стансасы (1925 жылы Л.С.Берг жетекшілік еткен экпедиция негізінде) ашылып, 30-жылдары теңіз ағысын зерттеуге айрықша көңіл бөлінді. Бұл істі 1931 жылы Л.С.Берг, 1932-1933 жылдары – А.А.Беннинг, 1936-1937 жылдары – М.Е.Жданко жүргізіп, барлығы 200-ден астам анықтамалар алынып, ол 1940 жылы кітап болып басылып шықты.
Осы жұмыстарды жинақтай келе, 1932 жылы Н.М.Книпович «зерттеу әлі де болса жеткіліксіз, себебі, ол жылдың барлық маусымдық өзгерістер циклын толық қамтымаған» - деп жазды. Сондықтан да, 1935 жылы ВНИРО Арал бөлімшесіне басшылық жасау Г.В.Никольскийге жүктеліп, гидрологиялық жағдайлардың маусымдық өзгерістерін тұрақты жұмыс істейтін «Арал теңізі», «Баян», «Ұялы», «Тигровый», «Лазарев» және «Барсакелмес» стансалары арқылы зерттеп, қорытындылары «Арал теңізінің балықтары» атты монографияда жинақталды.
1943 жылы «Аралрыбвод» және Арал балық шаруашылығы стансасының кешенді экспедициясы жұмыс жасап, бұдан соң 1946 жылдары А.т құйылатын су көлемінің азаюын зерттеу, 1950 жылы Үкіметтің су құрылысы және өңірдегі жерлерді суландыру шешіміне орай, әсіресе навигациялық мерзім 7-9 мамыр, 13-15 тамыз, 20-22 қазан күндері жүйелі түрде гидрометеорологиялық бақылау жұмыстары жүргізіліп отырды. Осымен қатар, осы жылдары теңіздегі жылу алмасу, мұздақтану тәртібі, сейштік жағдайларға (ұзақ мерзімде ағынсыз толқындар) зерттеулер ұйымдастырылды.
Арал теңізін қарқынды зерттеу әсіресе 60-жылдары ірі жер массивтерін суландыру, шаруашылықтар игеру, магистральдық каналдар мен сыйымдылығы жоғары су қоймаларын салу, соның нәтижесінде Арал теңізі деңгейінің төмендеуіне байланысты жүргізіле бастады. Мысалы, В.П.Львов (1965), В.И.Лымаров (1967), А.В.Шнитников (1968),Геллер (1969), И.Г.Вайнбергс (1969-1971), Богданова, Костюченко (1977,1978,1981), Кесь (1985), Станични (2000-2006, кешенді спутниктік мониторинг), В.И.Кравцов (2006,2001,2006), т.б. зерттеулер.
Бірақ, кейінгі отыз-қырық жылдық мерзімді есепке алмағанда, одан бұрынғы 1970 жылдарға дейінгі мен шолу жасаған – жарық көрген басылымдар мен карталар, басқа да мұрағат құжаттарын көп жағдайда еш жерден кездестіре алмаймыз. Неге? Бұл мұрағатшылар мен кітапханашылар басшыларының ойланар міндеті.
Сөзімді қорытындылай келе, жақын арада Қазақстан баспасөзінде Мәскеу мемлекеттік университеті тарих факультетінің деканы, ақпараттық-сараптамалық орталық директоры Алексей Власовтың айтқанындай, менің де айтпағым: «Бүгінде қазақ түгілі Ресей тарихы мұрағат, дерек көздерінде негізделмей тұрғанын ашық айтуымыз қажет. Еуропацентризммен әбден уланған шетелдік копестердің, барлаушылардың, әскери адамдардың немесе географтардың қазақ, не орыс тарихы туралы жазбаларына сыни талдаусыз, сөзсіз ақиқат деп қарауға бола ма?».
Сондықтан да қазір білікті, тәжрибесі мол зерттеушілерден құралған топтар Қытай, Ресей, Өзбекстан, Ұлыбритания сияқты 20 мемлекеттердегі қазақтарға қатысты деректер табылуы мүмкін деген елдердің архивтерін сүзіп, маңызды деректер мен материалдарды жинақтау үстінде.
Бұл үлкен істе қызылордалық мұрағатшыларына да үлкен ізденушілік, зор табыстар тілеген абзал.
Қуанышқали ШАПШАҢОВ,
« Сәуір 2025 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | 4 | 5 | 6 | |
7 | 8 | 9 | 10 | 11 | 12 | 13 |
14 | 15 | 16 | 17 | 18 | 19 | 20 |
21 | 22 | 23 | 24 | 25 | 26 | 27 |
28 | 29 | 30 |