БІЛІМ МӘДЕНИЕТІ ЖӘНЕ ФИЛОСОФИЯСЫ

Газет тілшісінің "Өрлеу” біліктілікті арттыру ұлттық орталығы” акционерлік қоғамының филиалы – Қызылорда облысы бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтының кафедра меңгерушісі, философия ғылымының докторы, профессор Баймырза Қожамберлиевпен әңгіме-сұхбаты бүгінгі күннің өзекті мәселесі – білім мәдениеті мен философиясы тақырыбы төңірегінде өрбиді.

Тілші: – Баймырза Қожам­берліұлы, сұхбат-әң­гіме­мізді мы­­на­дай сауалдан бастау­ды қолайлы көріп отырмын. Бү­гінгі дәуірді аға буын өкілдері білімнің қадірі жоғалған заман ретінде бағалайды. Бұл технократтар кезеңі аталып жүрген бүгінгі заманның бір ерекшелігі шығар деп ойлаймын. Барлығы "сананы тұрмыс билейді” дегеннен шығады емес пе, осы орайда тұтынушылық қоғамның адам психологиясына тигізетін кері ықпалын жоққа шығаруға болмайды. Қоғамда, менің ойымша, білім алғашқы қажеттіліктен екінші, тіпті үшінші қатарға сырғыды. Сонымен білім дегеніміз не? Білімді диплом дәрежесімен өлшеп- пішуіміз дұрыс па? Әлде сауатты, білімді адам болу үшін біз бойымызға басқа қасиеттерді жинақтауымыз қажет пе?

Б.Қ: – Ең алдымен айтарым, білім – мәдениеттің элементі. Білім қатарына шартты түрде сөзсіз дәлелденген және логика жағынан реттелген деректерді жатқызады. Ал қалғандарын білімге жатқызуға болмайды. Шығыс данасы Конфуций «Білу дегеніміз – табиғатты емес, адамдарды танып білу» – деп есептейді. Кейбір адамдарға «туа біткен білім» тән болғандықтан, олар басқалардан жоғарырақ тұрады. Олардан кейін білімді оқу арқылы алғандар иемденеді. Оқу, таңдамалы түрде болуы керек. Оқығанда тек өмір­ге керекті, ең дұрыс деген қағидаларды білу керек те, қалғандарынан аулақ болуымыз қажет. Білу – дегеніміз тек қана өзіміз білмейтінді үйреніп, білу емес, сонымен қатар зерттеп отырған мәселелерді жан-жақты қарастыру тәсілі болып табылады. Ежелгі грек данасы Сократ жалаң білім беруге, құр білімді дамытуға қарсы болған. Оның ойынша, жалаң білім ештеңе бермейді, қайта адамды бұзады, софистер айтқандай, тіпті адамды өлтіріп жіберуі де мүмкін, тіпті бұрыңғы қалпынан айырып жібереді. Ұлы бабамыз Әл-Фарабидің айтуынша «Білімді болу деген сөз – белгісіз нәрсені ашу, игеру қабілетіне ие болу деген сөз.

Қазір біз екі жақты қауіпке тап болдық. Бір жағынан, ғылым өскен сайын адам өзінің сауатсыздығын күннен күнге жете түсініп келеді. Әсіресе, ғылыми техникалық революция кейбір адамдардың білімді игерудегі дәрменсіздігін, бейшаралығын ашып көрсетуде.

Ал, екінші жағынан, көптеген мектептер мен оқу орындарында жастарға шала білім берілетіндігі әркімге аян. Ондай шала білім жастардың өміріне, болашағына зияннан басқа пайдалы ештене әкелмейді. Қазіргі заман парасатты білім философиясының заманы десек, қателеспейтін шығармыз. Себебі кез келген диалог өзінің жаратылысы жағынан табиғи нәрсе. Өмірдің мәнді-мәнсіз болуы көбінесе адамның бірін-бірі тыңдап білуіне байланысты. Ақиқатты іздеу-адамның мәңгі таңдаған жолы, өзінің өзгеге ұқсамайтындығы, тіл­десуі, танымдық сипатымен ерекшеленеді. Өмір тоқтаусыз ілгері жылжи береді. Адамның, адамзаттың да ақыл-ойы өсіп жетіледі. Сондықтан да философиялық ілім өмір талабын түсінуге ұмтылады. Ғылым мен білімнің көмегімен табиғаттың небір тылсым сырына үңіліп, оның тұңғиығына жол сала алған адам, іскер де жасампаз адам, кенеттен таңдауға тап болады: қандай білім жүйесі болуы керек? Білім жүйесін дамыту процесіне назар аударсақ, оны ұйымдастырудың ғылыми деңгейде дамыған әртүрлі бағыттары, әр деңгейдегі оқыту жоспарларының жасалынғанын байқаймыз. Уақыт өткен сайын бұл мәселеге, оқыту формасына, мамандарды даярлауға жаңаша көзқарас қалыптасады.

Тілші: – Философ-ғалым ретінде білім мәдениеті және білім философиясы деген ұғымды қалай түсіндіресіз? Бұл бүгінгі күннің қажеттілігінен туындаған қағида ма?

Б.Қ: – Қазіргі білім беру ұйымдарының оқу үрдіс­те­рінде негізгі мақсат оқушы­ларға қажетті ұғымдарды қа­лып­тастырып қана қоймай, сонымен бірге оларды саналы түрде меңгеруіне қол жет­кізу. Сондықтан мұғалімдер оқу­шылар арасындағы өзара бірін-бірі рухани байыту қарым-қатынасын көрсете отырып, «өзіңді-өзің танып біл» деген ұстанымды білімнің сұх­баттық үрдісін құрайтын құрам­дас бөлім екендігін ерекше атап көрсетуі қажет деп ойлаймыз. Адам табиғаты көп жағдайларда өзі қол жеткізген жетістіктеріне қанағатшыл болып келеді. Ал, енді бір адамдар жетістікпен шектелмей, алдына үнемі жаңа мақсат қойып, соған жету үшін әрекет жасайды. Бір қоғамның білім жүйесін түсіну, сол қоғамның өмірін түсіну болып табылады. Бүгінгі күні білім жүйесінің ішкі қырларында, білім берудің жаңа модельдерін таңдау қажеттілігі туып отыр. Білім саласында өзіндік және белсенді түрде дамыған басымдық бағыттағы жаңа модельдерді іздестіру жұмыстары күн тәртібінде тұр. Білім жүйесіндегі жан-жақ­тылық – оның тұрақтылығы мен нақтылығының негізгі керекті кепілі. Осы таңдауда білім стратегиясының тиімді түрлері дүниеге келмек. Бірақ, мына бір жайды түсінген жөн. Білім жүйесінде ешкім үстемдік жасай алмайды. Білімде әрқашан бірге өмір сүретін, қақтығыста болатын консервативтік және динамикалық құрамдас бөлік­тері де кездеседі. Педагогикалық әдістемелік зерттеулерде оқыту пәндерінің арасындағы қатынас мәселесін шешуге арналған із­деністер, сол сияқты білім мен мазмұн құрылымындағы қиындықтың оны туралы пікір таластар әлі де жалғасын тауып келе жатыр. Олардың басым көпшілігінің пікірлеріне сәйкес оқыту пәндерінің маз­мұны арасындағы өзара қа­тынасы-мамандарды даярлау мазмұнының аса маңызды мәсе­лелерінің бірі болып саналады және де онда оқытылатын пәндерде кездесетін білім мен мазмұн құрылымының қи­сындық орны жеткілікті дәрежеде зерттелмегендігі де жиі айтылады. Сондықтан да осы орайда жаңа философиялық білім беру жүйесін дамыту процесі күн тәртібіндегі мәселелердің біріне айналып отыр. Философия ілімі қазіргі кезеңде бұрынғыдан да тереңірек, ауқымдырақ маңызға ие болып отыр. Оған жастардың аңсары ауып, қызыға бастағаны айдан анық, шындық. Философияның қызығы мен қиыншылығы мол қазіргі уа­қытта көпшіліктің назарына ілінуінің бірнеше объективті және субъективті себептері бар. Объективті себептері өр­ке­ниеттің жүрдек дамуының әртүрлі бағыттар мен пікірлердің бетпе-бет ұшырасуынан туындап отырған қарама-қайшылықтар мен келіспеушіліктің тереңдей түсуімен тығыз байланысты. Бұрын тарих доңғалағының қоз­ғалысы мүлдем басқаша режимде болды. Бұрынғының адамдары батқан күнге қарап «бір күнім өтті» – деп жылайды екен. Қазіргі біздер бір күніміздің тез өтіп кеткенін байқамай қаламыз. Сонда біз қайда асығамыз? Түбінде оларды да, бізді де күтіп тұрған бір ғана ақиқат бар, ол –өлім. Бұрынғының адамдары уақыттың көсемі болып, көсіле серпіп, асықпай, аптықпай өмір сүріп жатты. Жер қандай кең болса, оның пейілі де, ықпалы да, сондай кең еді. Сондықтан да олар өмірге де, өзіне де, өзгеге де салиқалы сабырлылықпен, күнәдан пәк, кіршіксіз таза сезіммен қарады. Ал, бүгінгі біздердің жағдайымыз мүлдем басқа. Ғылым мен техниканың дамыған заманында біз машина сияқты, бірдей зымырап барамыз. Асығып, аптығып барлық өміріміз машина үстінде өтіп барады. Біз өмірге де, өзгеге де, өзімізге де космостық жылдамдықпен қараймыз. Әлгі ата-бабамызға тән салиқалы салмақтылық «күн сүйген күнгейдің шуағы» дегенді білмейміз. Өйткені күннің шуағының өзі бізге көп түсе бермейді. Өмір күтіп тұрмайды, ұдайы асығамыз. Күн сәулесінен нұр алмаған, табиғаттың аялы алақанын сезбеген, оның сұлулығына тәнті болмаған қазіргі адамдарда қандай биіктік, қандай рухани тереңдік бар дейсіз?!

Белгілі қазақстандық мәдениет­танушы, Зира Наурызбаева өзінің «Антропологиялық дағдарыс жағдайындағы мәдениет пен білім»- деген ғылыми мақаласында жаңа тәртіп идеологы, батыс ойшылы Жан Аттали «қалтасына тіс шұқығышы мен кредит карточкасын салып алып дүниеге келген, әулетіне де, отанына да ештеңеге байланбаған қаңғыбастың бейнесін сомдап шығарған» деп, жазды

Ал, американ философы Э.Франк былай деп пікір білдіреді: «технократиялық ойлаудың өлшемімен пішілген дүние адамдық сипаттан айырылады, онда адамдық бостандық, жауапкершілік, өмір мәні атымен болмайды».

Осындай жағдайда адамның мәні мен мағынасын жан-жақты түсіндіріп, оны шынайы гуманистік табиғатын көрсететін философиялық ілімге көз тігуіміз кездейсоқтық болмаса керек.

Біздің ойымызша, білім философиясы адамның мәдени ортадағы ақыл-ой және адамгершілік жағынан дамуын, бұл үрдіске білім беру жүйесінің әсерін қарастырады. Білім философиясы білімдік үрдістегі барлық құбылыстардың мәні мен табиғатын зерттейді. Сонымен қатар, білім ұғымының үш мәнін атап өткеніміз жөн.

Олар білім – тұлғаның игілігі, білім – тұлғаның өзінің игілігін жасау үрдісі, білім жүйесі барлық азаматтарға сондай игіліктерді алуға көмектесетін әлеуметтік институт болып табылады.

Білім ұғымының мәнін анықтағаннан кейін білім берудегі мынадай нәтижелерге қол жеткізуге болады. Білім құзыр ретінде айқындалады. Білім "қанша білгенін емес”, "не үйренгенін” айқындайды. Білім нақты пән мазмұнының біліктілігінен жоғары, кең мағынадағы дағды жазбасы ретінде, тікелей немесе жанама бағаланады. Ол білім үрдісіне қатысы бар барлық субъектілерге түсінікті, жоғары деңгейдегі ойлау дағдысына бағытталуы қажет.

Философ ретінде менің пайымдауымша, білім құндылықтар әлемi–мәдениет әлемi, адамның рухани әрекетiнiң саласы, тұл­ғаның рухани байлығы өл­ше­мiн бiлдiретiн, оның адам­гершiлiк санасының басым­дықтарының саласы болып табылады.

Құндылықтар дүниетаным ықпалымен қалыптасады, өйткенi адам әрқашан әлеуметтiк тәжiрибе барысында әр алуан көзқарастарды бiрiктiруге ұмтылады. Білім философиясы адамды басты құндылық деп санайды. Ал адам – индивид, даралық, субъект, тұлға.

Тілші: – Ал біз жан-жа­ғымызды бағдарлап, құбылыс­тарға баға беру үшін логикалық ойлау жүйесіне сүйенеміз. Осы тұрғыдан алғанда, логикалық ой мен білімнің арақатынасы қандай? Білімнің құқықтық айқындамасын білдіретін дип­лом­ды адам логикасыз ойлау жүйесінен ада болса, бұл жақсылықтың нышаны емес. Логикалық ойлау жүйесін мең­гер­меген әлгі дипломды маман­ның келешегі де бұлыңғыр емес пе?!

Б.Қ: – Логикалық ойлау жүйесін жан-жақты меңгерген адам – тұлға. Тұлғалық, даралық қасиеттерді меңгерген адамның білімді болатыны еш дау туғызбайды. Бұл бір-бірімен егіз ұғымдар.

Ал біз осы ойлау жүйесін меңгеруден мүлдем қашықтап, ой мешеулігіне тым жақындай түскенімізді мойындағымыз келмейді. Бұл, менің пайымдауымша, өте қауіпті құбылыс. Әлі Мұхтар ағамыз айтқандай, мәңгүрттер тәрбиелеп шы­ғуға жақындап қалдық. Жа­қындап қалдық дейміз-ай, бұл жиіркенішті дерт дендей бастады. Білім логикасы тұлғаның даму заңдылықтарын қарастырады және сол жайлы ойлаудың бағытын реттейді, басқарады. Сонымен қатар танымдық үрдісте өзі де өзгеріске ұшырайды. Білімдегі алынған дұрыс не теріс нәтижелердің себебі не? Неге байланысты осылай болды? – деген сұрақтардың жауабын іздеуде логикалық білімнің қажет екендігі түсінікті.

Бұл туралы Д.Дьюи педагогикадағы барлық ойлар екі идеяның күресін көрсетеді. Оның бірі білімді табиғи қабілеттерге негізделген даму деп есептесе, ал екіншілерісыртқы әсерлер арқылы табиғи бейімділіктердің орнына жаңа қабілеттерді қалыптастыру деп есептейді.

Дәстүрлі білім жүйесінде мәдениетті сақтап оны ұрпаққа жеткізіп отыру құндылығы жетекші роль атқарады. Онда баланың өмірі әлі де нағыз, толыққанды өмір деп есептелінбегендіктен оқу әрекетінде қатал мәжбүрлеу орын алады. Еліміздегі көптеген мектептер тәжірибесінде осы уақытқа дейін дәстүрлі жүйенің тоталитарлық талаптары әлі де орын алып отырғанын жасыруға болмайды.

Қорыта айтқанда, білім беру үрдісіндегі білім мәдениеті мен философиясының алатын орны ерекше екендігіне көз жеткіздік. Қазіргі таңда өркениетті елдердің жоғары оқу орындарында, біліктілікті арттыру курстарында білім философиясы кеңінен оқытылады. Сондықтан болар, «Өрлеу» біліктілікті арт­тыру ұлттық орталығы Қы­зылорда облысы бойынша педа­гогикалық қызметкерлердің бі­лік­тілігін арттыру институ­тының директоры профессор Бауыржан Елеусіновтың бастамасымен мұғалімдердің білік­тілігін арттыру курстарында білім философиясының өзекті мәселелерін оқыту басталды. Институтта білім философиясы пәнінің тыңдаушылар тара­пынан қызығушылық таныт­қандығын атап өткіміз келеді. Бұл еңбегіміздің, оқытудың жаңа үрдісін меңгеру бағытында атқарылған дайындық жұмыстарының тиісті нәтижеге жеткізіп жатқанын көрсетеді.

 

Әңгімелескен
Жолдасбек АҚСАҚАЛҰЛЫ.
ДӘУЛЕТ 07 маусым 2014 г. 2 486 0