БАЛАЛАРДЫҢ КҮЛКІСІ – ӘЛЕМНІҢ НҰРЫ!

БАЛАЛАРДЫҢ КҮЛКІСІ – ӘЛЕМНІҢ НҰРЫ!

Жыл сайын 1 маусым күні тойланатын Халықаралық балаларды қорғау күнінің қарсаңында «ПҚҚР» АҚ-ның өкілдері өңірлердегі қамқорлықтарына алған бүлдіршіндерге барып қайтты. Мұнайшылар сыйлықтарын алып, Қазалыдағы мүгедек балаларға арналған «Шапағат» оңалту орталығында және Жаңақорған ауданында орналасқан «Балдәурен» қоғамдық қорының «Балғын» балабақшасында болды.

Қазалы ауданындағы «Шапағат» балаларды оңалту орталығының тәрбиеленушілері 1 маусымды асыға күтеді. Қазіргі таңда осында мүмкіндігі шектеулі 40 бала ем алуда. Халықаралық балаларды қорғау күніне арналған мерекеде «ПетроҚазақстан Құмкөл Ресорсиз» компаниясы атынан олардың әрқайсысына ойыншықтар мен тәтті сыйлықтар табысталды.

– «ПетроҚазақстан Құмкөл Ресорсиз» компаниясының ұстанымы: балалар жылына бүкіл 365 күн қамқорлық пен ілтипатқа бөленуі керек, – дейді «ПҚҚР» АҚ жұртшылықпен байланыс жөніндегі менеджері Хұсаин Сәрсембаев. – Біз орталықпен бауырласып кеттік, бұл – біздің балаларымыз. Олар сауығып, оңалып кетсін және бақытты өмір сүрсін.

Қазір «Шапағат» орталығында 40 бала оңалту курсынан өтуде. Осында олар жан-жақты көмек алуда. Бірнеше ондаған жас бүлдіршіндер өз сырқаттарын жеңіп, кәдімгі мектепке баруға мүмкіндік алды.

***

Осы күні «ПетроҚазақстан Құмкөл Ресорсиз» компаниясынан сыйлықтар мен тәттілерді Жаңақорған ауданындағы «Балдәурен» қоғамдық қорының «Балғын» балабақшасының тәрбиеленушілері де алды.

Мерекелік іс-шара барысында бал­ғын­дықтар тәрбиешілерге, ата-аналар мен қонақтарға балабақшада тәрбиеленген уақытта нені үйренгенін керемет көрсете алды. Ертеңгі мектеп оқушылары оларға өлең шумақтарын оқыды, сыңғырлаған әндер айтты, ұлттық және заманауи балалар билерін биледі, кішігірім театрлық қойылымдар қойып, рөлдерде ойнады және ересек көрермендердің ду қол шапалақтары мен алғыстарына бөленді.

Петроқазақстандықтар бүлдіршіндерге оқу құралдары мен толық жинақталған оқушы сөмкелерін және компанияның логотипі таңбаланған бейсболкаларды табыстады.

 

Айдос АБСАТ.
ДӘУЛЕТ 05 маусым 2014 г. 1 247 0