ЕЛ ҚОРҒАҒАН ЕР МАМАЙ

ЕЛ ҚОРҒАҒАН ЕР МАМАЙ

Ұлт тарихы туралы тағы бір кітап жарық көрді. «Мамай: аңыз бен ақиқат» деп аталатын туынды авторы Әлібек Сабырбаев.

Бірден айта кетейік, автор кәсіби тарихшы емес. Бірақ ұлттың өткеніне үңіліп, тарихын түгендеуге бұл кедергі болмаса керек.

«Тұмар» баспасынан жарық көрген туынды кезінде жарты әлемді тітірткен Алтын Орданың айбарлы қолбасшысы Мамайға қатысты түрлі деректерге толы. Біз осыған дейін Қият тайпасынан шыққан түркі даласының дарынды стратегі туралы тек орыс жылнамашылары қалдырған деректерден ғана біліп келдік. 1380 жылы өткен Күлік даласындағы ұрыста («Куликовская битва») орыс қолынан күйрей жеңілді дегенді де басқалар жазған тарихтан оқыдық. Ал автор осы Күлік даласындағы ұрыстың болғанына күдікпен қарайды.

Жалпы, бұл мәселе соңғы жылдары орыс тарихшылары арасында да талқыланып келеді. Арнайы экспедиция Алтын Орда мен Мәскеу княздігінің арасындағы алапат соғыс өтті деген аумақты зерттегенімен, дерекке дәйек болар із таппағаны да белгілі. Осыдан кейін кейбір көзі ашық орыс тарихшылары арасында «Бұл ұрыс болды ма, болмады ма?» деген мәселе тұр. Тіпті ұрыс тактикалары жайлы ештеңе айтылмайтын жазбаның көп тұсы «Үшінші Иванның Новгородқа сапары жайлы жырдан» алынған» деген пікір айтатындар бар. Әлібек Сабырбаев та осы батыс, орыс тарихшыларының соңғы жылдары жазылған еңбектерін салыстыра отырып, мәселеге қатысты тың ой айтады.

Екімыңыншы жылдардың басында Украина астанасы Киевтегі тәуелсіздік алаңында ерекше ескерткіш бой көтерді. Украин халқының тарихын бейнелейтін осы ескерткіште Мамай да бейнеленіпті. Бірақ ол Мамай түркі даласының даңқты ұлы емес, украиндарды құлдықтан құтқарған казак атаманына айналып кетіпті. Олар да атаман Мамайдың Алтын Ордада аса беделді тұлға болғанын, Бердібек ханның қызын алғанын, Қият тайпасынан шыққанын айтады. Тек, қият тайпасы славян екен де, ал Мамай бар өмірін украин халқының азаттығына арнаған болып шығады.

Алтын Ордадағы беделді қолбасшы болған Мамай генуэялықтарға қатты сүйенді. Маңайына солтүстік кавказдықтар мен шеркестерді топтастырды. Ал украиндықтар Алтын Орданың көп этникалық бір құрамы ретінде Мамайдың әскерінің құрамында болды. Бүкіл өмірін Алтын Орда жолындағы күреске арнады. Ал оның басқа телініп кетуі біздің әлі күнге Алтын Орданы басқа мемлекет деп қабылдап отырғандығымыздың салдары.

Бұл бағытта жаңаша көзқарас білдіретін уақыт жетті. «Мамай: аңыз бен ақиқат» осы талаптың бастамасы деп білеміз.

 

М. ТОҚТАҒҰЛ.
ДӘУЛЕТ 31 мамыр 2014 г. 1 157 0