« Сәуір 2025 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | 4 | 5 | 6 | |
7 | 8 | 9 | 10 | 11 | 12 | 13 |
14 | 15 | 16 | 17 | 18 | 19 | 20 |
21 | 22 | 23 | 24 | 25 | 26 | 27 |
28 | 29 | 30 |
Облыстық мәслихаттың сайлауында үш дүркін топ жарып шыққан депутат Алтынбек Дәуменұлы Шоманов қазір жігіт ағасы. Сөзді салмақтап айтады, бос сөзге жоқ. Ата-бабалар тарихын тереңнен қозғайды. Отырған жерде Молда Шәмші әулетінің үрім-бұтағынан өрнекті ой тастайды. Соңынан ерген інілері аға отырған жерге сөз тыңдауға құмар. Иә, Алтынбек осы "Қызылордажолдары” АҚ қоғамын отыз жыл бойы басқарып келеді. Сыр өңіріндегі жол салудың бірден-бір маманы. Сан тараулы жолдың ой-шұқырын жатқа біледі.
Бүгін біз осынау жол салу ұжымының басшысы Алтынбек Дәуменұлы Шомановпен әңгіме-сұхбат құрғалы отырмыз.
– Алтынбек Дәуменұлы, өмір жолыңыздан сөз қозғасаңыз, сонан соң осы мамандыққа итермелеген қандай құдірет деп ойлайсыз?
– Әңгімені әріден қозғайын. Біздің отбасы талай қиын-қыстау сәттерді бастан өткізген. Ағайын-туыс асыра сілтеу, ашаршылық жылы Өзбекстанға қоныс аударып кеті. Әкем Дәумен қажы сол ағайындарға іздеу салып, 250-дей отбасын Жаңақорғанға көшіріп әкелді.
Әкемнің арғы аталары елде көпір салып, жол салған, канал қазып, елді отырықшылыққа баулыған. Егіншілікпен айналысқан көрінеді. Біздің отбасын ұстаздар әулеті дейді.
Білікті ұстаз Дәумен атамыз ұзақ жыл мектепте мұғалім, директор, партия, кәсіподақ жұмыстарында болды. 17 немере, 4 шөбере сүйді. Қажылық парызын өтеді. Бізге өсиет ретінде "Ғибратнама” атты естелік кітабын жазып қалдырды. 2003 жылы 5 қаңтарда сексенге таянғанда дүниеден озды. Анамыз Гауһар 80 жыл ғұмыр кешіп, фәни дүниеге аттанғаны он жылға жуықтады.
Енді өзімнің өмір жолыма оралсам, Қарағанды политехникалық институтын бітірдім. Бітірген бойда қатардағы жұмысшыдан осы күнгі АҚ "Қызылордажолдары” басқармасының директорлығына көтерілдім.
– Сіз басқарып отырған мекеменің тарихы әріде жатқан болар?
– Әлбетте. Бұл мекеме 1940 жылы құрылған. 1996 жылы ашық акционерлік қоғамы болып құрылды. Бізге 8 жол салу учаскесі қарайды. 1600 шақырымдық жолды күтіп-ұстау, жөндеуді қосымша атқарамыз. Ұжымда мыңдаған адам, маман-мастерлер еңбек етуде. Негізгі кадрларымыз Сыр өңірінің тумалары. Оқимын деген жастарға көмектесеміз. Ұжымды жыл сайын осы заманғы техникалармен толықтырудамыз. Еңбек ардагерлеріне, кем-кетік жандарға, мамандарға көмектесеміз, қол ұшын береміз.
– "Жол қадірін жүрген білер” дейді ғой. Жол жақсы болса, белгіленген жерге шаршап-шалдықпай жеткен үлкен ғанибет. Бұл жайында не айтар едіңіз?
– Шындығын айтайықшы, кешегі кеңестік жүйе ыдыраған сәтте қиыншылыққа кезіктік. Жекешелендіру дүрбелеңіне түстік, еңбек адамдарына жалақы беру қиындады. Білікті мамандар уақыт қысталаңына душар болды. Бірақ, біз жоқтан бар жасап, ұжымның шаңырағын ұстап қалдық. Шүкір, қазір жылма-жыл табысымыз, айналым қорымыз көбеюде, жалақыны уақытылы беріп келеміз.
Жолды күтіп-ұстауға белгіленген ұжымдар мүдделі болуға тиіс. Жолдармен жүріп жатқан көліктердің құрамы қандай, салмағы қандай? Міне, осы жағына қатаң бақылауда болуға тиіс. Әрбір бес жылда жолдың жоғарғы қабаттарын ауыстырып отырған жөн, сонан соң 15-20 жылда күрделі жөндеу қолға алынғаны абзал.
– Депутат ретінде қандай іс тындыруға мұрындық болдыңыз?
– Депутат – ең алдымен бұқараның ой-пікірлерін жеткізетін билік пен халықтың арасындағы дәнекер. Әрбір сессияда көтерілген мәселеге байыппен ұсыныс айту, қолдау көрсету. Қаржының нысаналы жұмсалуына ұйытқы болу. Ай сайын өз сайлаушыларыммен кездесу өткіземін, ұсыныс-талаптарын бақылауға аламын. Ардагер ағалардың, Батыр аналардың ақыл-кеңесін тыңдаймын.
– Сіздің ұжым соңғы жылдары Ақтөбенің Ырғыз жерінде еңбек еткенінен хабардармыз. Неге көршілерге ықылас білдірдіңіздер, әлде Сыр өңірінде жұмыстың реті болмады ма?
– Сұрақ орынды. Рас, кезінде біздің өлкеде жұмыс жайы қиындағаны бар. Сонан соң Ақтөбе жерінен тапсырыс алып, ұжым қаржысын одан әрі молайтуға баруға тура келді. Қазір барлық жұмысымыз туған топырақта жүріп жатыр. Жаңақорған, Қармақшы аудандарында жол салудамыз. "Түгіскен” өңіріндегі бірқатар жолдарды қайта жөндеуді қолға алудамыз.
– Қазір Қызылорда қаласының көшелерінде сіздің ұжым елеулі еңбек етіп жатыр деп естудеміз. Бұл жайында не айтар едіңіз?
– Өз қалаң өз үйің ғой. Қала әкімі көшелерді жаңартуды қызу қолға алып жатыр. Бұған біз де үлес қосуды парыз тұттық. Шет аймақтар түгелдей асфальтталып, қала көріктене түсуде. Көгалдандыру бұрын-соңды болмаған деңгейге көтерілді. Гүл алаңдары көбейіп келеді. Үлкен даңғылдар көбеюде.
Біз биыл қала ішінен 13 көшені жөндеудi тендерге түсіп, жеңіп алдық. Бүкіл Титов қонысындағы Дүр Оңғар, Манап көшелерін жөндеу асфальттау қызу жүргізілуде. Батпақтан көз ашпаған жырау-күйші К.Рүстембеков атындағы көшені асфальттап, келбетін өзгерттік.
– Жұмыстарыңызға қозғалыс басталған екен. Бұл қуанышты жай. Айтпақшы, "Өзгент” ауылынан мешіт салғаныңызды айтпай кеттіңіз ғой.
– Ислам – бейбітшілік, ал дін – құдіретті күш. Бабаларымыз ұрпақ бойына адалдықты дін арқылы уағыздаған,мешіт-медресе ашқан. Зұлмат тұсында сол мешіттер қиратылды, жермен-жексен болды. Жүрек сыздатар жайлар көп қой.
Рас, кіндік қаным тамған "Өзгентте” өз қаржыммен мешіт салдым. Қазір мешіт нағыз имандылық үйіне айналды. Күтіміне назар аударуды басты бағыт ұстап отырмыз. Мешітке елдің ықыласы бөлек, жұма намазда уағыздар айтылады, ас беріледі, дәріс жүргізіледі.
– Отбасыңыз жайында сөз қозғасаңыз?
– Әр отбасы мықты болса, қоғам ілгерілейді. Зайыбым Пернеш – ұл-қыз өсірген бақытты ана. Құда-жекжаттарымызбен сыйластығымыз жарасымды. Ұлым Асхат – жол мастері, қызым Ботакөз, Мөлдір – экономист-қаржыгер, немерем Ақтолқын мектепті алтын медальмен бітіріп, мединститутта оқып жатыр.
– Дүниедегі ең тәтті не деп ойлайсыз?
– Жұмыстан оралған бойда шаршап-шалдыққаннан немерені бір құшақтасаң, сергіп қаласың. Осы сәтте ең тәтті немере екен. Амирлан, Әлішер жүгіре шыққанда ұшарға қанат таппай қаламын.
– Жақсылығыңыз көбейсін, Алтеке!
Сұхбаттасқан
« Сәуір 2025 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | 4 | 5 | 6 | |
7 | 8 | 9 | 10 | 11 | 12 | 13 |
14 | 15 | 16 | 17 | 18 | 19 | 20 |
21 | 22 | 23 | 24 | 25 | 26 | 27 |
28 | 29 | 30 |