« Сәуір 2025 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | 4 | 5 | 6 | |
7 | 8 | 9 | 10 | 11 | 12 | 13 |
14 | 15 | 16 | 17 | 18 | 19 | 20 |
21 | 22 | 23 | 24 | 25 | 26 | 27 |
28 | 29 | 30 |
"Көктемнің бір күні – жылға азық” деп атам қазақ тектен-тек айтпаса керек. Диқандар қауымы көктем келісімен таң білінер-білінбестен бел буа, білек түре жүріп, егіс даласын дүбірге бөлейді. Ел несібесін молайтуды мұрат тұтқан олар көктемнің әрбір күндерін саусақпен санамалай жүріп, алтын күзде тұрғызылар астық тауларын биіктете беруді парыз санайды.
Биылғы жылғы көктемгі дала жұмыстарына қармақшылық егінші-механизаторлар да сақадай сай әзірлікпен кіріскен. Бүгінде аудан бойынша 20800 гектар егістік алқапқа түрлі ауылшаруашылық дақылдарын орналастыру жұмыстарын үлкен ұйымшылдықпен атқаруда. Нақтылай айтар болсақ, қармақшылықтар 100 гектар жерге жаздық бидай, 100 гектар егістік алқапқа мақсары егіп, күтімге алуды бастандырды. Сондай-ақ, төрт түлік мал азығын молынан дайындауға да бетбұрыс бары байқалады. Мұны да нақтылай айтар болсақ, егістік алқабының 5413 гектар жеріне мал азығындық дақылдар орналастырылыпты. Осының 1580 гектар жеріне жаңа жоңышқа дақылы егілсе, 3580 гектар алқаптағы ескі жоңышқа күтімге алынған.
Аудан тұрғындарын көкөніс өнімдерімен мүмкіндігінше қамтамасыз етуді мұрат тұтқан диқандар қауымы бақшалық дақылдар егісіне де биылғы жылы баса назар аударуда сыңайлы. Олар 2305 гектар егістік жерге көкөніс, картоп, тағы басқа бақша дақылдарын егіп, күтіп-баптауда.
Өздеріңізге мәлім, Сыр елінің басты байлығы – күріш. Сыр маржанын молайтуда жылма-жыл сүбелі үлес қосып жүрген қармақшылықтардың биылғы жылы алар асулары да айтарлықтай болуы әбден мүмкін. Олар биылғы жылы 13465 гектар алқапқа ақ маржан орналастыруды жоспарласа, бүгінгі күнге 12700 гектар жеріне күріш дақылы себіліп, 10 мың гектардың үстіндегі жері суға бастырылыпты.
Егістік дақылдарды қоректендіру де қармақшылық егінші-механизаторлардың назарларынан қағыс қалмаған. Көктемгі егіске қажетті минералдық тыңайтқыштар, яғни, 7,8 мың тонна аммоний сульфаты, 512 тонна карбамид және 1280 тонна аммофос алынып, дақылдар қоректендірілуде.
Иә, Сыр даласын еңбек дүбіріне бөлеген көктемгі егіс жұмыстарының мәре сызығына жетулеріне санаулы-ақ күндер қалған. Қармақшылық диқандардың егін егу науқанын мамыр айының аяғына дейін бітіруге деген құлшыныстары бар.
Е.АҚҚАЛИҰЛЫ.
Қармақшы ауданы.
« Сәуір 2025 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | 4 | 5 | 6 | |
7 | 8 | 9 | 10 | 11 | 12 | 13 |
14 | 15 | 16 | 17 | 18 | 19 | 20 |
21 | 22 | 23 | 24 | 25 | 26 | 27 |
28 | 29 | 30 |