МЕРЕЙЛІ ОТБАСЫ – ЕЛ МАҚТАНЫШЫ

МЕРЕЙЛІ ОТБАСЫ – ЕЛ МАҚТАНЫШЫ

Кеше Н.Бекежанов атындағы қазақ музыкалық драма театрында облыс әкімі Қырымбек Көшербаевтың қатысуымен "Мерейлі отбасы” ұлттық конкурсының облыстық жеңімпаздарын марапаттау салтанаты өтті.

Айта кету керек, 2013 жылдың желтоқсанында Елбасының "Мерейлі отбасы” ұлттық конкурсын өткізу туралы шешімі бекітілген болатын. Шараның мақсаты – отбасы институтын, өзара келісім мен рухани сыйластықты нығайту, бір шаңырақ астында берекелі өмір сүрудің маңыздылығын арттыру. Отбасылық өмір салты, ата-аналық парыз, жауапкершілік секілді ұғымдарды ел санасына сіңіру, әсіресе, жастарға жеткізу, жарасымды жанұя құндылығын кеңінен насихаттау болып табылады. Осыған орай республика көлемінде байқаулар өткізілуде.

Өңірімізде алғаш рет ұйымдастырылып отырған байқауға барлығы 16 отбасы қатысып, соның сегізі жеңімпаз атанды.

Салтанатты шараны ашқан облыс әкімінің орынбасары Ақмарал Әлназарова ұлттық конкурстың маңызы мен мақсатына тоқталып, жеңімпаздарды құттықтады.

– Құрметті қауым, халқымыз үшін отбасы – қастерлі құндылық, қасиетті ұғым. Адам баласына берілетін тәрбие отбасында қалыптасады. Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың тікелей қолдауымен елімізде отбасыларға қамқорлық пен көмек үздіксіз көрсетіліп келеді. Ана мен баланы қорғауға арналған қаржы, көпбалалы отбасыларына берілетін мемлекеттік жәрдемақы жыл сайын артып отыр. Халқымызда "Отан отбасынан басталады” деген даналық сөз бар. Ендеше, бүгінгідей шараның өтуі де болашағын ойлап, келешегін бағамдайтын елге ғана тән. Соңғы жылдары облысымызда бала туу көрсеткіші 27,4 пайызға өсіп, республикада үшінші орында келеді. Аймағымызда 44 мыңнан астам көпбалалы ананың 25 мыңға жуығы Батыр аналар. Алтын құрсақты аналарымыздың 10 мыңға жуығы "Алтын алқа” белгісімен марапатталса, 15 мыңы "Күміс алқа” иегері. Бүгін, міне, алғаш рет өткізілген "Мерейлі отбасы” ұлттық конкурсында жеңімпаз атанған сегіз отбасының біреуі республикалық байқауда Сыр елінің намысын қорғамақ. Осы орайда барлық жеңімпаздарды шын жүректен құттықтаймын,– деп жылы лебізін жеткізді.

МЕРЕЙЛІ ОТБАСЫ – ЕЛ МАҚТАНЫШЫӨз кезегінде сөз алған ҚР Президенті жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссияның мүшесі Салтанат Байқошқарова да ұлттық конкурстың облыстық кезеңінен жеңімпаз атанған мерейлі отбасыларын құттықтап, жылы лебізін арнады.

– Аса қадірлі Сыр елінің азаматтары, құрметті Қырымбек Елеуұлы! Қазақ вальсінің королі атанған Шәмші Қалдаяқов ағамыздың "Сыр сұлуы” әнін енді ғана шығып, бүкіл қазақ болып айтып жүрген кезде туған мен үшін Сыр елі халқының алдына шығу маған үлкен толқыныс тудырады. Дегенмен, ҚР Президенті жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссияның мүшесі ретінде өздеріңізбен қауышып отырғаныма үлкен қуаныштымын. "Отан отбасынан басталады” десек, Елбасының бастамасымен қолға алынған бүгінгі шараның ел ішінде жарасымды жұптар мен береке-бірлік қонған отбасыларын насихаттауда маңызы зор екені белгілі. Тағдыр мені кәсіби мамандығым арқылы бір перзентке зар болып жүрген отбасылармен тығыз байланыстырды. "Балалы үй – базар” деп халқымыз айтып өткендей, мерейлі отбасының бар бақыты балалары екені белгілі. Осыдан жиырма жыл бұрын біз Азиядағы әріптестерімізбен бірге бедеулікті анықтау, адам ағзасынан тыс ұрықтандыру мәселесін қолға алған едік. Сол игі шараның басында Сыр елінің мерейлі отбасының өкілі, жүрегі қазақ деп соғатын министр Қырымбек Елеуұлы Көшербаев тұрған еді. Өзіңіз кезінде тұсауын кескен сол "Экомед” адам ұрпағын өрбіту орталығы қазақ отбасыларына бес мыңға жуық бала сыйлады. Олардың көбісі осы Қызылорда облысының отбасылары. Бүгінгі өтіп жатқан іс-шараға Ұлттық комиссияның тапсырмасымен келдім. Жеңімпаз отбасыларын шын жүректен құттықтап, бақыттарыңыз баянды болсын демекпін,– деп ыстық ықыласын білдірді.

Онан соң жеңімпаз отбасылар марапатталды. Облыстық "Мерейлі отбасы” ұлттық конкурсында бірінші орын иегері болып Сырдария ауданынан Тоқаяқовтар оралмандар отбасы анықталса, екінші орынды Қызылорда қаласынан Әлібековтер отбасы иеленді. Үшінші орынға Шиелі ауданынан Сейітжановтар отбасы лайық деп танылды. Ал, Арал ауданынан Изнатовтар отбасы, қазалылық Құрманәливтер отбасы, Қармақшыдан Құлмырзаевтар отбасы, Жалағаштан Нұрмағанбетовтер отбасы және Жаңақорғаннан Қыжыровтар отбасы конкурс дипломанттары атанды. Жеңімпаздар бағалы сыйлықтармен, арнайы дипломдармен марапатталды.

Мерейлі отбасыларды ұлықтауға арналған салтанатты шара соңы жергілікті өнерпаздардың әсем ән-жырларымен, мың бұралған билерімен жалғасты.

 

Айнұр БАТТАЛОВА.
ДӘУЛЕТ 24 мамыр 2014 г. 2 983 0