ҚАЗ ҚОНҒАН ҚАМБАШ КӨЛІ

ҚАЗ ҚОНҒАН ҚАМБАШ КӨЛІ

демалыс аймағына айналады

"Қамыстыбас” демалыс аймағын құру жобасы облыстағы туристік индустрияны дамытудың басты көздерінің бірі. Болашақта бұл аймақта әлем талаптарына сай келушілерге арнап демалатын жерлер мен суға түсетін орындар, тұрмыстық және сервистік қызмет көрсету орындары ашылады. Сондай-ақ, бұл демалыс аймағында көркейту және абаттандыру жұмыстары жүргізіледі.

Бұл демалыс аймағын құрудағы негізгі мақсаты ол Қамбаш көлі облыстағы жазғы маусымдағы демалыс күндерін өткізуге ең қолайлы орын болып саналады. Сондықтан да болар, қазірдің өзінде бұл жерге көрші облыстардан келіп-кетіп жүрген турис­тер жетерлік. Сонымен қатар, демалыс аймағының ең басты артықшылығы, ол "Батыс Еуропа-Батыс Қытай” халықаралық автокөлік дәлізіне жақын орналасқан. Жалпы демалыс аймағын құру жобасы бұдан 2-3 жыл бұрын бастау алды. Ол алдағы он жылдай уақыт ішінде кезең-кезеңмен салынып, толықтай аяқталатын болады.

Биыл Қамбаш көлінің ажары тіпті айшықтала түспекші. Оған қарқынды жүргізіліп жатқан пансионат құрылысы дәлел бола алады. 100 орынға есептелген нысан маусым айында іске қосылмақшы. Құрылысты Серікжан Сейітжанов басшылық жасайтын «Саутс-Ойл» ЖШС жүргізуде. Серікжан Сейітжанұлы мамандығы бойынша инженер-құрылысшы. Техника ғылымдарының кандидаты, доктор. Вена қаласындағы халықаралық университеттің «Құрметті профессоры», Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері.

ҚАЗ ҚОНҒАН ҚАМБАШ КӨЛІПансионат-профилакторий жобасының жалпы құны 450 млн. теңгені құрайды. Нысан жатын, емдеу-профилактикалық корпус, асхана, баскетбол, тенис, шағын футбол алаңы, көлік тұрағы, тағы басқа да бөліктерден тұрады. Оған қоса, балшықпен, электр сәулесімен, сумен емдеу, жүзу бассейні, ресторан, конференц залы, тынығу бөлмелері, басқа да қызмет түрлері көрсетіледі. Емдеу профилакторийі бір-екі адамдық жай, люкс нөмерлерден жасақталған. Мұнда талапқа сай жұмыс жасалатын болады. Тынығу орнының сыртқы келбеті, ішкі көркі заманауи сәулетпен ерекшеленген.

Жуырда облыс әкімі Қырымбек Көшербаев осында болып, құрылысшылармен жүздескенде жұмыс сапасына мән беруді тапсырды. Серіктестік мүшелері болса берген уәде үдесінен табылуға тырысуда.

Сонымен, Қамбаш көлін шын мәніндегі демалыс орнына айналдыратын кезең қашық емес. Көгілдір айдын көпшіліктің көңілінен шығатыны даусыз.

 

Жұмабек ТАБЫНБАЕВ.

Арал ауданы.


ДӘУЛЕТ 20 мамыр 2014 г. 3 390 0