« Сәуір 2025 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | 4 | 5 | 6 | |
7 | 8 | 9 | 10 | 11 | 12 | 13 |
14 | 15 | 16 | 17 | 18 | 19 | 20 |
21 | 22 | 23 | 24 | 25 | 26 | 27 |
28 | 29 | 30 |
стратегиялық маңызы бар нысан
Жеңіс күні қарсаңында Сыр өңіріне жұмыс сапармен келген «Самұрық – Қазына» АҚ басқарма төрағасы Өмірзақ Шөкеев Жаңақорған ауданындағы «Шалқия» кенішінде болды.
Соңғы бес жыл көлемінде өнім өндіре алмай тоқтап тұрған өндіріс орнын қаржылық әлеуеті жоғары «Самұрық – Қазына» АҚ арқылы іске қосуды жоспарлаған облыс әкімі Қырымбек Көшербаевтың оларға ұсыныс жасап келе жатқандығына біршама уақыт болды. Міне, енді нақты жағдайды жергілікті жерде анықтап, белгілі тоқтамға келетін мезгіл жеткен сыңайлы. Расында, мырыш пен қорғасын және де басқа түсті металлургияның мол шикізат қоры бар «Шалқия» кеніші – Қазақстан Үкіметінің стратегиялық маңызы бар нысан ретінде тізімге енген өндіріс орнының бірі. Демек, оның жандануы мемлекеттік бағдарламалардың жергілікті жерлерде орындалуына айтарлықтай үлес қосады деген сөз. Сонымен бірге Шалқия қайтадан іске қосылса, аймағымызға жерасты байлығын игеруге жаңа серпін берілетіндігі анық. Осы арқылы қазына қаржысы молаюымен бірге, жергілікті тұрғындарды жаңа жұмыс орындарымен қамтудың да мүмкіндігі арта түседі. Бұл өз кезегінде ел әлеуетімен қатар көптеген әлеуметтік мәселелердің шешімін табуына түрткі болмақ. Осы тұрғыда тынымсыз еңбектенген облыс басшысының іс-қимылы құптауға тұрарлық.
«Самұрық-Қазына» АҚ басқарма төрағасы Өмірзақ Шөкеев өнеркәсіп орнының басында Шалқия кенішін қайта жандандыру және түсті металлургия шикізатын жаңа технологиямен өндіру барысында кен байыту фабрикасын қоса салу тұрғысындағы жобасының инвестиция-инновациялық комитетте қаралып, басқармада мақұлданғанын жеткізді. Әрине, бұл арада «Шалқия Цинк ЛТД» АҚ мен «Тау-Кен Самұрық» АҚ бірлесе отырып атқаратын жұмыстар ауқымы аз емес. Осы жерде жаңа жобаның артықшылығын еске сала кеткеннің артықшылығы болмас. Кеніш жұмысының соңғы тоқырауына әлемдік рынокта мырыш пен қорғасын бағасының түсіп кетуімен қатар өндірілген шикізатты «Шалқиядан» 165 шақырым жердегі Кентау қаласындағы кен байыту фабрикасына тасымалдаудың өзіндік құн шығынының өсуіне әсер етіп келді. Ал мына құпталған жоба бойынша, аталмыш фабрика кеніш маңынан салынады, оның шығымдылығы арта түседі. Яғни, пайда өз игілігіне жұмсалады деген сөз. Жаңа фабриканың салынуына әлемде үлкен беделге ие халықаралық компаниялар тартылады деп жобалануда. Олардың арасында, «Outotec» (Финляндия), «Xstrtaplc» (Швейцария), «Уралмехансбор» секілді сенімді серіктес бола алатын компаниялар бар.
«Шалқиядағы» жерасты қазбаларын жаңа технологиямен игеру жобасының жетекшісімін» деп өзін таныстырған Б.Рамазанов шаруалардың жуық арада басталып, жұмыстың өз кестесімен атқарылатындығын жеткізді. Яғни, алғашқы кезекте жалпыға бірдей тәртіп бойынша, қолда бар техникалар мен жабдықтарға инвентаризация жасау және оларды аудит арқылы бағалау жұмыстары жүргізіледі. Әрине, оларды жаңалау мен кеніштің өзіне күрделі жөндеу қажеттігі түсінікті. Өйткені, кеніш тоқтап тұрған уақыттан бері мұнда тек жер астындағы суларды сыртқа айдап тұру және жабдықтардың талан-таражға түсіп кетуін қадағалаумен 83 адам ғана шұғылданып, техникалық жұмыстар амалсыз қалыс қалып келді. Алдағы уақытта замана талабына сай өзгерістер жасау қажеттігі түсінікті. Басқарма төрағасының сауалына жауап берген жоба жетекшісі. «Кеніш өнім өндіре бастаған тұста онда 500 адам еңбек етсе, бұл жерде қатар жүргізілетін құрылыс жұмыстарымен 200 адам шұғылданады» деді.
Осы жерде сөзге араласқан облыс басшысы Қырымбек Елеуұлы:
– Өнеркәсіп орнында кадр тапшылығы болмайды. Себебі, бұл жерде бұрын еңбек етіп, жағдайға байланысты уақытша басқа жұмысқа ауысқан мамандар өндіріске қайта тартылады. Олардың біразы Кентау қаласында жұмыс істеп жүрсе, біршамасы осы аудан көлемінде еңбек етті. Сонымен бірге, Жаңақорған, Шиелі аудандардағы техникалық колледждерінде жас маман жұмысшы кадрлары оқытылып, өндіріске жіберіледі», – деді.
Сонымен қатар нақты кезеңде Сыр бойының 100-ден астам түлегі Мәскеудегі болат қорыту институтында жоғары білім алуда. Өндіріс орны толық күшінде жұмысқа кіріскен шақта, жоғары білімді жас мамандар тәжірибелерін алмастыруға дайын тұратын болады. Демек, жобаның өз дәрежесінде жүзеге асырылуына жергілікті жердегі атқарушы билік барынша ынталылық танытып, жәрдем береді деген сөз. Тағы бір қуаныштысы, Шалқия кентінің әлеуметтік жағдайы назарға алынып, таза ауыз су, аяқ су мәселелері шешімін табатын болады. Сонымен қатар жаңа жұмысшы поселкесі де бой көтеруі тиіс. Бұл хабар жергілікті тұрғындарды қуантып, алдағы үміт пен сенімді нығайтатыны анық.
Өндіріс орны басындағы талқылау барысында басқа да мамандардың пікіріне зейін қойылып, түсіністікте жұмыс жүргізілді. Осыдан соң облыс әкімі мен «Самұрық–Қазына» АҚ басқарма төрағасы Өмірзақ Шөкеев кеніштің өндіріс орындары мен құрылыс алаңдары, машина-техникалық жағдайлары барысымен танысты.
Нұрмахан ЕЛТАЙ.
Жаңақорған ауданы.
« Сәуір 2025 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | 4 | 5 | 6 | |
7 | 8 | 9 | 10 | 11 | 12 | 13 |
14 | 15 | 16 | 17 | 18 | 19 | 20 |
21 | 22 | 23 | 24 | 25 | 26 | 27 |
28 | 29 | 30 |