
Ауыл шаруашылығы дақылдарынан мол өнім алу үшін жүргізілетін шаралардың кешенінде тұқым шаруашылығының алатын орны ерекше зор. Оның негізгі міндеттері: біріншіден, өндірісте егіліп жүрген күріш сортының тұқымын тауарлы күріш өндіретін шаруашылықтарға жеткілікті мөлшерде дайындап беру. Қандай жақсы сорт болмасын, ұзақ жылдар егілу барысында тұқымның сорттық сапасы нашарлап, азады және өнімі азаяды. Сондықтан, тұқым шаруашылығының екінші міндеті – тұқымның таза сорттылығын, оның биологиялық жоғары шығымдылығын бастапқы қалпында сақтау болып табылады.
Ауылшаруашылық құрылымдарын күріш дақылының сапалы тұқымымен қамтамасыз ету мақсатында облыс бойынша қазіргі таңда екі бірегей тұқым өндіруші, үш элиталық тұқым өндіруші және төрт І, ІІ және ІІІ репродукциялы аттестатталған тұқым өндіруші шаруашылықтар бар. Атап айтсақ, «Түгіскен» ТШ, Ы.Жақаев атындағы Қазақ күріш шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты, «Мағжан и К», «ІІІ-Интернационал жер» және «Қаптағай К» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері.
Биылғы жылдың 2-тамызында облыс әкімі Қ.Көшербаевтың басшылығымен өткен «Күріш шаруашылығын дамыту» жөніндегі мәжілісте Жалағаш, Қармақшы және Қазалы аудандарында тұқым шаруашылықтарын ашу тапсырмасы берілді. Қазіргі таңда Жалағаш ауданы бойынша «Сәрке батыр» ЖШС және «Таң ЛТД» ЖШС, Қармақшы ауданында «ІІІ-Интернационал жер» ЖШС, Қазалы ауданы бойынша «РЗА-Агро» ЖШС-да тұқым шаруашылықтарын ашуға қажетті құжаттарын дайындау үстінде.
Тұқым шаруашылықтарын қолдау мақсатында мемлекет тарапынан 2000 жылдан бастап субсидия бөлініп келеді. Республика бойынша тұқым шаруашылықтарына 2010 жылы – 2,1 млрд., 2013 жылы 2,5 млрд. теңге субсидия бөлінсе, бұл көрсеткіш 2020 жылға қарай 11,6 млрд.-қа жетеді деп жоспарлануда.
Қызылорда облысы бойынша 2012 жылға тұқым шаруашылықтарында өндірілген элита тұқымға 86 504 804 теңге, І репродукциялы тұқымға 70 997 500 теңге төленсе, биылғы 2013 жылы тұқым өндіруші шаруашылықтарды қолдау мақсатында субсидиялауға республикалық бюджеттен 79 млн. 473 мың теңге қаржы бөлініп, облыстық бюджеттен 140 млн. теңге төленіп отыр. Ал, Жаңақорған ауданында 2013 жылға жеміс-жидек, жүзімнің көпжылдық екпелерін отырғызып, өсіруді қамтамасыз етуге бөлінген субсидия 45 млн. 300 мың теңгені құрайды.
Бұл көрсеткіштер өсіп келеді. Өйткені, тұқым шаруашылықтарын дамыту, бәсекеге қабілетті жаңа сорттар шығару, ауылшаруашылық құрылымдарын сапалы тұқыммен камтамасыз ету үкіметіміздің басты назарында.
З.САДАҚБАЕВ,
Қызылорда облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының тұқым шаруашылығы бөлімінің басшысы.