ТҮЙЕҚҰС ҚАЗАҚҚА ТАҢСЫҚ ЕМЕС

ТҮЙЕҚҰС ҚАЗАҚҚА ТАҢСЫҚ ЕМЕС Тарихи түп-төркіні Африка құрлығынан өрбитін түйеқұсты Қазалы ауданына әкелген Бауыржан Серімбетов есімді азамат. Климаттың ылғалдылығы мен жылылығына үйренген бұл құсқа Қазақстанның климаты басында қолды болмай төртеудің үшеуі өліп қалған. Дегенмен, қалған жалғыздың бабын тапқан сыңайлы. Көпшілікке таңсық, бұрын-соңды өңірде болмаған түйеқұсқа алғашында халық тосын қарағанмен, біраздан соң көздері де, бірте-бірте бойлары да үйреніпті. 
Түйеқұстың бойы 2 метрден жоғары (күніне 1 см өседі), негізгі қорегі жоңышқа мен дәндер бола тұра тамақ талғамай жей береді. 
Бауыржан ағамыздың мақсаты – асыл тұқымды жылқылар, түйеқұстар және тағы басқа ерекше жануарларды жерімізге жерсіндіріп бағып-күту. Әдепкіде қызығушылықтан бастаған оның хоббиі десек те болады. Күтіп-бағу жолдарын ғаламтор арқылы біліп отырады екен. Ағамыздың айтуынша, үйге иттің қажеті жоқ, түйеқұс қорғаушысы-мыс. Ол әйел адамдарға тиіспейді, танымайтын сырттан ер адамдар келсе, қуып шығады екен.
Сұсты болып көрінетін бұл құстың пайдасы шаш етектен көрінеді. Бойы 2-3 метр келетін түйеқұс аталығының еті 100-150 килограмға дейін жетеді. Қауырсындарын бас киімге, сахналық костюмдерге пайдалануға болады. Жұмыртқасының үлкендігі кәдімгі доптай. Салмағы 1,5-2 келі болатын жұмыртқасын қуырып, 12-14 адамды тамақтандыруға болады. Еті жесең, ем, әсіресе, қан қысымы және қант диабетімен ауыратындар үшін мың да бір дауа. 
Ендеше, қарапайым азықпен қоректеніп, өнімді мол беретін, аса қамқорлықты қажет ете бермейтін, өнімі қымбат түйеқұсты неге біз де өсіріп көрмеске? Сұраныс бар жерде ұсыныстың қашан да болатынын ескерсек, алдағы уақытта бұл бағытта жұмыстар атқарып, түйеқұстың етін де жейтін уақытқа жетейік.
Нұрбек САҒАТҰЛЫ.

ДӘУЛЕТ 22 сәуір 2014 г. 1 740 0