ҚУАТТЫ ИНВЕСТОРЛАР КӨП МӘСЕЛЕНІ ШЕШЕДІ

Сәрсенбіде облыста ІІІ "Байқоңыр” инвестициялық форумы өз жұмысын бастайды. Форумда аймақ экономикасының басым салаларын дамыту жайы ортаға салынады. Соның ішінде форумның секциялық жұмысында Қызылорда облысының мұнай-газ секторы мен геологиялық барлау, баламалы энергия және машина құрылысын дамытуға ерекше көңіл бөлінеді.
Баршаға белгілі, өткен жылы облыс әкімінің бастамасымен өткізілген алғашқы екі форумда бұл мәселелерге айрықша басымдық берілген болатын. Соның нәтижесінде облыстың инвестициялық мүмкіндіктері сарапқа салынып, тиімді іскерлік байланыстар орнату мақсатында бірқатар меморандумдарға қол қойылды. Осындай келіссөздердің арқасында инвестиция салу үшін біздің облысқа қызығушылық танытқандар да болды.
Рас, өңірімізде алғашқы жылдары жеті қат жер астынан "қара алтын” мен оған ілесе шығатын газды өндіру ісі жақсы қарқынмен дамыды. Бірақ соңғы жылдары бұл салада бірқатар проблемалар туындап, өнім өндіру айтарлықтай азайды. Негізі біздің облыс республикадағы мұнай мен ілеспе газ және конденсат қорларының 4,5 пайыздық үлесіне ие. Бірақ та облыс өткен жылы 10,6 млн. тонна шикі мұнай өндірді. Бұл көрсеткіш алдыңғы жылмен салыстырғанда 97 пайыз екенін білдіреді. Сөйтіп, жыл ішінде облыс 450 мың тонна мұнайды кем өндірді. Әрине, бұл төмендеу осымен тоқтаса дейсіз. Өкінішке орай олай болмай отырған жайы тағы бар. Болжамшылардың айтуына қарағанда, мұнай өндіру жыл сайын 5-6 пайызға төмендейтін көрінеді. Осы жайларды алға тартқан облыс әкімі Қырымбек Көшербаев жақында ғана өңірімізге келген ҚР Мұнай және газ министрі Ұзақбай Қарабалин мен ҚР Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі Геология және жер қойнауын пайдалану комитетінің төрағасы Базарбай Нұрабаевқа жүзеге асыруды қажет ететін бірқатар маңызды мәселелерді нақты дәйектемелермен айтып берген болатын. Соның бастысы, мұнай өндіру ісіне инновациялық әдістерді енгізу қажет. Сонда ғана ол тиімділігін беріп, өнім өндіруді арттыруға жол ашады.
Сондай-ақ, алдағы уақытта облыста өңдеу секторы жоғары қарқынмен дамиды. Сонда өндірушілер өңдеуші саланы толыққанды қамтамасыз етуге мүмкіндігі болмай қалады. Ал мұндай қиын жағдайдан шығудың жолы қайсы? Аймақ басшысы атап көрсеткеніндей, ең алдымен мұнай қорын арттыру үшін геологиялық барлау жұмыстарын жүргізу қажет. Әрі ондай көмірсутегі бар жерлер бізде жеткілікті. Атап айтқанда, қазірдің өзінде Оңтүстік Торғай, Шу-Сарысу және Сырдария шөкпе бассейндері зерттеуді қажет етіп отыр. Бірақ та, мұндай істерге мемлекет тарапынан қаржы бөлінбейді. Сондықтан да геологиялық барлауда мемлекет пен жекеменшік әріптестігі ұстанымын пайдалану керек. Яғни, облыстың болашағы үшін маңызды болып отырған бұл іске жеке инвесторларды тартудың маңызы зор. Өткізілгелі отырған ІІІ "Байқоңыр” инвестициялық форумына қатысушылар назарына осы мәселе ұсынылып, талқыға түсері анық. Осы орайда бір нәрсенің басы ашық екенін де айта кеткен дұрыс секілді. Ол қандай да бір инвестор болмасын пайда көру үшін қаржысын салудан тартынбайды. Ал "қара алтын” дегеніміз, нағыз табыстың көзі. Сондықтан да форум барысында бұл бағытта біраз мәселенің түйіні өзінің оңды шешімін табады деген сенім де бар.
Екінші бір маңызды мәселе, ол тұрғындарды газбен қамтамасыз ету жайы. Соңғы он жылдай уақыттан бері қала тұрғындары "көгілдір отынның” қызығын көріп келеді. Ендігі кезек, бүкіл облыс халқын табиғи газбен қамтамасыз ету міндеті тұр. Бұл орайда "Ақшабұлақ” кенішінен жеткізіліп отырған газбен қатар, салынып жатқан "Бейнеу-Бозой-Шымкент” магистральды газ құбырына көп сенім артылып отыр. Соған орай бүгінде облыстың елді мекендерін газдандыру бойынша дайындық іс-шаралары жүргізілуде. Соның ішінде екі жылда облыс тұрғындарының 70 пайызын қамтитын 21 елді мекен кезең-кезеңмен газдандырылады деп жоспарланған. Бұл міндеттерді жүзеге асыру үшін 12 техникалық-экономикалық негіздеме және жобалау-сметалық құжаттарды дайындауға облыстық бюджеттен 570 млн. теңге бөлінді. Биыл осы мақсатқа тағы да 550 млн. теңге бөлу жоспарланып отыр. Негізі сарапшылардың есептеуінше барлық елді мекеннің тауарлық газға деген сұранысы жылына 1,2-1,6 млд. текше метр. Ал, Арысқұм, Кеңлік, Бектас, Қоныс, Қызылқия және Солтүстік-Батыс Қызылқия кен орындарының болжамдық қоры 650 млн. текше метрге жуық. "Ақшабұлақ” кен орнындағы қосалқы газ өндірудің орташа жылдық көрсеткіші жылына 360 млн. текше метрге жуықтайды. Жалпы Оңтүстік Торғай ойпатының Арысқұм иіні кен орындарындағы газды кешенді түрде пайдалансақ, онда ол болашақта облыстың "көгілдір отынға” деген сұранысын толық қанағаттандырады. Әрі осы сұраныстың басым бөлігін өзіміздің энергетикалық ресурстарымыз арқылы өтеуге де кеңінен жол ашылады. 
Өткен жылы "ПетроҚазақстан Құмкөл Ресорсиз” АҚ тапсырысымен "Арысқұм” кен орнында кешенді газ дайындау құрылғысын салу жобасының құжаттамасы жасалды. Оның құрылыс-монтаж жұмыстарына 85 млн. АҚШ доллары қаралды. Алайда мұнай компаниясы инвестиция салу тиімсіз деп құрылысты тоқтатты. Құрылысты тоқтатуға Үкіметтің қаулысы себеп болған. Қазіргі күні бұл жобаны жүзеге асыруды "Capital Cate Central Asia” кәсіпорны қолға алды. Тек енді мұнай компаниялары кен орнына дейін құбырларды салып, газды жеткізіп берсе деген үміт те бар. Жалпы, облыс халқын газдандыру мақсатында "ҚазТрансГазАймақ” АҚ-мен де кең көлемдегі жұмыстар да қолға алынып отыр.
Сонымен қатар өңіріміздегі геологиялық барлау жұмыстарын жандандыру мәселесі де кезегін күтіп тұр. Нақты айтқанда, бүгінде барланған жер көлемі облыс аумағының бес пайызына да жетпейді. Ал облыста көмірсутек шикізаты, түсті металдар, уран, ванадий, ас тұзы мен жерасты сулары секілді пайдалы қазбалар көп. Тек оны тауып, игере білуіміз қажет.
Облыстың негізгі саласы, ол ауыл шаруашылығы. Халықтың басым бөлігі мал және егін егумен айналысатын болғандықтан оған қызмет көрсететін қосымша салалар да дами түсуде. Соның бірі осыдан үш жылдай бұрын Украинаның "Бердиянсксельмаш” зауытымен келісімге келудің арқасында "АзовАралАгромаш” біріккен кәсіпорны дүниеге келді. Бұл біздің облыстың еліміз тәуелсіздігін алғаннан кейінгі машина құрылысы саласына басқан алғашқы қадам десе де болады. Міне, сонан бері бұл кәсіпорын егін шаруашылығына қажетті 100 дана ЖВР-5 жаткасы мен 24 дана ЖВП-4,9 жаткасын құрастырып шығарды. Мұнан басқа кәсіпорын Сербия елінің трактор зауытымен де келісімге келіп, 42 шөптайлағыш және "IMI-549 Baikonur” маркалы тракторын жинақтап шығарды. Кәсіпорын басшылары бұл істі алдағы уақытта мұнан да жоғары деңгейге көтеріп, дамыта түсуді көздеп отыр.
Сонымен, облыстың қазба байлықтарын игеру мен баламалы энергия көздеріне көшу және машина құрылысы секілді салаларды дамыту барысындағы алғашқы істер өзінің оңды нәтижесін беруде. Дейтұрғанмен, облыстың экономикалық даму мүмкіндігін әлі де мұнан биік деңгейге көтеру қажеттігін уақыттың өзі талап етіп отырғандығы рас. Ал ондай деңгейге жету үшін, жақсы жобалар мен оларды толықтай жүзеге асыратын қуатты инвесторлар қажет. Өйткені, көп мәселені шешетін де сол инвесторлар. Өткізілгелі отырған форумның негізгі мақсаты да сондай инвесторларды тарту. Сондықтан да онан қызылордалықтардың күтер үміті де көп.
Айғали ҚАРАБАЛАЕВ.

ДӘУЛЕТ 15 сәуір 2014 г. 789 0