АУЫЛ

МАЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ ҒЫЛЫМИ НЕГІЗДЕ ДАМИДЫ
АУЫЛСыр өңірінде мал шаруашылығын ғылыми негізде дамыту мақсатында еліміздің алдыңғы қатарлы ғылыми орталықтарымен жұмыс жүргізілуде. Батыс Қазақстан облысындағы Жәңгір хан атындағы университет ғалымдарымен біріге отырып, мал тұқымын асылдандырудың селекциялық шаралары қолға алынды. Осының нәтижесінде қазақтың ақ бас сиыры мен Еділбай қойының селекциясын жүргізуге көңіл бөлінбекші.  Сондай-ақ, еліміздің оңтүстік-батыс және мал шаруашылығын дамыту ғылыми-зерттеу институты мамандарымен бірлескен жоба ретінде әлемдік нарықта сұранысқа ие болып отырған қаракөл қойының көк түсін өсіруге келісімдер жасалды. Бұл жобаға академик Хисматулла Үкібаев жетекшілік жасайды. 
Қазақтың ақбас сиыры етті тұқымы саналады. Қазақ және қалмақ сиырларын герефорд бұқасымен будандастыру арқылы 1932-1950 жылдарда Қазақстан мен Ресейде шығарылған. Мүйізді ірі қараның аталмыш тұқымы бойынша барлығы 11 зауыттық желісі жұмыс жасайды. Оның 9-ы Қазақстанда орын тепкен. Бұл тұқым республиканың далалы және шөлейт аудандарының табиғи жағдайына бейімделген. Етті малға тән белгілері өте айқын, тез жетіледі. Сақа бұқасы орта есеппен 800-900 келі (кейде 1100-1300 келі), сиыры 450-500 келі (кейде 520-580 келі) салмақты тартады. 
Елімізде 15 қой тұқымы бар. Солардың арасында біз үшін Еділбай қойының маңызы ерекше. Оның біздің ұлтымыз үшін ежелгі қой тұқымы екенін түрлі жазба деректерден білеміз.  Қазір қойдың бұл тұқымы өте аз кездеседі. Ғалымдардың айтуынша, Еділбай қойының пайдалы тұсы аз емес. Ол әлемде жоғары бағаланады. Біріншіден, бұл тұқым салмағы жөнінен алдыңғы орынға шығады. Жылдам өсіп-жетіледі. Қозысының өзі көп-көрім ет береді. Үш-төрт айдың өзінде қозы 35-40 келі салмақ тартады. Қойдың өзге тұқымында мұндай еттілік бола бермейді. 
Сондай-ақ, қойдың қаракөл тұқымы да біздің елімізге тән мал түрі. Ғалымдардың айтуынша, ол Азияның орта бөлігінде есте жоқ ескі заманнан бастап өсіріле бастаған. Біздің дәуірімізге дейінгі 800 жылдары қаракөл бағылғанын дәлелдейтін деректер кездескен көрінеді. Бүгінгі таңда әлемде 31 млн. басқа жуық қаракөл күтімге алынған. Орта Азия бөлігінен басқа, Иран, Ауғанстан және қара құрлықтың Намибия және Оңтүстік Африка елдерінде де қара шаруалар қаракөл қойын бағады. Қаракөл тұқымы еліміздің шөл және шөлейтті аймақтарында өсіріледі. Атап айтқанда, Атырау, Жамбыл, Батыс Қазақстан, Оңтүстік Қазақстан, Қызылорда және Маңғыстау облыстарында бар. 90-жылдардың басында қойдың бұл тұқымы 6-7 млн. басқа жетті. Атап өтерлігі, сол кезеңде 2 млн. елтірі дайындалған екен.
Қазір кез келген істі ғылыми тұрғыда дамытудың маңызы артып тұрған жайы бар. Соның нәтижесінде ойлаған ісіміз өрге басары сөзсіз. Төрт түлікті түлету бағытында да осындай орайлы істердің қолға алынып жатқаны бізді қуантады.
ТҰРҒЫНДАРДЫҢ ҚОҒАМДЫҚ КЕҢЕСІ
Сырдария ауданына қарасты Қоғалыкөл ауылындағы қоғамдық кеңес өткен жылы құрылып, оған 11 адам мүшесі ашық дауыспен сайланған. Сайланған кеңес мүшелерінің құрамында зейнеткер, білім саласының маманы, мемлекеттік қызметкер, ауылшаруашылық, мәдениет, медицина салаларынан және қоғамдық ұйымдардан, оның ішінде, жастар ұйымынан өкілдер бар. 
Қоғамдық кеңес отырысын тоқсан сайын өткізу бекітілсе, ауылдың өткір мәселелері кезектен тыс қаралады. Қоғамдық кеңестің мәжілістерінде мемлекеттік бағдарламаларға ауыл тұрғындарын тарту, шағын және орта кәсіпті дамыту, қоғамдық тәртіпті сақтау, мал ұрлығын жою және тағы басқа мәселелер талқыға түсіп, түсіндірме жұмыстары жүргізіліп келеді. Осы уақытқа дейін жоспарға сәйкес қоғамдық кеңестің он отырысы өткізілген. Сонымен қатар, кеңес жұмысында ауылда ынтымақтастықты сақтау, жастар тәрбиесіне баса назар аудару күн тәртібінен түспейді. Қазіргі таңда Қоғамдық кеңес ауылда «Ақниет» бағдарламасы бойынша несие алған шағын жем шығару цехы және омарта ашу, «Сыбаға» бағдарламасы бойынша мал бордақылау алаңын салу, көкөніс өсіретін жылыжай мен жүн өңдеу және мейрамхана, 50 орындық монша құрылысының жұмыстарына тілек білдіріп отырған кәсіпкерлерге жан-жақты қолдау көрсетуде. 
САРЫПҚА ҚАРСЫ КҮРЕС
Үстіміздегі жылғы республикалық бюджет есебінен жүргізілетін ветеринариялық-профилактикалық, диагностикалық іс-шаралар жоспарына сәйкес Қазалы ауданында үстіміздегі жылдың 1-наурызынан бастап бірқатар іс-шаралар жүргізіліп келеді.
Жергілікті ветеринар мамандар бүгінгі күнге дейін 7 мыңнан астам мүйізді ірі қара мен 10 мыңға жуық уақ малдардан қан алды. Олардың сарып ауруына тексеру нәтижесінде Сарыкөл ауылдық округінен–25, Шәкен ауылында 155 уақ малдың ауру екендігі анықталып отыр. Қазіргі таңда бұл малдар оқшауландырылып, жойылу үстінде.
САПАЛЫ СОРТ – САПАЛЫ ӨНІМ
АУЫЛБіздің облысымыз еліміздегі негізгі күріш өндіруші аймақ саналады. Сондықтан біздің өңірімізде сорт алмастыру мен жақсарту жұмыстарына жеткілікті деңгейде мән беріліп отыруымыз тиіс.  Соңғы жылдарда сорт алмастыру жұмысы баяулап кетті. 
Өнім мен оның сапасы төмендеп, саңырауқұлақ ауруларымен зақымданды. Сорт жаңарту жұмысы нашарлады, оның қызыл дәнді түрлермен ластануына әкеліп соғатын негізгі себептердің біріне айналды. Дегенмен, қазақ күріш шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты ғалымдары бұл бағытта тыңғылықты зерттеулер жүргізіп келеді. Соңғы уақытта күріштің жаңа және жоғары өнімді, тез пісетін «Арал 202», «Ару», «Түгіскен 1», ҚазНИИР-5, ҚазЕр-6 сорттары шығарылып, пайдалануға рұқсат етілген сорттар тізіліміне енгізілді. Осы мақсатта Қызылорда қаласында орын тепкен Ыбырай Жақаев атындағы «Қазақ күріш шаруашылығы институты» ЖШС ғалымдары өздері жасап шығарған «ҚазЕР» сортын өндірістік сынау мақсатында Қазалы, Жалағаш, Сырдария, Жаңақорған аудандарында егуді жоспарлап отыр. Сондай-ақ, 2014 жылы облыс диқандары «Светлый», «Южный» секілді жаңа сорттарды да сорттық сынақтан өткізбекші. Қазіргі таңда елімізде күріш өнімінің 90 пайызға жуығын Сыр өңірінің диқандары өндіреді. Сондықтан саланың жұмысын жүйелеу мақсатында бәсекеге қабілетті күріштің жаңа сорттарын шығару, озық технологиялар мен шетелдік жетістіктерді тәжірибеге енгізу секілді жұмыстарды атқаруға мән берілуде. 
Жұртшылық бүгінгі таңда қолданылып жүрген «Ақмаржан» сортының осыдан 31 жыл бұрын, дәлірек айтқанда, 1983 жылы өндіріске енгізілгенін жақсы біледі. Өкінішке қарай, содан бергі уақытта отандық ғалымдар ешқандай да жаңа сортты өндіріске енгізбепті. Соның салдарынан «Ақмаржан» сорты түрлі күріш ауруларына душар болып, дақылдың өнімділігіне кері әсерін тигізіп жүрген жайы бар. 
Сондай-ақ, жаздық тарының «Сыр аруы» және «Іңкәр» деген жаңа сорттары шығарылды. Олар тұздануға төзімділігінің жоғарылығымен, жылдам өсіп-жетілуге бейімділігімен, ауа құрғақшылығына және көктемгі ызғарлы суықтың қайталануына төзімділігімен,стандартпен салыстырғанда өнімділігінің 18-20 пайызға артықтығымен ерекшеленеді. 2006 жылы түйежоңышқаның «Арқас» деген жаңа сорты аудандастырылды, жоңышқаның «Түркістан» деген сорты мен жүгерінің «Жадыра 21» деген будан популяциясы МСС-қа берілді. Сары түйежоңышқаның тұздануға төзімділігі жоғары, күріш ауыспалы егісіне бейімделгіш, зиянкестерге қарсы төзімді, стандартпен салыстырғанда өнімділігі 20-25 пайыз артық «Приаральский 19» деген сорты әзірленді. Қауынның құрғақ ерігіш заттарға бай, жұмсақ жемісінің қалыңдығымен және 25 т/га өнімділігімен ерекшеленетін «Сырдария» (2010 жылы аудандастырылды), «Дәмелі», «Ната» деген жаңа перспективалы сорттары шығарылды.
ФЕРМЕРЛІК ШАРУАШЫЛЫҚТАР КӨБЕЙІП КЕЛЕДІ
Соңғы жылдарда біздің облыста фермерлік шаруашылықтарды дамытуға баса назар аударылып отыр. Осының арқасында елдегі ағайындар таңның атысы мен күннің батысы төрт түлікті түлетуге мүмкіндік алды. Сыр өңірінде 2011-2013 жылдар аралығында «Сыбаға» бағдарламасы бойынша 5,3 мың асыл тұқымды мүйізді ірі қара сатып алу жоспарланған еді. Бұл жоспар 41,4 пайызға артығымен орындалды. Соның нәтижесінде барлығы 7494 мүйізді ірі қара біздің аймақтағы 171 шаруашылыққа таратылды. 
Бұл орайда Жаңақорған, Шиелі, Жалағаш, Сырдария және Қазалы аудандары шаруаларының белсенділігі байқалады.  Атап айтқанда, Жаңақорғанда – 1849, Сырдарияда – 1258, Шиеліде – 1193, Жалағашта – 1008, Қазалыда 869 мүйізді ірі қара сатып алынған. 
Сыр өңірінде фермерлік шаруашылықты ұйымдастыруға мән берілуде. Үстіміздегі жылы облыста 1700 мүйізді ірі қара мен 57 асыл тұқымды бұқа сатып алуды жоспарлап отыр. Алғашқы тоқсанның өзінде шаруалар түлік түрлеріне қол жеткізді. Қазірге дейін «ҚазАгро» ҰБХ» АҚ арқылы 16 шаруа қожалығы 862 сиыр алуға тапсырыс беріп отыр. Оның қаржысы 143,2 млн. теңгені құрайды. Шаруалар бүгінгі күннің өзінде 62,8 млн. теңге несие алды. Осының арқасында 368 асыл тұқымды сиыр жеткізілді. Үстіміздегі жылдың жоспары бойынша 2 мың басқа арналған мал бордақылау алаңын салуға байланысты ұйымдастыру жұмыстары жүргізілуде. 
Қазалы ауданындағы «Сыр маржаны» ЖШС 500 мүйізді ірі қараға арналған мал бордақылау алаңын салуды ойластырып отыр. Бұл мақсатта «ҚазАгроҚаржы» АҚ-ға тиісті құжаттарын өткізді. Мал бордақылау кешенінің құрылысы 320 млн. теңгеге жуықтайды. Сондай-ақ, серіктестік басшылары 160 млн. теңгеге ірі қара малын сатып алу үшін несие алмақшы. 
Қызылорда қаласындағы «Жирен» шаруа қожалығы да осындай игілікті істі жүзеге асыруды көздеп отыр. Соның нәтижесінде 500 мүйізді ірі қараға арналған мал бордақылау алыңының құрылысын өткен жылдың қазан айында салып бітірді. Қазір шаруа қожалығында 120 мүйізді ірі қара күтімге алынған. Мамыр айынан бастап мал бордақылау алаңы толық қуатында жұмыс істейді деп күтілуде.
Бетті дайындаған Әділжан ҮМБЕТ.

ДӘУЛЕТ 12 сәуір 2014 г. 1 590 0