ТАЛПЫНЫС БАР ЖЕРДЕ ТАБЫС БОЛАДЫ

ТАЛПЫНЫС БАР ЖЕРДЕ ТАБЫС БОЛАДЫЕлбасымыздың Жолдауында агробизнесті дамыту, ауыл шаруашылығын өркендету, кәсіпкерлікті қарқындату басты назарда тұр. Соған орай Президент тапсырмасын орындауға, «Мәңгілік ел» идеясын жүзеге асыруға нақты қадамдар жасалуда. Мұндай көрініс Қазалыға да тән. 
Ауданға тартылған инвестиция көлемі жылдан жылға өсуде. Оған «Батыс Еуропа-Батыс Қытай көлік дәлізі», «Бейнеу-Шымкент» газ құбыры магистральды құрылысының аудан территориясынан өтуі әсер етуде. Шағын кәсіпкерлікті дамытып, жаңа жұмыс орындарының ашылуымен бюджет кірісі де ұлғаюда. 
Сондай-ақ, Қазалыда ірі жобалар жүзеге асырылуда. Нәтижесінде қыруар адам жұмыспен қамтылды. Әсіресе «Қазалы-Құрылыс», «Қазалы жолшы» ЖШС-ның асфальт зауыты, «МО-1» серіктестігінің «Темір-бетон бұйымдарын өндіру цехын кеңейту»,  «СПК Қызылорда балық» ЖШС, жеке кәсіпкер Игіліковтің «Балық өнімдерін өңдеу цехын іске асыру және кеңейту», «РЗА» АҚ-ның «Нан өнімдерін өндіру цехын кеңейту» жобасы көпшілік көңілінен табылды. Алдағы уақытта түрлі өнім өндіретін цехтар пайдалануға беріледі деп күтілуде. Мал өсіру, құйылмалы су, құрылыс материалдарын шығару, жиһаз бұйымдарын дайындау негізінде «Өндірістік аймақ» жүзеге аспақшы. Бұл үшін Әйтеке би кентінен жер учаскесі белгіленді. Қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз етуге жоба-сметалық құжаттары әзірленді. Нақты кезеңде Өңірлік даму министрлігіне республикалық бюджеттен қаржыландыруға ұсынылды. Жергілікті тауар өндірушілердің өнімдерін делдалсыз өткізу арқылы бағаны  тұрақтандыру, халыққа қызмет көрсету көлемін ұлғайту, жаңа жұмыс орындарын  ашуға «Сауда-логистикалық орталық салу» жобасы дайындалуда. Толық жүзеге асқанда қалааралық автостанция, өнім сақтау қоймасы, жабық сауда қатарлары, құрылыс материалдарын сату орындары, автокөліктен зат сату, автокөлік қызметін көрсету орындары жұмыс істейді. «Қазалы Жолаушы» ЖШС директоры Бекқали Бекбауылов автовокзал салуға арналған жерді аукцион арқылы алыпты. 
«Жұмыспен қамту жол картасы-2020» бағдарламасының атқарылуы да бөтен емес. Мәселен, «Мамандықтар жәрмеңкесінде» көптеген адам жұмысқа орналасты. Өткен жылы бағдарлама аясында ауданға 1 млрд. 349 млн. теңге бөлінген. Бірінші бағыт бойынша 2013 жылы Әйтеке би кенті, Арықбалық, Көларық, Ақжона, Майдакөл, Аранды, Бөзкөл, Мұратбаев ауылдарын абаттандыру, елді мекеннің ішкі жолдарына жөндеу жүргізілді, бірнеше емханалар жаңадан салынды.
2013 жылы ауданда 7 330 га. жерге басты дақыл күріш егілді. Ең қуаныштысы, күріштің 1 гектарына төленетін субсидия көлемі 25 мың теңгеге көтерілді. Бұл күріш егумен айналысатын шаруашылықтардың экономикалық жағдайына әсерін тигізді. «Рза-Агро», «Сыр маржаны» ЖШС-лары егістікті лазерлік-техникалық тегістеуге көшіпті. Сондай-ақ, Жолдауда қозғалған тамшылатып суару әдісін қазалылықтар іліп әкетті. Нақ осындай әдіспен «Рза-Агро» ЖШС жүгері еккен-ді. Тұңғыш пайдаланған тәсіл ұятқа қалдырған жоқ. Жиналған өнім жоғары болды. Күріш тұқымын жаңартуға байланысты «Рза-Агро» ЖШС базасында тұқым шаруашылығы құрылды. Онда Қазақ күріш институты ғалымдарының шығарған жаңа сорты негізге алынды. Мал азығын қамтамасыз етуде сынақ ретінде «Рза-Агро» африкалық тары егеді деп межеленуде. Көңілден шықса, аталмыш дақыл сорланған жерлерге отырғызылып, жер қайтадан айналымға қосылады.
«Сыбаға» бағдарламасы мал басының көбеюіне жол ашты. «Сыбағаның» сыйын көргендердің бірі – Жанқожа батыр ауылының тұрғыны Рзақұлов Берік есімді жас жігіт. Дүңкілді учаскесінде орналасқан шаруа қожалығы жоғарыдағы бағдарламамен 8,5 млн. несие алды. Енді асыл тұқымды мал өсірумен айналысуда. Қожалықта қазір 90-ға тарта мүйізді ірі қара бар. Шөпті өздері дайындайды. Жем алу үшін 1,3 млн. теңге субсидия иеленді. Берік зайыбы Гүлмира Тілеуқабылқызымен бірге отбасылық бизнесті дамытуды ойластыруда. Гүлмира қарындасымыз ауылдағы «Көркем» атты дүкеннің егесі. Ауыл тұрғындарын азық-түлікпен қамтамасыз етеді.  
ТАЛПЫНЫС БАР ЖЕРДЕ ТАБЫС БОЛАДЫ«Рза» АҚ-ның тауарлы сүт фермасы арқылы сүт өндіру шешілді. «Сыр маржаны» ЖШС-ның 380 млн. теңгені құрайтын бордақылау алаңының құрылысын салу жөніндегі жобасы «ҚазАгро» Ұлттық басқару холдингіне ұсынылған еді. Қаржысы нақтыланды. Енді құрылыс жұмыстары басталмақшы. Ақсай-Қуаңдария көлдер жүйесінде 17 су айдыны бар. Мұндағы табиғат пайдаланушылар балық аулаумен шұғылданады. Таяуда олардың саны артты. Маңайдағы «Жаманкөл», «Қаракөл» көлдері де тауарлы балық шаруашылығы тізіміне енгізілді. 
Мешіттер рухани және мәдени орталыққа айналуға тиісті. Елбасымыздың бұл сөзі қанатты қағида іспетті. Жуырда пайдалануға берілген «Жанқожа батыр» мешіті көпшіліктің қасиетті мекені саналады. Айшығы күнмен шағылысқан Алла үйі толық мәнінде жұмыс істеп тұр. Биыл Жанқожа батырдың дүниеге келгеніне 240 жыл толады. Мерейтой аясында қыруар игі тірліктер атқарылмақшы. Нақты кезеңде ауданда Жанқожа батырға арналған мәдени шаралар толассыз өткізіліп жатыр. Бұл қасиетті бабаға деген жұртшылықтың алғаусыз ниеті екені даусыз. Соның бірі – Қазалы қалалық және ауылдық мәдениет үйлері кәсіпорны ұйымдастырған «Жігіттің төресі» байқауы. Ұрпақты батырлыққа, шешендікке, тапқырлыққа, имандылыққа тәрбиелеу мақсатындағы шара көпшіліктің көңілінен шықты. Жеңімпаздар бағалы сыйлықтармен марапатталды. Жақсылықты анаға, анаға, тағы да анаға жаса. Аналар мерекесі де лайықты ұлықталды. Әсіресе, Болат Жолтаев басшылық жасайтын №204 мектептің ұжымы белсенділік танытты. Оқушылар үйіндегі жиын аса жоғары деңгейде өткізілді. Бұл Елбасымыздың ана мен балаға қамқорлық жасау туралы тапсырмасымен үндесері хақ. 
Кәсіпкерлерге мемлекет тарапынан жасалып жатқан қамқорлықтар істің алға басуына ықпал етуде. Олардың арасында кәсіпкер қыз-келіншектер баршылық. Президентіміздің кәсіпкерлік объектілерін тексеруге мораторий жариялауды тапсыруға іскер жандардың ризашылығын туындатуда. Жуырда Қазалы ауданында өткізілген кәсіпкер әйелдердің бизнес-форумы саланы қарқындатуға арналды. «Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» тақырыбындағы басқосуда келелі ой-пікірлер ортаға салынды. Форумда көрмеге қойылған Жанқожа батыр кесенесінің үлгісі, қорамсақтағы жебе, әсем иілген садақ, қынаптағы қанжар, киіз үй жабдықтары, тоқылған жиде, ши құрақтан жасалып, масатымен әдіптелген тұскиіз, қоржын, ине қыстырғыш ел ішінде ұлттық дәстүрімізді, қолөнерді терең жаңғыртып, кәсіпке айналдыруға болатынын дәлелдеді. Әйелдердің қоғамдағы рөлін арттырып, мемлекет тарапынан шағын және орта кәсіпкерлікті қолдауға бағытталған көмектерді пайдалану, кәсіптің жаңа түрлерін қолға алу, өндіріс орындарының ашылуына ықпал етуге бағытталған форумға облыс көлемінен бірқатар лауазымды тұлғалар қатысты. 
Әңгімемізді жағымды жаңалықпен түйіндесек. Сананы тұрмыс билейді. Халықтың әлеуметтік жағдайы жақсы екенін халық санының өскенінен байқауға болады. Сүйсінерлігі, ауданда үш мәрте үшем дүниеге келіпті. Олар Қазалы қаласында, Әйтеке би кентінде тұрады. Жуырда солардың бірі – Диас, Мирас, Манас Қалиевтың отбасына облыс әкімі Қырымбек Көшербаев автокөлік сыйлағанынан оқырмандар хабардар. Қандастарымыз көбейе бергей. 
Жұмабек ТАБЫНБАЕВ.
Қазалы ауданы.

ДӘУЛЕТ 12 наурыз 2014 г. 1 210 0