
Бейсенбіде БАҚ өкілдері үшін Қызылорда қаласына қарасты Қарауылтөбе ауылдық округіндегі “Натишаева” шаруа қожалығына пресс-тур ұйымдастырылды. Шараға облыс әкімінің орынбасары Евгений Ким қатысып, қожалықтың жағдайымен танысты.
Ет бағытындағы құс пен мал өсіретін қожалықта бүгінгі күні 2000 бас мүйізді ірі қара, 300 қой, 2600 (қаз, үйрек, цесарка, тауық) құс бар. Мал және тауық соятын цех жұмыс жасап тұр. Бір ерекшелігі – цехтағы техникалық құрылғыны қызметкерлер өздері құрастырған.
– Бізде 120 мың “Арбор-Айкрес” тұқымдас тауық өсіріледі. Күніне 5 тонна ет өндіруге мүмкіндігіміз жетеді. Құсты Алматы облысынан әкеліп отырмыз. Бүгінде бір ғана құс фабрикасында 17 адам жұмыс жасайды. Қазіргі таңда өніміміз қаланың ішінде 250 дүкенге сатылымға шықты. Алдағы уақытта сатылым аясын кеңейту жоспарда бар, – дейді құс өсіру шаруашылығына жетекшілік етіп отырған Кенжебек Қалмұратов.
Шаруа қожалыққа солтүстік өңірден асылтұқымды “Абердин-Ангус” мүйізді ірі қарасы әкелінген. Оны жергілікті “Әулиекөл” төлімен будандастыру жұмыстары қолға алынуда. Қазіргі уақытта кәсіпкердің мал бордақылау алаңында 300 бас ірі қара мен 500 бас қой бордақылануда.
Көпсалалы шаруа қожалығында мұнан өзге жалпы көлемі 1 гектар болатын жылыжай орналасқан. Онда 6 мың түп қызанақ, 12 мың түп қияр егілген. 2017 жылдың екіауысымдық кезеңінде 200 тонна көкөніс өнімдері алынған. Болашақта қиярдан 150 тонна, қызанақтан 50 тонна өнім алу көзделіп отыр.
Айта кету керек, жергілікті халықты жұмыспен қамтып отырған шаруашылықта 300 адам тұрақты жұмыс жасайды.
Жалпы, облыс әкімі Қ.Көшербаев биылғы жылды “Кәсіпкерлікті қолдау жылы” деп атады. Оның ішінде өңірімізде шағын және орта бизнесті дамытуға ерекше көңіл бөлінуде. Өйткені, шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту – ел экономикасының негізгі тірегі, халықтың әлеуетін көтерудің басты кілті. Бұл ретте “Натишаева” ЖК аймақтың экономикасы мен әлеуетін арттыруда үдеден шығатыны анық.
Мейрамгүл ДАУЫЛБАЙҚЫЗЫ,
“Сыр бойы”.
Нұрболат НҰРЖАУБАЙ (сурет).