«Сәйгүліктің» шаруасы ширақ

Соңғы жылдары Жалағаш ауданында кәсіпкерлік бағытына қызығушылық артып келеді. Айталық, бүгінгі таңда ауыл шаруашылығы саласында 14 жауапкершілігі шектеулі серіктестік, 133 шаруа қожалығы және 25 фермерлік қожалықтар жұмыс жасайды. Ауданда «Сыбаға», «Құлан», «Алтын асық» бағдарламалары бойынша қолға алынған жұмыстар жақсы нәтижесін көрсете бастады.

Ауданға қарасты Бұқарбай батыр ауылындағы «Сәйгүлік» шаруа қожалығының мал шаруашылығымен айналысуда өзгеге үлгі боларлық өзіндік тәжірибесі бар. Шаруашылық басшысы бұған дейін 2013 жылы мемлекеттік «Сыбаға» бағдарламасымен 5 млн теңге несие алды. Сауда алаңында сұранысы жоғары ет өнімін ұлғайту бағытында 35 бас мүйізді ірі қара малын алып,  шаруасын ширата түсті. Қажырлы еңбектің нәтижесі болар, қазіргі таңда шаруа қожалығындағы мүйізді ірі қара 150-ге жуықтады. Оның ішінде, жүз аналықтан 62 процент төл алынды. Шаруа қожалығы 7 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Жыл сайын қажетті мал азығын өзі дайындайды. Ол үшін өткен жылы «ҚазАгрофинанс» несие ұйымынан лизинг арқылы 1 жер айдайтын техника, 1 «Белорусь» тракторын сатып алды. Жалпы,  ауыл шаруашылығына қажетті  7-8 техникасы бар. Егілген дақылдарға, оған пайдаланылған тыңайтқышқа, суға, техникаға, сондай-ақ, төл басына мемлекеттен субсидия алып отыр. Айталық, өткен жы­лы алынған жалпы субсидия көлемі ­­7 128 737 теңгені құрады.

Қожалық төрағасы Қабылбек Нұрмағанбетовтың негізгі мамандығы –  мал дәрігері. Алматы зооветеринарлық институтын  бітірген жас маман 1971 –1981 жылдары Калинин, Таң ауылдарында мал дәрігері болып еңбек жолын бастап, одан әрі өндірістік цех басшысы, совхоз директорының орынбасары, ауылдық округтің әкімі  сияқты жауапты қызметтерді абыроймен атқарған.  Өзінің айтуынша, жылқы баптап, тазы ертіп, саят құратын қазақы қасиетті жаны сүйеді. Сондықтан, жиырма жылдан бері тұрқы келіскен жылқы жануарын көрсе, саудалас­пай сатып алып, жаратып, бәйгеге қосуды әдетке айналдырған. Қазір бұл шаруаны балалары жалғастырып келеді.

Имандылықты ұстанып, игіліктің басында жүрген отағасы балаларын да жеті атасын біліп, жеті қазынасын түгендеп, ұлттық құндылығын ұғынуға тәрбиеледі. Жастайынан қолдарына құрық беріп, шаруашылыққа баулыды. Тәрбиесі текке кетпеді. Бүгінде балалары ғана емес, немерелері де сергек ойлы, іске бейім. Еңбегі қайтып, екі ұлы да мал шаруашылығына ден қойды. Осыған дейін әкесінің бастамасына қолғабыс етіп келген ұлы Әлімбек Нұрмағанбетов бүгінде «Сыбаға» бағдарламасы бойынша өз алдына кәсіп ашып, жұмыс жасауда. Ал шаңырақ шырайы, алты баланың анасы Бақыт апамыз айран, сүзбе, құрт-майын, ірімшігін дайындап, келіндерін де осыған баулып отырады.

Жаңалыққа жаны құмар азамат шаруа қожалығына күн көзінен қуат алатын шағын электр станциясын орнатты. Ол арқылы екі үйге толық жарық алып, электр қондырғылары мен су айдайтын техниканы пайдаланып отыр.

Ауыл-аймаққа қадірі мол Қабылбек ақсақал бүгінде ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы. Аудандық ардагерлер кеңесінің алқа мүшесі. Ауданның Құрметті азаматы. Ауыл әкімі жанындағы қоғамдық кеңестің төрағасы. Сондай-ақ, ауылдағы тұрмысы төмен отбасыларға қаржылай көмек беріп,  кейбірін жұмысқа тартып, жәрдемдесіп отырады. Айта кетейік, осыдан оншақты жыл бұрын ауыл тұрғындары жаппай қалаға қоныс аудара бастаған еді. Ауылдағы көп үйлер бос қалды. Сонда Қабылбек ақсақал ауыл ішіне еңселі үй салып, ауылдастарын елдегі тірлікке еге болуға шақырды. Ауылдың болашағына сенім қалыптастырды. Бұл бастамасы да босқа кеткен жоқ. Ауыл тұрақтанып, тіршілік тіні жалғасты.

Осыдан бірер жыл бұрын облыста өткен «Мерейлі отбасы» байқауында жүлдегер атанған бұл шаңырақта байыпты тәрбиенің берекелі үлгісі сақталған.

                                 

Ғазиза ӘБІЛДА,                                            

 «Сыр бойы».

 

ДӘУЛЕТ 08 ақпан 2018 г. 753 0