Кеше, Қызылорда қаласының әкімі Н.Нәлібаев «Халық сенімі биік мәртебе» атты есепті кездесуін өткізді.
Шаһар басшысы бүгінгі Қызылорданы әлеуметтік және инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруға қолайлы өңір екенін айта келе, атқарылған ауқымды жұмыстарға тоқталып өтті.
Өткен жылдың еншісінде жасалған жұмыстар толағай. Бұған көзіқарақты тұрғындардың өздері куә. Сондықтан, кез келген іске халық сарапшы. Сондай-ақ, халық алдында атқарылған іске есеп бермей, алдағы жоспарлардың нақтыланбайтыны тағы бар. Осыған орай, шаһардың әлеуметтік-экономикалық дамуы мен болашақтағы перспективасы туралы сөйлеген қала басшысы толымды тірліктер мен атқарылған істерге көз жіберді.
Жылан жылы ойда қалар тарихи оқиғалармен, есте ұстар ерекшеліктермен табысты жыл болды. Аймағымызға ел Президенті жұмыс сапарымен келіп, өңірдегі өрелі істерге оң бағасын берді. Елбасының саяси шешімі негізінде алғаш рет кент және ауылдық округ әкімдері сайлау негізінде тағайындалды.
Алашқа ана, баршаға пана болған Сырдың бас қаласы Қызылорданың 195 жылдық мерейтойы ерекше салтанатпен атап өтілді.
Қызылорда қаласы бүгінде аймақ экономикасының барлық саласындағы өзгерістің «локомотивіне» айналды.
2013 жылы өнеркәсіп орындарымен өндірілген өнім алдыңғы жылмен салыстырғанда 222 млрд. теңгеге артығымен орындалып, 1 трлн. 271 млрд. теңгені құраған. Облыста өндірілетін өнімнің 94,2 пайызы, пайдалануға берілген құрылыс нысандарының үштен бірі бас қаланың үлесіне кіреді.
Негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 180 млрд. теңгені құраса, бұл облысқа салынған инвестицияның 48,3 пайызы.
Аймақ басшысы Қ.Көшербаевтың қолдауы мен қала бюджеті өткен жылдың басында бекітілген қаржыдан 1,6 есеге ұлғайтылып, 37 млрд. 998 млн. теңгені құрады. Бюджетке түскен қаржы халық игілігіне, қала бейнесін өркениет жолына бұруға бағытталған.
Өткен жылы ауыл шаруашылығының жалпы өнімі 3 млрд. 188 млн. теңге қаржыны құрады. Ауыл шаруашылығы құрылымдары 6717 га. жерге дақыл егіп, тауар өндірушілерге арзандатылған жанар-жағармай, тыңайтқыш және су жеткізу қызметтеріне деп 92 млн. теңге субсидия төленген.
Мал шаруашылығында «Сыбаға» бағдарламасы аясында 197 млн. теңгеге 1152 бас ірі қара және асыл тұқымды мал алынып, 13 шаруа қожалығы мал өнімдерін өндіргені үшін 43 млн. теңге субсидия алған. Сонымен бірге, «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» арқылы қала маңынан 50 жылыжай пайдалануға беріліп, алдағы уақытта өз жемісін береді деп күтілуде.
Әлеуметтік мәселенің ең өзектісі жұмыссыздықты жою. Берекелі істің бастауына айналған «Жұмыспен қамту 2020» жол картасы аясында 1336 тұрғын тұрақты жұмысқа орналасқан. Ақжарма, Қызылжарма, Қосшыңырау ауылдық округтері мен қала орталығында ұзындығы 4,1 шақырым көшелер жөнделіп, 99 қызылордалық шағын несиемен өз кәсібін ашқан. 340 тұрғын қайта даярлау, 488 азамат кәсіптік даярлау курсынан өтіп, 591 адам әлеуметтік жұмыс орнымен, 506 жас маман «Жастар тәжірибесімен» қамтылған. Тұрғындардың орташа айлық жалақысы 6,6 пайызға өскен. Және 3272 жаңа жұмыс орны ашылып, жұмыссыздық деңгейі өткен жылмен салыстырғанда 0,1 пайызға төмендеген. Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алушылар саны 50 пайызға азайып, өз кәсібін ашқан азаматтар қатары 24,3 пайызға артты.
Қалада бүгінде кәсіпкерлер үшін қолайлы жағдайлар жасалуда. Былтыр кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы ашылып, кәсіпкерлер палатасының өкілдігі құрылды. Шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуда «Бизнестің жол картасы - 2020» бағдарламасының шапағаты тиюде. Бағдарлама аясында жалпы сомасы 4 млрд. теңгені құрайтын 65 инвестициялық жоба қаржыландырылып, оның аясында 1213 қызылордалық тұрақты жұмысқа орналасты. Қазіргі кезде кәсіпкерлер қатары толығып, 26104 адамды құраған.
Ел өндірісіне қан жүгірткен индустриалды-инновациялық даму бағдарламасы да қаламызда игілік бастауына айналуда. Бағдарлама аясында 2015 жылға дейін жалпы құны 42 млрд. 390 млн. теңгені құрайтын 24 инвестициялық жоба іске қосылып, 1400-ге жуық қызылордалық жаңа жұмыс орнымен қамтылмақшы.
Шаһарда салынған тұрғын үй көлемінің өсуі халықтың әл-ауқатының белгісі.
Қаржыландыру көздері есебінен 2013 жылы жалпы ауданы 140 мыңға жуық шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Мемлекеттік бағдарламалар аясында 25 тұрғын үй бой көтеріп, оның 13-халық игілігіне ұсынылды. Жыл ішінде 436 тұрғын қоныс тойын тойлады. Апаттық жағдайдағы үйлердің мәселесі де өз кезеңімен шешілуде. Күпті мәселенің бірі Титов қыстағындағы апатты жағдайдағы үйлер болатын. Аймақ әкімінің қолдауымен өткен жылы облыстың төтенше жағдайлар резервінен 208 млн. теңге бөлініп, 24 пәтерлік тұрғын үй салынып, пайдалануға берілген.
Өткен жылы қаланың инженерлік-инфрақұрылымын дамытуда нәтижелі жұмыстар орын алды.
Қала тұрғындарын таза ауыз сумен қамтамасыз етуді басты назарда ұстаған қала әкімшілігі, «Ақбұлақ» бағдарламасы аясында 3 млрд. теңгеден астам қаржы бөліп, 13 шақырым ауыз су, 4,6 шақырым кәріз су жүйелері қайта жаңғыртылған. 25 су ұңғымасы бұрғыланса, 506 су есептегіш құралдары орнатылған. Тасбөгет, Белкөл кенті мен Қызылөзек ауылдық округінде 40 шақырымға жуық ауыз су жүйесі тартылып, 901 отбасы су есептегіш құралдарымен қамтылған.
Қаланың коммуналдық саласы қарқынды тірліктердің көшін жүргізіп келеді. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласына бөлінген қаржы 2,5 есеге артты. Жалпы ұзындығы 94,4 шақырымды құрайтын 78 көшеге қайта жаңғырту, күрделі және орташа жөндеу, 82 көшеге ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Жол инфрақұрылымындағы қаланың күретамыры, стратегиялық тұрғыдан аса маңызды көшелер, әуежайдан қалаға дейінгі жолдар күрделі жөндеуден өткізіліп, жарықтандырылып, Жібек жолы көшесі 6 жолақты болып кеңейтілді.
Өзекті мәселенің бірі қоғамдық көлікті реттеу бағытында нақты шаралар қабылданды. «Байқоңыр» ӘКК-ге қарасты «Қызылорда Автобус паркі» құрылып, материалдық-техникалық базасы нығайтылды. Бюджеттен бөлінген қаржыға жаңадан 20 үлкен сыйымдылықтағы автобустар алынып, жақын күндері жұмысқа қосылады. Бұл автобустардың ерекшелігі, экологиялық таза және мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін де толық жағдай қарастырылған. Сондай-ақ, жыл аяғына дейін қосымша 100 автобус паркті толықтырмақшы.
Қазір Қызылорданы «қауіпсіз қалаға айналдыруда» кешенді шаралар жасалуда. Қала тайқазанынан 465 млн. 300 мың теңгеге 31 көшеге евростандарттарға сай, энергия үнемдейтін жаңа үлгідегі бағдаршамдар, жол белгілері орнатылып, сызықтар жүргізілген. Түнгі жарықтандыру жұмыстарына ұзындығы 54,4 шақырымды құрайтын 44 көше, ауылдарда 10,7 шақырымды құрайтын 17 көше жарықтандырылған. Жолаушылар үшін заман талабына сай 42 автобус аялдамасы орнатылған.
Қаланы көркейту-көгалдандыру мақсатына 77 мың шаршы метр құрайтын 35 сквер мен аллея, көше гүлдендірілді. Бүгінде қаланың 30 пайызы ғана аяқ сумен қамтылған. Мәселені түбегейлі шешу мақсатында қалалық бюджеттен 38 млн. теңге бөлініп, қала мен елді мекендердің аяқ су мәселесіне толық талдау жүргізіліп, жоба-сметалық құжаттары әзірленді. Қазіргі таңда, қаражат тарту мақсатында орталық атқарушы органдарға тиісті ұсыныстар берілді.
Қысқы жылу маусымы да қалыпты өткізілуде. Маусымға дайындық барысында бөлінген 29 млн. 300 мың теңге қаржыға ұзындығы 3,6 шақырым магистральды жылу трассалары мен желілері жөнделді. Тозығы жеткен 2 бу қазандығы жаңартылып, желілік су жылытқыштары қайта жаңғыртылды.
Қызылорда қаласы республика бойынша ыстық сумен қамтылмаған жалғыз облыс орталығы. Осы проблеманы шешу мақсатында өткен жылы бюджеттен 45 млн. 600 мың теңге бөлініп, техникалық-экономикалық негіздемесі әзірленіп, қаражат тарту жұмыстары қарастырылуда.
Көпшілікке өзекті мәселенің бірі жеке тұрғын үй үшін берілетін жер телімі.
Есепті мерзімде өтініш білдірген азаматтар саны 40 мыңнан асқан. Жер теліміне қатысты ақпарат жалпыға қолжетімді болуы үшін тізім баспасөзде жарияланып, қала әкімдігінің веб-сайтына орналастырылған. Қазіргі кезде, жер телімін дайындау мақсатында Қызылорда-Жезқазған автожолының бойынан көлемі 980 га. аумаққа жоспарлау жобасы әзірленді. Бұл шаралар тұрғындардың жер телімдеріне қатысты өтініштерін қанағаттандыруға мүмкіндік беретін болады.
Ұлт келешегі үшін маңызды саналатын білім саласы да нәтижелі. Өткен оқу жылында қаладағы жалпы орта білім беру ұйымдарын 2080 оқушы бітіріп, 31 түлек «Алтын белгіге», 22 тәлімгер «Үздік аттестат» иегері атанып, жоғары нәтиже көрсетті.
Жаңа оқу жылында Назарбаев зияткерлік мектебі мен Түркістан көшесінде, Бірқазан, Досан, Талдыарал ауылы, «Наурыз» мөлтек ауданында жаңа білім ордалары ашылды. Қазір қалада 112 мектепке дейінгі білім беру ұйымдарында 14052 бала тәрбиеленуде. Өткен жылдың өзінде «Балапан» бағдарламасы аясында 1295 баланы қамтыған 14 балабақша ашылды.
Мәдени нысандарды жаңғыртуда Қызылжарма, Ақсуат ауылында 150 орындық клуб ғимараттары бой көтеріп, Абай ауылындағы мәдениет үйі күрделі жөндеуден өткізілді. Руханият өкілдеріне арнап Шығармашылық үйі пайдалануға берілді.
Бұқаралық спортты дамыту бағытында көпқабатты тұрғын үйлер аулаларында 23 балалар спорт алаңы салынып, «Мұз айдыны» іске қосылды. «Мұз айдыны» кешені бүгінде қызылордалықтардың қысқы спорт түрлерімен айналысуына мүмкіндік беруде.
Денсаулық сақтау саласы да даму үстінде. Емдеу сапасын арттыруға байланысты 2 млрд. 975 млн. теңге қаржы бөлінді. Нәтижесінде ана мен бала өлімі 13,7 пайызға, туберкулез 7,8 пайызға, қайтыс болғандардың көрсеткіші 45,3 пайызға төмендеді.
Өткен жыл осылайша өңірді өрге сүйреген біршама жұмыстарымен есте қалды. Бірақ алда талай атқарылар ауқымды міндеттер бар, деген қала әкімі биылғы жылы жүзеге аспақ бірнеше жоспарларымен бөлісті.
Аймақтың бас қаласы, Сыр елінің жүрегі Қызылорда биыл да қарқынды құрылыс алаңына айналады. Әуе қақпасы «Қорқыт ата» әуежайын заманауи талаптарға сәйкестендіру мақсатында сағатына 250 жолаушыға арналған халықаралық үлгідегі жаңа терминал құрылысы басталады. 22 тұрғын үй бой көтеріп, 750 қызылордалық жаңа баспанамен қамтылады. Сонымен қатар, Қайнарбаев көшесі бойындағы 18 пәтерлік тұрғын үйдің мәселесі оң шешілмек.
Қаладағы апаттық үйлерге қатысты мәселені түбегейлі шешу мақсатында жаңадан 60 пәтерлік 5 үй және 100 пәтерлік 1 үй салу жоспарлануда. Биыл Титов қыстағы мен КБИ мөлтек ауданында 60 пәтерлік екі тұрғын үйдің құрылысы басталады. Жақын күндері қалада облыстық мекемелер үйі, 200 орындық перинаталдық орталық пайдалануға беріліп, жыл ішінде мұрағат және мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығының құрылысы салынады.
«Ақбұлақ» бағдарламасы аясында республикалық бюджеттен бөлінген 828 млн. теңгеге қала ішінде 21 су ұңғымасы бұрғыланып, Ақсуат, Абай, Айнакөл, Ақжарма елді мекендерінде 43 шақырым ауыз су жүйесі, 69,3 шақырым сервистік желі тартылып, 1661 су есептегіш құралы орнатылады.
Биыл қаланың оңтүстік кіреберіс бағытындағы «Шымкент-Самара» халықаралық автокөлік жолы, Сұлтан Бейбарыс көшесі, қаланың солтүстік кіреберіс бағытындағы Саламатов, Рысқұлов, Әбілхайыр хан, Марал ишан, Қаратоғай көшелері қайта жаңғыртудан өтіп, жаңа үлгідегі жарық бағаналары мен аялдамалар қойылады. Қала көшелері күретамырларының бірі Абай даңғылы бойынан («Болашақ» университетінің маңы), Қазыбек би көшесінен («Жайна» сауда үйінің алды) жаяу жүргіншілерге арналған 2 аспалы көпір салынады. Биылғы жылы 913 млн. теңгеге ұзындығы 5 шақырымды құрайтын Әл-Фараби көшесі күрделі жөндеуден өтіп, жарықтандырылады.
Қалада ұзындығы 58,8 шақырымды құрайтын 68 көшені, ауылдарда 8,3 шақырымды құрайтын 12 көше орташа жөндеуден өткізіледі. Мұратбаев көшесінен Сырдария өзенінің екі жағалауын байланыстыратын автомобиль көпірінің құрылысын салу жоспарлануда.
Биыл коммуналдық мекемелердің материалдық-техникалық базасын нығайту жұмыстары да жалғасады. Жыл ішінде 14 жаңа техника, 84 қосымша құралдар алынбақшы.
Қаладағы газдандыру деңгейі бүгінде жеке сектордағы тұрғын үйлер бойынша 80 пайызға, көпқабатты тұрғын үйлер бойынша 76 пайызға жетті. «Бейнеу-Бозой-Шымкент» магистральдық газ құбыры жобасының аясында биыл қала бойынша 2 елді мекен: Тасбөгет кенті мен Қызылжарма ауылының тұрғындары толық табиғи газбен қамтамасыз етіледі.
Ел Президенті біздің алдымызға 2020 жылға дейін балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен 100 пайыз қамтуды тапсырды. «Балапан» бағдарламасы аясында жыл ішінде «Наурыз» мөлтек ауданында 140 орындық, Қызылжарма ауылында 280 орындық балабақша тапсырылып, Тасбөгет кентінде 140 орындық балабақша бой көтереді. Қорқыт ата көшесіндегі 900 орындық білім ордасы пайдалануға беріліп, «Ипподром» мөлтек ауданынан 900 орындық жаңа мектеп ғимаратының құрылысы басталады.
«Жұмыспен қамту 2020 жол картасы» бағдарламасы аясында 5 мектеп, 1 балабақша күрделі жөндеуден өткізіледі. Бұқаралық спортты дамыту бағытындағы жүйелі жұмыстар биыл да өз жалғасын табады. Жыл ішінде 30 спорт және балалар ойын алаңдары пайдалануға беріліп, қалада және Тасбөгет кентінде салынатын спорттық сауықтыру кешендерінің жоба-сметалық құжаттары әзірленеді.
Мәдениет саласында С.Майқанова, А.Тоқмағамбетов, М.Ералиева атындағы мәдениет үйлері күрделі жөндеуден өткізіледі. Бұл жұмыстарды жүзеге асыруға қала бюджетінен қаржы қаралуда.
Денсаулық сақтау саласында қалада алдағы үшжылдықта 2 емхана, 2 аурухана, елді мекендерде 4 дәрігерлік амбулатория салынады. Соның ішінде биыл қалада 200 орындық балалар ауруханасы, Қызылжарма мен Ақсуат ауылында жаңа дәрігерлік амбулаторияның құрылысы басталады. Әл-Фараби тұрғын ауданындағы 500 келушіге, Тасбөгет кентіндегі 250 келушіге арналған емханалардың, қаладағы 300 төсектік аурухананың, Абай ауылы мен Белкөл кентіндегі амбулаториялардың жоба-сметалық құжаттары дайындалады.
Мұның барлығы Ұлт көшбасшысы тапсырғандай, «Саламатты Қазақстан» бағдарламасы аясында салауатты өмір салтын қалыптастыруға және медицинаның қарқынды дамуына сеп болмақ.
Жиында қала басшысының есебінде айтылмай кеткен мәселе болмады. Жалпы, есепті кездесуде тұрғындар тарапынан көп мәселе айтылды. Қала әкімі де тиісінше жауабын берді. Алда күтілетін бар мәселе тек қаржыға келіп тіреледі. Сондықтан, қала әкімінің айтуынша, қаржы қаралса, тұрғындар сауалы жауапсыз қалмайтынын жеткізді. Бауырымыз бүтін, еліміз аман болса, шешілмейтін мәселе жоқ. Оның бәрі тек уақыт еншісінде болмақ.
Нұрбек ДӘУРЕНБЕКОВ.