Қазақстан мемлекетінің жеткен жетістіктеріне Қызылорда облысы да лайықты үлесін қосып отыр десек, Сыр елінің бас қаласы Қызылорда қаласының ондағы үлесі басымдылыққа ие болып отырғаны даусыз нәрсе. Әкімдердің есеп беру кезеңінде Қызылорда қаласының даму көрсеткіштеріне зер салар болсақ, оның өткен жылмен салыстырғанда барлық салада қарқынды дамуы байқалады. Иә, қаланың жыл сайынғы даму көрсеткіші оң сипатқа ие болып келеді.
Облыс әкімі Қырымбек Көшербаев Сыр өңірі басшылығына келген сәттен Қызылорда қаласының сәулеті мен дәулеті артуына, инвестициялық тартымды қалаға айналуына айрықша маңыз беріп келеді. Осы мақсатта жігерлілігімен, табандылығымен көзге түсіп жүрген іскер азамат Нұрлыбек Нәлібаевты қала басшылығына әкелді. Бір жыл көп уақыт емес. Алайда, облыс және қала әкімдерінің Қызылорда қаласының көркейіп, кемелдене түсуі үшін атқарып жатқан жұмыстары көпшілік көңілінен шығып келеді. Айтары жоқ, Қызылорда қаласы бүгінде әлеуметтік және инфрақұрылымдық жобаларды іске қосу, қолайлы инвестициялық ахуал қалыптастыру арқылы қарқынды дами отырып, аймақ экономикасының барлық салаларында «локомотивіне» айналуда. Оған толық дәлел болар цифрларға шолу жасап өтелік.
Мәселен, өнеркәсіп кәсіпорындарындағы өндірілген өнім көлемі 2012 жылмен салыстырғанда 222 млрд. теңгеге артық орындалып, 1,2 трлн. теңгені құрады. Облыста өндірілген өнімнің 94,2 пайызы, салынған құрылыс нысандарының үштен бірі Қызылорда қаласының үлесінде. Ал негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 180 млрд. теңгені құрады. Бұл облысқа салынған инвестицияның 48,3 пайызы. Қала бюджеті өткен жылдың басында бекітілген қаржы көлемінен 1,6 есе ұлғайып, 37,9 млрд. теңгені құрады.
Қызылорда еліміздегі басқа облыс орталықтарымен салыстырғанда ауылшаруашылық өнімдерін өндіретін және тұрғындарын қамтамасыз ететін қала ретінде ерекшеленді. Өткен жылы қалаға қарасты ауылдық округтердегі ауыл шаруашылығы құрылымдарының өндірген жалпы өнімі 3,1 млрд. теңге болды. Диқандар 6717 гектар жерге дақыл ексе, тауар өндірушілерге арзандатылған жанар-жағармай, тыңайтқыш және су жеткізу қызметтеріне 92 млн. теңге субсидия төленді. Мал шаруашылығының барлық мал басы түрінен тұрақты өсім бар. «Сыбаға» бағдарламасы аясында 197 млн. теңгеге 1152 бас ірі қара және асыл тұқымды мал алынып, 13 шаруашылық мал өнімдерін өндіргені үшін 43 млн. теңге субсидия алды.
Еңбек нарығындағы жақсы өзгерістер арқасында адамдардың өмір сүру сапасы арта түспек. Еліміздегі жұмыссыздықты жоюды көздейтін сәтті бағдарламалардың «Жұмыспен қамту-2020» Осы бағдарлама аясында 1336 тұрғын тұрақты жұмысқа орналасты. Жыл ішінде 3272 жаңа жұмыс орны ашылып, жұмыссыздық деңгейі 2012 жылмен салыстырғанда 0,1 пайызға төмендеді. Мемлекеттік атаулы көмек алушылар саны 50 пайызға азайып, өз кәсібін ашқан азаматтар қатары 24,3 пайызға артты.
Сыр елінің астанасы қарқынды құрылыс алаңына айналып келеді. Тұрғын үйлер көлемінің өсуі халықтың әл-ауқаты артқандығын көрсетеді. 2013 жылы қаржыландырудың барлық көздері есебінен қалада жалпы ауданы 140 мыңға жуық шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Соның ішінде мемлекеттік бағдарламалар аясында 25 тұрғын үй бой көтеріп, оның 13-і халық игілігіне ұсынылды. Бұл үйлер бір жағынан қаланың сәулетіне сән қосып жатса, екінші жағынан адамдарға жаңа баспана болып қуантуда. Осы орайда жыл ішінде 436 қызылордалық қоныс тойын тойлағанын атап өту керек. Өткен жылдың тағы бір жақсы жаңалығын айта кетуге болады. Қала басшылығы облыс орталығындағы апатты жағдайдағы үйлер мәселесін де кезең кезеңімен шешуді бастады. Титов қыстағындағы апатты жағдайдағы үйлер көптен көтеріліп келе жатқан мәселе. Қаланың көркін бұзып тұрған мұндай үйлерге қатысты қозғалыс басталғаны қала тұрғындарын қуантып отырғаны рас. Облыс әкімінің қолдауымен өткен жылы облыстың төтенше жағдайлар резервінен 208 млн. теңге бөлініп, 24 пәтерлік тұрғын үй салынды.

Қала тіршілігінде коммуналдық саланың алар орны ерекше. Өткен жыл қаланың коммуналдық саласында қарқынды тірліктердің жүргізілуімен айшықталды. Аймақ басшысының қолдауымен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласына бөлінген қаржы көлемі 2012 жылмен салыстырғанда 2,5 есеге артты. Соның ішінде республикалық және жергілікті бюджеттерден бөлінген 5,4 млрд. теңгеге жалпы ұзындығы 94,4 шақырым құрайтын 78 көшеге қайта жаңғырту, күрделі және орташа жөндеу, 82 көшеге ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Жол инфрақұрылымындағы қаланың күре тамыры, стратегиялық тұрғыдағы аса маңызды әуежайдан қалаға дейінгі жолдар күрделі жөндеуден өткізіліп, жарықтандырылды. Орталық Жібек жолы көшесі 6 жолақтық болып қайта жаңғыртылды.
Қызылордалықтар үшін өзекті мәселелердің бірі қоғамдық көлік мәселесі. Соған байланысты қоғамдық көлік проблемаларын шешу мақсатында нақты шаралар қабылдануда. «Байқоңыр» ӘКК жанынан «Қызылорда автобус паркі» құрылып, аймақ басшысының қолдауымен парктің материалдық-техникалық базасы нығайтылу үстінде. Осы орайда облыстық бюджеттен бөлінген қаржыға жаңадан 20 үлкен сыйымдылықтағы автобус алынды. Жақын арада жұмысқа қосылатын бұл автобустардың ерекшелігі экологиялық таза, мүмкіндігі шектеулі жандар үшін де қолжетімді. Үстіміздегі жылы қоғамдық көліктер қосымша 100 үлкен сыйымдылықтағы автобуспен толығады.
Қызылорданы қауіпсіз қалаға айналдыру бағытында кешенді шаралар қабылдануда. Осы мақсатта қалалық бюджеттен бөлінген 465,3 млн. теңгеге 31 көшеге евростандарттарға сай, энергия үнемдейтін жаңа үлгідегі бағдаршамдар, жол белгілері орнатылып, жол сызықтары жүргізілді. Бұған дейінгі жылдарда облыс орталығында қыс мезгілінде қар тазалау жағдайы сын көтермейтіні есімізде. Ал биылғы жылы тазалық жұмыстарымен айналысатын мекемелерге тұрғындар ризашылығын білдіруде. Бұл да облыс және қала әкімдерінің осы салаға нақты көңіл бөлуінің нәтижесінде болып отыр. Өйткені коммуналдық мекемелерге жаңадан 70 арнайы техника алынған болатын.
Шағын және орта бизнесті дамыту ел экономикасын алға бастырады. Қызылорда қаласында кәсіпкерлер үшін қолайлы жағдайлар жасалуда. Кәсіпкерлікті дамытуға «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасының шапағаты тиюде. Бүгінгі күні жалпы құны 4 млрд. теңгені құрайтын 65 инвестициялық жоба қаржыландырып, 1213 қызылордалық тұрақты жұмысқа орналасты. 2015 жылға дейін бағдарлама аясында жалпы құны 42,3 млрд. теңгені құрайтын 24 инвестициялық жоба іске қосылатын болады. Өткен жылдың өзінде жалпы құны 1,6 млрд. теңгелік «Ақбарыс» ЖШС-ның «Мал бордақылау, ет өндіру цехының құрылысы», «Қайнар» спорт клубы қоғамдық бірлестігінің «Қызылорда қаласында спорттық сауықтыру кешені құрылысы» жобалары іске қосылып, халыққа тұрақты қызмет көрсетуде. Жаңадан 65 жұмыс орны ашылды.
Қаланың әлеуметтік саласында да айтарлықтай жақсы жаңалықтар жеткілікті. Өткен жылдың өзінде «Балапан» бағдарламасы аясында 1295 баланы қамтитын 14 балабақша ашылды. Қалаға қарасты бірқатар ауылдарда клуб ғимараттары бой көтерді. Облыс орталығындағы көпқабатты тұрғын үйлер аулаларында 23 балалар спорт алаңы салынып, «Мұз айдыны» іске қосылды. Руханият өкілдері үшін «Шығармашылық үйі» пайдалануға берілді.
Жоғарыда келтірілген деректер мен көрсеткіштер бұл Қызылорда қаласында өткен жыл бойы жасалған ауқымды жұмыстардың бір бөлігі ғана. Сыр елі бас шаһарының ажары айшықталып, дәулеті таси беру үшін қала әкімінің командасы қол жеткен жетістіктерді одан әрі дамыта беретіні сөзсіз.
Ыдырыс ТӘЖІҰЛЫ.