Шиелі ауданындағы ірі шаруашылықтың бірі – «Ақмая» шаруа қожалығы егін орағын асқан ұйымшылдықпен өткеруде. Биыл бұл шаруашылық 1400 гектар жерге күріш дақылын орналастырса, нақты уақытта оның 1000 гектарын орып үлгерді. Әзірге орта өнім 56 центнерден келуде. Сондай-ақ, 962 гектар ескі жоңышқаны үшінші рет ору жалғастырылып жатыр. Оның да орташа түсімі көңіл қуантады, 60 центнерден. Құнарлы шөптің дені жиналды. 259 гектар күздік бидайдың әр гектарынан 18 центнер өнім алуы да ұжым мүшелерінің әр дақылды дұрыс күтіп-баптап, агротехникалық шараларды тиімді жасағанын білдірсе керек.
Ауыл тұрғындарын мейлінше молырақ жұмыспен қамтамасыз ету мақсатында жалпы егіспен қатар мұнда жылдағыдай 140 гектардай жерге көкөніс пен бақша дақылдары егілді. Аталған алқапта жүзден астам отбасы мүшелері еңбек етіп жүр. Олар осылай өз нәпақасын адал бейнетпен ажыратып, тірлік етуге қалыптасқан.
– Әрине, басты міндет – негізгі дақыл күрішті қысқа мерзімде жинап алу. Барлық күшіміз осы шаруаға топтастырылған. Қуатты да шыдамды жаңа техникаларымыз жеткілікті, жанар-жағармай жөнінен де қысылмаймыз. Механизаторларды ынталандыру шаралары да қарастырылған, – дейді шаруашылық басшысы, аудандық мәслихат депутаты Дәулет Жұмбеков.
Шаруашылықтағы күрішші, звено жетекшілері мен механизаторлар ынтымақты еңбек етіп келеді. Тәжірибелі бригадирлер Гүлсім Дәрібаева, Сейілбай Сембековке ілескен жас мамандардың да еңбек ету қарқыны жоғары. Дақылдың күтімі, оны орып-жинау ұжымдық ауызбірлікті, бірлесе жұмыс істеуді талап етеді. Міне, осы бір жақсы үрдіс шаруашылықта өзінің өміршеңдігін көрсетіп, жақсы қалыптасыпты. «Бірлік бар жерде, тірлік бар» дейтініміз осы.
«Ақмая» шаруа қожалығындағы тағы бір қуанарлық жағдай, ондағы техникалар қатары жылда жаңаланып тұруы дер едік. Бұл орайда шаруашылық басшысы жаңашылдық қасиетін аңғартты. Жаңа жарақтармен жабдықталған қуатты техника тәжірибелі механизаторлар Ермекбай Ибрагимов, Бағдат Шегебаев, Бақыт Сандыбаев, Ғани Барлыбаевқа беріліп, еселі еңбектің тірегіне айналды десек болады.
Міне, қызу жұмыстың көрінісі қырмандағы үйілген астық мөлшерінен байқалады. Мол астықты тасымалдаған КаМАЗ көліктері бірінен соң бірі келіп-кетіп, тыным табар емес. Мұндағы жұмысшылар да шалт қимылмен көзге түседі. Өйткені, бұл жердің де жауапкершілігі мол. Тасылған дәнді тез тазалап, қоймаға салу, тұқымдыққа жөнелту секілді жұмыстар арнайы қондырғылармен қатар қол күшін де керек етеді. Қойма меңгерушісі Серік Кемелов елгезек жан екен, өзі де тізе бүге қоймайды, жұмысшыларын да тыным таптырмайды. Айтпақшы, қырманның бір шетіндегі май сығатын диірменде мақсары дәні сығылып, арнайы құтыларға құйылып жатыр. Мұның көбі арзан бағамен жұмысшыларға таратылады. Шаруашылықтағы 90 гектар мақсары дақылы осылай өңдеуден өткізілуде. «Ақмая» шаруа қожалығында жұмысшы-қызметкерлердің айлық жалақысы уақытылы беріледі. Бұл олардың жұмысқа деген ынтасын арттырып, сенімділігін молайтары анық.
Нұрмахан ЕЛТАЙ.
Шиелі ауданы,
Ақмая ауылы.