
Ауыл әкімдерінің тұрғындармен есепті кездесуінде Елбасы Жолдауы кеңінен түсіндіріліп, талқылануда. Осындай жиындар Сырдария ауданында Айдарлы ауылынан бастау алды.
Ауыл тұрғындарына өткен жылы алынған асулар мен алда тұрған міндеттерді ауыл әкімі Ғ.Дүйсебеков егжей-тегжейлі баян етіп, көпшілік көкейінде жүрген толғақты сұрақтарға тұшымды жауаптар берді.
Айдарлыда өткен жылы көптеген игілікті істер атқарылған сыңайлы. Айта кету керек, сыртта жүрсе де, туған жерінің түтіні түзу шықсын деген ниетпен жүрген бір азамат ауылына мұнаралы мешіт салып беріпті. Сондай-ақ өткен жылы ауылда дәрігерлік амбулатория шаңырағы да бой көтеріп, тұрғындар денсаушылығын сақтауға қызмет етуде. Бір Айдарлы ауылында ғана емес, Бесарық, Іңкәрдария елді мекендерінде салынған жаңа амбулаториялар қазіргі заманауи медициналық қондырғылармен жабдықталған.
Қазіргі таңда Елбасы Жолдауына сәйкес облыс, аудан әкімдерінің ауыл әкімдеріне қойып отырған талабы – жергілікті жерде шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту. Айдарлылықтар алдында Елбасы Жолдауын жан-жақты түсіндіріп, насихаттаған аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Б.Өтегенова аудан аумағында соңғы жылдары кәсіпкерлікті дамытып, жұмыссыздықты жоюға барынша көңіл бөлініп отырғандығын айтты. «Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасына сәйкес өткен жылы Yкімет тарапынан 350 млн. теңге қаржы қаралса, биылғы жоба бойынша 524 млн. теңге қаржы бөлінбек.
Шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуда айдарлылықтардың да өзіндік үлестері бар. Айдарлыда ауыл аттас шаруа қожалығы 100 бас мүйізді ірі қара, 1000 бас қой өсіруді қолға алып жатыр. Сондай-ақ, 50 гектар алқапқа жүгері дәні егілмек.
Айдарлы ауылында әлеуметтік мәселелер де өз жемісін табуда екен. Халықтың тұрмыс-тіршіліктері де жыл өткен сайын жақсарып келеді. Десе де, ауыл тұрғындарын толғандырып жүрген толғақты мәселелер де жоқ емес. Есепті жиында сөз алған ауыл ардагерлері Ж.Исмайлов пен Қ.Айтбаев ауыл әкімі ісіне оң баға бере отырып, көп көкейінде жүрген сауалдарға да назар салуын айтты.
Бесарық ауылының әкімі Қ.Жармағанбетов тұрғындар алдында өз есебін берді. Ауылда елде жүргізіліп жатқан бағдарламаларды іске асыру барысы жоспарлы жүргізілуде екен. Атап айтар болсақ, өткен жылы елді мекенде «Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасы аясында 17 адам ауыл шаруашылығын қаржылау қолдау қорынан 28220 теңге, бір адам «Рита» ШНУ-нан 3 млн. теңге қаржы алып, өз кәсіптерін ашқан. Сондай-ақ, аймақ басшысының бастамасымен «Лукойл Оверсиз ЛТД» компаниясы қолдаған «Ақниет» бағдарламасы аясында 2 ауыл тұрғыны қайтарымсыз қаражат алып, өз кәсіптерін жасауда.
«Ақбұлақ» бағдарламасы бойынша аудандық бюджеттен 4200,0 млн. теңге қаржы қаралып, ауылдағы екі көшеге сапалы ауыз су желісі жүргізілген. Сондай-ақ, ауылда жаңа дәрігерлік амбулатория пайдалануға берілген.
***
Бүгінгі күнге дейін Аманкелді ауылдық округ әкімі Қ.Құлымбетов, Қоғалыкөл ауылының әкімі С.Сарманов, Шіркейлі ауылы әкімінің міндетін атқарушы Р.Мамадиярова, Н.Ілиясов ауылдық округінің әкімі Қ.Бисембаевтар да ауыл тұрғындары алдында өз есептерін беріп, Елбасы Жолдауының жарқын істерге бастайтынын баян етті.
Е.АҚҚАЛИҰЛЫ.
Сырдария ауданы.