
Кәсіпкердің бағы – сәттілік. Бірақ оған әркім әртүрлі жолмен қол жеткізеді. Бірінің жақсы идеясы болса, енді бірі маңдай тер мен білектің күшіне сенеді, тіпті қалыптасқан заңдылықты бұзып, ақыр соңында жеңіске жететіндер де бар. Әлемдік деңгейдегі кәсіпкерлердің өмір жолында мұндай хикая көп. Ал өз ісінің қиюын келістірген кәсіпкер Өркен Құрбанов абыройлы, табысты атану үшін әуелі адалдық керегін айтады. Жаңа істі бастамас бұрын жеті рет өлшеп, бір рет кескенді жөн көретін Өркен жұртшылыққа сәнді сәулет бұйымдарымен таныс.
Жаңақорған ауданына барсаңыз, алдыңыздан сан түрлі мүсін шығады. Аудан ажарын арттырып отырған осы бейнелердің барлығы кейіпкер қолынан шыққан. Негізгі мамандығы бағдарламашы болса да, жігерлі жігіт кезінде бағытын басқа арнаға бұруға мәжбүр болған. Өйткені Өркеннің тағдыры өзгеше өрілді. Ата-анасы ерте көз жұмғаннан кейін ол артынан ерген жалғыз қарындасы мен үш бауырының жалғыз панасына, отбасы қамқоршысына айналды. Көп ойланып, қайғыға берілуге мұршасы болмады. Астындағы ескі көлігін сатып, түскен қаражатқа құрылыс саласына қажетті бұйымдар жасады, осылайша кәсібін бастады. Қолының ебі бар, икемді жігіттің гипстен, бетоннан жасалған бұйымдарына уақыт өте көпшілік те қы¬зықты. Сұраныс артты. Дегенмен, жас кәсіпкердің қолдағы қаржысы ауқымды шаралар атқаруға жетпейтін. Бірақ Өркен істің көзін тапты. Мемлекет көмегіне жүгінді. “Жұмыспен қамту – 2020” бағдарламасы аясында 2 млн теңге несие алып, кәсіп көкжиегін кеңейтуге бар күшін салды. Жұмсалған тер мен қажыр-қайрат қашанда жемісін береді емес пе?! Қазір Өркен – іні-қарындасының ғана емес, ауыл мақтанышы. Міне, жас та болса бизнеске бас бола білген ауыл кәсіпкерінің ілкімді тірлігі осындай. Алдағы уақытта ісін өрістетуді көздейді. “Өңір экономикасының келешегі – біздің, жастардың қолында” деген пікірде. Ең бас¬тысы, жерлесіміз ерінбей еңбек еткеннің жұмысы жемісті боларына сенімді. Және сол жолда аянбай еңбек етуге даяр.
– Көз – қорқақ, қол – батыр” деп ¬бекер айтылмаған. Жұмыстың ең қиыны – әрі қарай алып кету. Алғашында түрлі мәселелер туындады. Бірақ қиындықтарды уақыт өте келе еңсере бастайды екенсің. Қайта тұрып, алға ұмтыласың. Нәтижесін көресің. Адамға ең бастысы сенім керек деген рас. Осы жылдар ішінде сенім бар жерде үміт бар, үміт барда болашақ бар екеніне көз жеткіздім, – дейді ол.
Белгілі бір кәсіптің басында жүріп, нәсібін сол істен тапқан жандарды көр-генде іштей риза боласың. Өйткені олар ел экономикасының көтеріліп, өзінің де, өзгелердің де еңбекпен қамтылуына мүмкіндік туғызуда. Осындай адамдардың қам-қарекеті мен тіршілігіне қарап қызы¬ғатындар көп. Сондықтан болар, шаруасын дөңгеленткен Өркендей жандарды қалай мақтасақ та жарасады.
Мөлдір ҚАЛЫМБЕТ.