ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ БЕЛСЕНДІ АЙМАҚҚА АЙНАЛДЫ

оның өсу қарқыны бойынша облыс 2-орында
Облыстың макроэкономикалық көрсеткіштері соңғы жылдары өрлеу сипатымен ерекшеленеді. Оңды тенденция облыс әкімінің 2013 жылға арналған іс-қимыл жоспары негізінде  жүзеге асырылуда.
Жыл бойы мемлекеттік органдардың жұмысы халықтың  өмір сапасын жақсартуға бағытталды. Көптеген әлеуметтік нысандар, халық игілігіне тиімді жұмыс істейтін инфрақұрылымдар пайдалануға берілді. 2013 жылдың қорытындысы бойынша облыстың өнеркәсіп өнімі 1,3 трлн. теңге құрады. Ерекше атап өтуіміз керек, оның өсімі өңдеу өнеркәсібінде 19,3 пайызға жетті. Экономиканың әртараптандырылуы маңызды фактор екенін ескерсек, бұл көрсеткіш барынша қомақты болып табылады.
Аймақта құрылыс жұмыстарының көлемі 17 пайызға өсті. Бұл республикадағы төртінші көрсеткіш. 270 мың шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға берілді. Ең бастысы, облыс экономикасына 370 млрд. теңге инвестиция салынды. Бұл 2012 жылмен салыстырғанда 40 пайызға артық. Инвестицияның өсу қарқыны бойынша облыс республикада екінші орын алады.
Шағын және орта бизнес кәсіпорындарының белсенділігі артып келеді. Олардың өндірген өнімі 250 млрд. теңгеге жуықтады. Ал, ауыл шаруашылығының ішкі жалпы өнімі 48 млрд. теңгені құрады. 
Облыс инфляцияны тежеу бойынша тәуір көрсеткіштерге қол жеткізді. Республикадағы аймақтар арасындағы екінші оңды көрсеткіш Сыр өңірінің үлесіне тиеді. Жұмыссыздық деңгейі республикалық орташа деңгейден асқан жоқ. Өткен жылы жастар арасында жұмыссыздықты азайту бойынша тәуір көрсеткіштерге қол жеткізілді. Yстіміздегі жылы колледждерді қайта профильдеу бұл көрсеткіштің жақсаруына септігін тигізеді деп ойлаймыз.
2013 жылы облыс әкімінің іс-қимыл жоспары бойынша белгіленген межелер негізінен орындалды. Бірқатар  емдеу, оқу орындары, балабақшалары пайдалануға берілді. Сумен жарақтандыру бойынша көптеген жобалар жүзеге асырылды. Yстіміздегі жылы аталған жоба бойынша көптеген жұмыстар атқарылады деп күтілуде. 
Облыста металлургия кластерін құру бойынша тиісті жұмыстар жүргізілді. Энергетикалық консорциум және балық өндірісін дамыту консорциумы құрылды. Күріш кластері дамытылуда.
Балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен қамту бойынша облыс республикада жоғары көрсеткіштерге жетіп отыр. Балаларды қамту республикада 71 пайыз болса, облыста ол 81 пайызды құрайды. 17 мектеп салынды. Бірыңғай ұлттық тестілеу бойынша облыс  16-орыннан 11-орынға көтерілді.
Көптеген денсаулық сақтау нысандары, мұз сарайы, физкультура сауықтыру кешені пайдалануға берілді. Өткен жылдың қорытындысы бойынша облыста ана мен сәби өлімі үштің біріне қысқарды. Еңбекпен қамту саласы бойынша республикалық бюджеттен 10 млрд. теңге бөлінді. Облыстың сумен жабдықтау саласына 8 млрд. теңге бөлініп, Қызылжарма жерасты су кенін игеру жұмыстары басталды.
Облыста атқарылған маңызды жұмыстардың бірі «Байқоңыр» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорацияның жұмысына байланысты. Ол облыс орталығында қоғамдық көлікті дамыту бойынша игілікті шараны қолға алды. Корпорация облыста инвестициялық форумдардың өткізілуі бойынша сәтті қадамдар жүзеге асырды.
Облыс экономикасында өткен жылы осындай серпінді қадамдар жүзеге асырылды. Ол алдағы уақытта жалғасын табатынына сенімдіміз.
Ж.ӘЛМАХАН.

СЕРПІНДІ ДАМЫП КЕЛЕ ЖАТҚАН ӨҢІРЛЕР ҚАТАРЫНДА
Өткен жылдың қорытындысымен облысымыз әлеуметтік-экономикалық дамудың негізгі индикаторлары бойынша өсу динамикасына қол жеткізді.  Мұнай шығару көлемінің төмендеуіне қарамастан, жалпы өнеркәсіп өнімінің көлемі өсуін атап өтуге болады. Бұл көрсеткішке өңдеу өнеркәсіп өнімінің өсуі арқылы жеттік. 2012 жылмен салыстырғанда өңдеу өнеркәсібінің өсу деңгейі 19,3 пайыз. Сонымен қатар негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 2012 жылмен салыстырғанда 40 пайызға өскен. Бұл облыс аумағында ірі жобалардың жүзеге асырылуының нәтижесі. Ауылшаруашылық саласында жақсы көрсеткіштерге қол жеткіздік. 
Өткен жылы облыс шоғырландырылған бюджетке 600 млрд. теңгеге жуық қаржы түсіруді қамтамасыз етті.  2012 жылмен салыстырғанда 102 млрд. теңгеге артық, 120 пайызға өсу бар. Егер 2012 жылдың қорытындысымен салықтың көлемі бойынша 8-9-орында болсақ, қазір 4-орындамыз. Даму қарқыны бойынша республикадағы аймақтар рейтингінде біздің облыс 2-орынды иеленген.   
Өткен жылдың алғашқы жартыжылдығында Статистика агенттігі «Ең  серпінді дамып келе жатқан өңірлер үштігінде Жамбыл, Шығыс Қазақстан және Қызылорда облыстары бар» деп мәлімдеген болатын.
Жыл қорытындысында Сыр өңірі даму қарқыны жөнінен республикада екінші орынға шығып отыр.
ДӘУЛЕТ 30 қаңтар 2014 г. 929 0