
Елбасының «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаhандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауында ҚР Үкіметіне берген тапсырмасына сәйкес, агроөнеркәсіптік кешендерін дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы бекітілді.
Осы бағдарлама аясында ауыл шаруашылығы дақылдарынан мол өнім алу үшін жүргізілетін шаралардың комплексінде тұқым шаруашылығының алатын орны ерекше зор. Оның негізгі міндеті – өндірісте егіліп жүрген күріш сортының жоғары репродукциялы тұқымын тауарлы күріш өндіретін шаруашылықтарға жеткілікті мөлшерде дайындап беру. Қандай сорт болмасын ұзақ жылдар егілу барысында тұқым сапасы нашарлап, азады және өнімі азаяды. Жалпы дақылдардан жоғарғы өнім алуда тұқым сапасы аса маңызды роль атқарады. Өйткені тұқым бойында болашақ өсімдіктің барлық қасиеттері жинақталып тұрады. Сондықтан оның сапалық көрсеткіштеріне қарап, болашақ өнімнің мөлшері мен сапасын болжауға болады.
Тұқым шаруашылығының екінші міндеті – таза сорттылығын, оның биологиялық жоғары шығымдылығын бастапқы қалпында сақтау болып табылады.
Күріш дақылының сапалы тұқымымен қамтамасыз ету мақсатында облыста екі тұқым өндіруші, үш - элиталық тұқым өндіруші және сегіз - І, ІІ және ІІІ көбейтілген тұқым өндіретін аттестатталған тұқым өндіруші шаруашылықтары бар. Атап айтсақ, «Ыбырай Жахаев атындағы Қазақ күріш шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты», «Түгіскен ТШ», «Мағжан и К», «РзаАгро», «Сыр маржаны», «Таң ЛТД» серіктестіктері, «Абзал и К» толық серіктестігі, «Төңкеріс К» шаруа қожалығы және тұқым өткізушілер «АгроХолдинг Байқоңыр» ЖШС мен «Агро Центр» ЖШС.
Тұқым шаруашылықтарын қолдау мақсатында мемлекет тарапынан 2000 жылдан бастап субсидия бөлініп келеді. Республика бойынша тұқым шаруашылықтарына 2013-2015 жылдары аралығында 2,5-2,9 млрд субсидия бөлінсе, бұл көрсеткіш 2020 жылға қарай – 11,6 млрд-қа жетеді деп жоспарлануда.
2014 жылы облыстық бюджеттен 358,9 млн теңге қаражат бөлініп, күріш өндірумен айналысатын ауыл шаруашылығы құрылымдары барлығы - 7295,3 тонна ішінара арзандатылған жоғары репродукциялы тұқым сатып алып егуге қолжеткізіп, нәтижесінде гектарына 50,1 центнерден жоғары өнім алып, қамбаларын мол астыққа толтырды. Бұл көрсеткіш 2015 жылы облыс бойынша гектарына 50,5 центнерден айналса, өткен жылы облыс әкімдігінің қолдауымен «АгроХолдинг Байқоңыр» ЖШС арқылы 75,0 млн теңгеге Краснодар өлкесінен 335 тонна элиталық күріш тұқымы әкелініп, «Таң ЛТД» ЖШС және «Төңкеріс К» шаруа қожалықтарында егілді. Ауылшаруашылығы тауар өндірушілері 6000 тоннадан астам І-репродукциялы күріш тұқымымен қамтамасыз етілді. Нәтижесінде гектарына 54,5 центнерден өнім жиналып, облыс қамбасына 439 мың тоннадан астам Сыр салысы құйылды. Соңғы жылдары жоғары өнім алудың арқасында ауылшаруашылық құрылымдарының материалдық-техникалық базасы нығайып, шаруашылықтар заманауи жаңа техникалар алуға қол жеткізе бастады. Жасыратыны жоқ, 2000-2010 жылдарға дейін жалпы егілген егіс көлемінің 30-40 пайызы қатардағы тұқыммен егілетін. Осы тұқым шаруашылығын дамытуға көрсетілетін мемлекеттік қолдаудың арқасында соңғы 20 жылдың үстінде болмаған көрсеткішке жетіп отырмыз. Атап айтқанда, 2015 жылы жалпы егістіктің 98,5 пайызы жоғары репродукциялы тұқыммен себілсе, былтыр 99,7 пайыз, биыл 99,9 пайыз сапалы тұқым себілді.
Биылғы жылы тұқым шаруашылығын қолдауға жергілікті бюджеттен барлығы 439,25 млн теңге қаржы бөлініп, облыс бойынша 5985 тонна I-ші репродукциялы тұқымға ауыл шаруашылығы құрылымдарынан өтінімдер түсіп, ауылшаруашылығы тауар өндірушілеріне қолдау көрсетілді. Жоғары сапалы тұқым мол өнімнің кепілі екендігін облыс дихандары соңғы жылдары өз еңбектерімен дәлелдеп жүр. Осы жетістіктердің бәрі мемлекеттік қолдаудың арқасы. Өйткені, ауыл шаруашылығын қолдау, тұқым шаруашылығын дамыту, ауылшаруашылық құрылымдарын сапалы тұқыммен қамтамасыз ету Үкіметтің басты назарында.
Облыстық ауылшаруашылығы басқармасының тұқым шаруашылығы және астық инспекциясы бөлімінің бас маманы Қ.МАЙЛЫБАЕВ.