МЕТАЛЛУРГИЯ: МYМКІНДІКТЕР МЕН МЕЖЕЛЕР

МЕТАЛЛУРГИЯ: МYМКІНДІКТЕР МЕН МЕЖЕЛЕРАймақта металлургия өндірісінің бірқатар салалары дамиды. Облыс аумағындағы ванадий кеніші әлемдегі 5 ірі кеніштердің қатарына енеді. Мамандардың пікірінше, аймақ осы өнімге қажетті әлемдік сұраныстың 10 пайызына дейін қамтамасыз ете алады.
Өндірісті игеру 3 кезеңнен тұрады, қазір оның екінші кезеңін жүзеге асыру басталды. Жобаның төңірегінде бірнеше қосалқы өндірістер ашу қолға алынуда. Салаға осы мақсатта 1 млрд. теңге көлемінде инвестиция құйылады.
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев: «Біз Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығында бірінші болып жеке меншікке, еркін бәсекелестікке және ашықтық принциптеріне негізделген нарықтық экономиканың заманауи үлгісін жасадық. Біздің моделіміз шетелдік инвестицияларды тартудағы мемлекеттің  белсенді рөліне негізделген», деп атап көрсеткен болатын өзінің халыққа Жолдауында. Еліміздің өсіп-өркендеуі жолына серпін беретін бұл батыл қадам Сыр өңірінде де жаңа идеялардың жүзеге асуына негіз қалады. Атап айтқанда, бұрындары негізінен ауыл шаруашылығы бағытындағы Қызылорда облысы бұл күндері түсті металлургияны дамытуды қолға алды. 
Осыдан алпыс жыл бұрын Ұлы Отан соғысы тұсында Қаратаудың жынысты қатпарында ванадий металының мол қоры бар екендігі барланған болатын-ды. Бұл қажеттілік әскери-қорғаныс саласына қатысты қолға алынғандығы белгілі. Металды өндіре бастаудың сәті енді келген сыңайлы. Оның бастамасын осыдан жеті-сегіз жыл бұрын Андрей Кузнецов бастаған «Фирма Балауса» ЖШС алғышарттарын жасап, құрылыс алаңдарын дайындағанымен, жергілікті билік тарапынан батыл қолдау білдірудің қажеттілігі байқалмаған еді. Облыс басшылығына келісімен Қырымбек Көшербаев осындай ауқымды, келелі мәселелерге баса назар аударды. Қыстың көзі қырауда тау сілеміне бірнеше рет  сапарлап, ванадий металын өндірудің тиімділігін және осы өндіріс арқылы оның салалық бағыттағы желілерін дамыту жолдарын қарастырып, мамандармен пікірлесті. 
Сирек кездесетін металдар қатарында ванадий элементін өндіріп, оны өндіріске пайдалануды қазақстандық ғалымдар көптен зерттеп келе жатқанымен, оған жеме-жемге келгенде тәуекел етушілер сирек. Өйткені, бұл – аса күрделі процесс, дайын өнім алынғанша, көптеген қиыншылықтар мен бөгеттерге тап келуі әбден мүмкін. Оның үстіне, бұл өзі көзжұмбайлықты қаламайтын нәзік ғылым жолы. Алайда, өнеркәсіпке ванадий металы керек, оның аз ғана мөлшерін, яғни, 0,2 пайызын құрышқа араластыру арқылы металдың беріктігін жүздеген есеге арттырып, салмағын бірнеше есеге кемітуге мүмкіндік туады. Пайдаланудағы жүздеген техникалардың аталмыш металл қоспасы арқылы  төзімді дәрежеге жеткізілгендігі оның аса қажеттілігін аңғартады. Солқылдақ ресорлар, темір білік, қатты шестерна, сол секілді көптеген мотор тетіктері ванадий қоспасынсыз осал болар еді. Сондай-ақ, жоғары қызуға шыдамды  цилиндрлер, тежегіш колодкалар да осылай жасалады. Сонымен бірге, оның басқа қосылыстары мұнайдан бензин алуда, спиртті тотықтырып, сірке қышқылын және резина, шыны, керамика бояуын өндіруге және де медицинада қолданылады.  Міне, осы міндетті «Балауса» фирмасы, оның басшысы Андрей Кузнецов мойнына алып, оны өндіру жолында үлкен қажыр-қайрат жұмсап келеді. 
Геологиялық барлаудың болжауына қарағанда, бұл аумақтағы ванадий қоры 800 мың тонна шамасында.  Сол жерде жоғарыда өзіміз кереметін әңгімелеген ванадий өндірісіне дайындық жұмыстары 2006 жылдан бері жүргізіліп келеді. Ынталы топтың өз күшімен әуелі жер жағдайы зерттелді, біртіндеп, өндіріс алаңдары салынды, жабдықтар әкелінді, қондырғылары орналастырды. Ал өткен жылдан бастап ванадий металын автоклавты тәсіл бойынша өндіру қолға алынды. Жобаның құны 965 млн. теңгеге бағаланғанымен, әлі де көптеген ұйымдастыру жұмыстарының жүргізілуін қажет етеді. Бұл жөнінде жоба және жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің басшысы Андрей Кузнецовтың мәлімдеуінше, жоба үш кезеңмен іске асырылуы тиіс. Сол арқылы 2015 жылы мұнда 664 адам еңбек етсе, өндірілген ванадийдің көлемі де арта түседі.  Осы жоба толық жүзеге асқан кезде мұнда ванадийден өзге оған сабақтас өндірілетін өнімдер – ванадий пятиокисі, феррованадий, алюмованадий, молибденді концентрат, көмір қышқылы секілді өндіріс пен тұрмысқа қажетті заттарға қажетті шикізаттар да молынан болады. Демек, осы жерде көптеген сабақтас кәсіпорындар жұмыс істеп, жүздеген аймақ тұрғындары жұмыспен қамтылады деген сөз.  Болжам бойынша сол кезде 28 мың тонна өнім алуға мүмкіндік туады.
Әзірге жобада көрсетілген бірінші кезеңнің жұмыстары толық аяқталды. «Фирма Балауса» ЖШС-ның бастамасы облыс әкімі тарапынан қолдау тауып, жүйелі жұмыстарға кірісті. Бұл өңірлік Индустрияландыру картасына сай жүзеге асырылатын  4 жобаның бірі.  
Иә, Мемлекет басшысы шағын және орта бизнестің экономикадағы үлесі 2030-жылға қарай, қазіргімен салыстырғанда ең аз дегенде екі есе өсуге тиіс екендігін атап көрсетіп, азаматтарымыздың барлық проблемаларын мелекеттің шешіп беруін күтпей, әрқайсысы өзін бизнесте сынап көруге, сол арқылы өз қабілет-қарымын жұмсай отырып, елде жасалып жатқан экономикалық өзгерістерге толыққанды қатысушыға айналуына жағдай туғызуы  керек екендігін тапсырған болатын. «Қазақстан-2050» стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» Жолдауының негізгі басымдықтары осындай жаңашыл істерді өрістету, дамыту екендігі белгілі. Олай болса, бұл қадам құзырлы министрліктер мен аймақ басшылығының іскерлік келісімдер жүргізуі нәтижесінде өрісті болады деп күтілуде. Жоғарыдағы жұмыстар аталмыш өрісті бастаманы жергілікті жерде жүзеге асырудың бірден-бір көрінісі болса керек. 
Нұрмахан ЕЛТАЙ. 
Шиелі ауданы.

ДӘУЛЕТ 16 қаңтар 2014 г. 986 0