« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |
Ауыл шаруашылығы - азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ететін әлемдік деңгейдегі бірден бір әлеуметтік-экономикалық маңызы зор сала әрі тұрақтылық кепілі.
Мол табиғи-биоклиматтық қорларға ие еліміздің және аймақтың бүгінгі күрделі кезеңде халықаралық азық-түлік нарығында ірі ойыншыға айналуы бек мүмкін. Ендігі кезекте мемлекет ғылым, білім, өндіріс, қаржылық институттардың осы саланың бәсін барынша жоғарылатуға атсалысуы қажет екені өзінен-өзі түсінікті. Еліміздің білім саласында жүргізіліп жатқан реформалардың мерейлі мақсаты – бәсекеге қабілетті мамандар даярлауды қамтамасыз ету десек, «Бәрін де кадрлар шешеді» деген тұжырым аграрлық сала үшін де өміршең. Көзделген меже үдесінен шығуда жоғары оқу орындарының материалдық-техникалық базасы ең маңызды рөл атқарады.
Ауылшаруашылық бағытындағы әлемдегі жетекші жоғары оқу орындарының тәжірибесіне үңілсек, олардың барлығында ғылымиландырылған білім берудің қайнары іспеттес тәжірибе-эксперименттік учаскелер қызмет етеді. Арнайы жертелімдері, замануи зерттеу-бақылау қондырғылары, әртарапты суару көздері, жылыжай, метеостансалар, фитотрондар, вегетациялық үйшіктер, кіші габаритті ауылшаруашылық техникалары мен құрал-саймандардың мамандар даярлаудың сапасын көтеріп, білім алушылардың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға әсерін тигізеді. Айтылғанға К.Тимирязев атындағы Ресей ауылшаруашылық академиясының (қазіргі Ресей мемлекеттік аграрлық университеті) бір жарым ғасырдан астам тарихы, бүкіл іс-тәжірибесі жарқын үлгі. Мәскеу қаласының дәл ортасында орналасқан осы академияның 200 гектардан астам тәлімдік жері ғалымдар мен жоғары білікті мамандарды даярлауға, ғылыми және тәжірибе-экспериментттік жұмыстарды орындауға қызмет етуде. Ондағы аграрлық зерттеулерден (ауыл шаруашылық дақылдарының сорттары мен селекциясы, нанобиотехнологиялар, топырақ құнарлығын арттыру, т.б.) алынған нәтижелердің Ресей экономикасына тигізген әсері өлшеусіз, әлемдік ғылымның қазанына салған олжасы мол.
Енді Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетіндегі келелі жұмыстарға көшелік. Білім ордасының инженерлік-техникалық және гуманитарлық-педагогикалық жоғары оқу орындарын біріктіру арқылы 1998 жылы 24 наурызда көпсалалы аймақтық университет болып қайта құрылғаны белгілі. Жаңадан тағайындалған басшы Қ.Бисенов сол кездегі облыс әкімі Б.Сапарбаев, қала әкімі Б.Досманбетовтің қолдауымен облыс орталығында классиқалық үлгідегі университет қалашығын салу жобасын жүзеге асырды. Әр жылдары арнайы бөлінген жер телімдерінде оқытушылар құрамының тұрғын үйлері, ұстаздарға арналған көпқабатты үй бой көтерді, заманауи студенттер жатақханасы, спорттық-сауықтыру кешені, әмбебап кітапхана салынып, бүгінде сәулеті мен сәні жарасқан мекенге айналды. Сол аймақта орналасқан Агробиологиялық орталық та аталған жобаның жемісі. Біздің аймақта аяқсу мәселесі қашанда өзекті болғандықтан бастапқы кезеңде өндірістегі жанашыр азаматтардың қолдауымен орталық аумағына екі ұңғыма (скважина) орнатылды. Әлі күнге бірден-бір суландыру көзі солар. Орталық құрамына агробиологиялық учаске мен жылыжай шаруашылығы кіреді. Канадалық әріптестердің қолдауымен салынған жылыжай шаруашылығында осы кезге дейін халықаралық қаржы институттарының, түрлі деңгейдегі бюджеттердің қаржыландыруымен бірнеше ғылыми жоба орындалды. Бұған қоса, студенттер асханасын экологиялық таза көкөністермен де қамтамасыз етіп келеді.
Агробиологиялық учаскеге әр түрлі ағаш көшеттері отырғызылып, олар бой түзегесін бұл жер маңайындағы үйлердің тұрғындары серуендейтін орынға айналды. Сонымен қатар, білім алушылардың кәсіптік практикалары өткізіліп, магистранттар мен докторанттар зерттеулерінің қажеттілігіне қарай сынақ-тәжірибелік алаңдары ретінде пайдаланылып отырды. Алайда, уақыт өте келе өсіп тұрған ағаштар тоза бастады. Себептеріне келсек, басқаларын айтпағанда ең алдымен, химиялық құрамы қолайсыз жер асты суының жақын орналасуынан топырақтың екінші қайтара тұздануы және өзеннен келетін химиялық микроэлементтерге бай аяқсудың болмауынан топырақ құнарының төмендеуі дер едік. Өз кезегінде тәжірибелік танаптарды экологиялық сауықтыру қажеттігі жыл өткен сайын өткірлене түсті. Тиісті агротехникалық іс-шараларды атқаруда қаржы тапшылығы қол байлап келгенін несін жасырамыз.
Биыл университет ректоры Б.Каримованың бастамасымен орталықты әлемдік, отандық тәжірибелерге сай инновациялық-технологиялық, оқу-тәжірибелік кешенге айналдыру жұмыстары қолға алынды. Жаңа мазмұндағы даму бағдарламасының басым бағыттарына тоқталсақ. Біріншіден, білім алушылардың теориялық білімдерін оқу, зерттеу, ғылыми тәжірибелерді жүргізу арқылы бекіту. Екіншіден, білім бағдарламаларын ғылымиландырылған білім беру тұжырымдамасына сүйеніп жүргізу. Яғни, университеттегі заманауи зертханалармен бірлесе болашақ мамандардың кәсіби дайындығын өндіріс сұранысына барынша бейімдеу, шаруашылықтарға жер-су ресурстарын пайдалану бойынша қызмет көрсету мен кеңес беру. Осынау қадамдар жоғары білім сапасына деген сенімділікті қалыптастыруға қызмет етеді.
Үшіншіден, аймақтың қатал табиғи-климаттық, топырақ жағдайына бейімделген топырақ құнарлылығын арттыратын, өсімдіктердің өнімділігін көтеретін және ресурсүнемдеуші технологияларды әзірлеу; ауыл шаруашылығы дақылдарының (бидай, арпа, күріш, жүгері, мақсары, түйежоңышқа, т.б.) жаңа сорттарын шығару және олардың оригиналды тұқымдарын өндіру; дақылдардың суару режимін зерттеу, суды бөлу мен басқаруды автоматтандыру, тамшылатып және жаңбырлатып суару әдістерін жетілдіру; өндіріс орындары мен үй-жай шаруашылығының ағынды лас суларын мелиорацияда пайдалану мүмкіндіктерін зерделеу; органикалық егіншілікті, дәлдік технология элементтерін зерттеу; жылыжай жағдайында және ашық топырақта көкөніс-бақша дақылдарын өсіру барысында аймақтың биоклиматтық әлеуетін тиімді пайдалану; жаңа ағаш түрлерін жерсіндіру арқылы дендропарк үлгісін жасау, т.б. ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-эксперименттік жұмыстарды жүргізу.
Төртіншіден, Сырдариядан бастау алатын «Жібек жолы» каналынан аяқсу алу шараларын жүзеге асыру. Өйткені, бүкіл Орталық Азияның егін шаруашылығының нәрі- өзендер суы.
Бесіншіден, қазіргі заманғы автоматтандырылған метеостанса қою арқылы жаһандық жағдайдағы өңірдің климат параметрлерінің өзгеру динамикасын ұзақмерзімді бақылау. Соның нәтижесінде қоршаған ортаның өзгерістеріне негіздемелер, болжамдар жасау әрі аймақтың экологиялық жағдайын жақсарту жолдарын кешенді зерттеу.
Алтыншыдан, ғылыми-зерттеулердің нәтижелерін шаруашылықтарда тираждау арқылы қосымша табыстар табу және оқытушы-профессорлар, студенттер, магистранттар мен докторанттардың ғылыми еңбектерін (монографиялар, жоғары импакт-факторлы басылымдардағы мақалалар, курстық және біліктілік жұмыстары, оқу және әдістемелік құралдар) жариялау. Мұның барлығы университет рейтінгісін көтеретін көрсеткіштер.
Жетіншіден, орталық периметрін абаттандырудың кешенді шараларын қолға алу. Болашақта жарық шамдары орнатылып, демалатын орындықтар мен субұрқақтар қойылып, ғылым-білімнің тұңғиығынан сусындаған жастар мен маңайдағы тұрғындардың экологиясы жайлы, ауасы таза жерде серуендеп, дене шынықтырумен айналысуына және салауатты өмір салтына ұстануына мүмкіндік тумақ.
Қазіргі күні әлемді жайлаған індет қоғамның құндылықтар жүйесін өзгертті. Бірінші кезекке азық-түлік проблемасы, оның ішінде адамзат үшін ең маңызды деген тамақтық өнімдердің қол жетімділігі шығып отыр. Нақты объективті ақиқат сол – бұлардың барлығы ауыл шаруашылығы өндірісіне тиесілі. Сондықтан, біз әңгімелеп отырған аграрлық ғылым мен білім орталығының азық-түлік өнімдерінің технологиясы, агрономия, су ресурстары және суды пайдалану, жерді мелиорациялау, баптау және қорғау, жерге орналастыру, кадастр, органикалық заттардың химиялық технологиясы білім беру бағдарламалары бойынша озық білім мен технологияларды игерген кадрлар даярлау ісіне қомақты олжа салатынына сенімдіміз.
Жалпы, мамандықты дұрыс таңдау – табысты өмірдің кілті. Жалаң теорияны оқып, практикалық сабақтарды виртуалды өткен аграрлық сала студентінен білікті маман шыға қоюы неғайбыл. Қалай алып қарасақ та көзбен көріп, қолмен ұстаған білім ғана сіңімді. Ендеше, агробиологиялық орталықтың атқаратын рөлі өте маңызды демекпіз.
Серікбай ӨМІРЗАҚОВ,
ҚР АШҒА академигі,
техника ғылымдарының докторы,
Қали ОМАРОВ,
Қорқыт Ата атындағы ҚМУ
«Экология және ауыл шаруашылығы
проблемалары» ҒЗИ директоры
« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |