Студент қашықтан оқытуға арналған білім беру порталын әзірледі

Қаныш Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетінің студенті Санжар Құрманғалиұлы өзі оқыған мектепке қашықтан оқыту режиміне көшуі үшін арнайы білім беру порталын әзірлеп берді, - деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Санжар ауылдағы мектепке көмектесу мақсатында оқушыларға арналған білім беру порталын әзірледі. Сайтты дайындау үшін ол Moodle платформасын қолданды және мұғалімдерге сайтпен жұмыс істеуді түсіндіретін бейнежазба жасады. Бұл жұмыстарға оның бір апта уақыты кетті.
«IT құралдарымен жұмыс істеуге мектеп мұғалімдерінің бәрі бірдей дайын емес, сондықтан олар WhatsApp пен әлеуметтік желілерді қолдануды жалғастыруда. Мен веб-сайттарды әзірлеумен көптен бері айналысып келемін, веб-сайт құру маған қиын болған жоқ. Мамандық таңдайтын уақыт келгенде, көп ойланбастан өзіме ұнайтын іспен айналыссам деп шештім де, бағдарламалау мамандығын таңдадым. Алдағы уақытта мен жақсы бағдарламашы, өз ісімнің маманы болғым келеді»,– дейді Санжар Құрманғалиұлы.
Санжардың айтуынша, ол өзі де қашықтан білім алып жүр. Университетте оқумен қатар, ол осы жоғары оқу орнында оператор болып жұмыс істейді. Онлайн курстарына арналған бейнежазбаларды дайындайды. Қашықтан оқу режиміне ауысу еш қиындық тудырмағанын тілге тиек етті.
 «Біз тіпті айырмашылықты сезбедік те. Үнемі топпен, оқытушылармен, эдвайзермен байланыста боламыз. Олар біздің оқуымызды бақылап, қолдау көрсетеді. Сабақ кесте бойынша нақты уақыт ішінде өтеді, алдымен оқытушының дәрісі, содан кейін пікірталас түрінде өткізіледі»,– дейді студент Санжар Жамбыл облысы Шу ауданы Жаңа жол ауылында дүниеге келген.
Ол Бауыржан Момышұлы атындағы орта мектепте оқыды.


Білім 21 сәуір 2020 г. 455 0