« Қаңтар 2025 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | 4 | 5 | ||
6 | 7 | 8 | 9 | 10 | 11 | 12 |
13 | 14 | 15 | 16 | 17 | 18 | 19 |
20 | 21 | 22 | 23 | 24 | 25 | 26 |
27 | 28 | 29 | 30 | 31 |
Әлемді жайлаған індет бүкіл адамзатты дүр сілкіндірді. Еліміздегі аймақтардың карантинге жабылуы, жұмыстың тоқтауы, қоғамдық шаралардың кейінге шегерілуі – бәрі күтпеген жаңалық еді. Ал, ең үлкен өзгеріс – мектептердің қашықтан оқытуға көшуі.
Бүгінде бұл жүйе бойынша облыста 293 мектепте 161 779 оқушы қашықтан оқытылып жатыр. Оның ішінде 46 проценті қолжетімді интернет платформалары арқылы, 54 проценті телеарналар арқылы білім алуда. Сондай-ақ, ұстаз бен оқушылар арасындағы кері байланыс электронды почта, электронды күнделік, WhatsApp мессенджері, ұялы және стационарлық телефон аясында да жүргізілуде.
– Қашықтан оқыту Білім және ғылым министрлігінің бұйрықтарына сәйкес ұйымдастырылуда. Бұлай жұмыс жасауда педагогтардың жинақтаған тәжірибесі жоқ болса да, мұғалімдерге цифрлық білім беру ресурстары, электронды оқулықтар, электронды журнал жүйелері таңсық емес. Қазіргі уақытта мұғалімдердің де жұмысы көбейді. Сондықтан оқушылар мен ата-аналар да түсіністікпен қарап, өз үлестерін қосуы қажет деп ойлаймын, – дейді облыстық білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Бағдат Бердәулетов.
Қазіргі сәтте сабақ қолжетімді интернет платформаларды пайдалану, телесабақтар, қолма-қол тапсырмаларды жеткізу тәсілдерімен өткізілуде. «Балапан», «Еларна» телеарналарынан көрсетілетін сабақтарға өңірде 90525 оқушы қатысуда. Ал Kundelik.kz, BilimLand, Daryn. Online платформаларымен 71254 оқушы қамтылуда. Электронды күнделікті қолдануға мүмкіндік болмаған жағдайда ұстаздарға қағаз журнал пайдалануға рұқсат етілген. Бұл ретте, мектеп директоры тарапынан педагогтардан артық есеп сұрауға да тыйым салынған.
Аймақта, мұнан бөлек, интернет және ұялы байланысы жоқ 25 шалғай елді мекен бар. Білім басқармасының мәліметіне сүйенсек, мұндағы 2646 оқушы телесабақтарды көру арқылы білім алады. Оқушыларға тапсырмаларды жеткізу және орындалған жұмыстарды қайта жинау мектептер тарапынан ұйымдастырылған. Сондай-ақ, оқушы саны 80-ге жуықтайтын шағын жинақталған 22 мектепте 1813 бала да дәл осы тәсілмен оқуда. Демек, облыста дәстүрлі оқыту бойынша шағын жинақталған мектептер жұмыс жасап жатқан жоқ.
Сонымен бірге, елімізде «Qazaqstan» ұлттық арнасынан 1-6 сыныптардың телесабақтары жергілікті уақыт бойынша сағат 7.00-10.00 аралығында көрсетіле бастады. Бұл ретте, бастауыш сынып оқушыларына телесабақтарды көру ыңғайлы болуы үшін жергілікті «Qyzylorda», «Qoǵam TV» телеарналары да сағат 13.20-15.00 аралығында сабақтарды қайталап беруде.
– Негізінен телесабақтар 1-11 сыныптардың оқу пәндері бойынша әр сабақ 10 минуттан аптасына 5 күн жүргізіледі. 1-2 сынып – 7 пән, 3-4 сынып – 8 пән, 5-6 сынып – 10 пән, 7-11 сынып 14 пәннен аспайды. Оқыту процесін ұйымдастыру барлық мектеп үшін қатаң бекітіліген дәстүрлі кесте бойынша емес, икемді, жеке кесте арқылы өткізілуде. Әр күнге берілген оқу тапсырмаларын оқушылар ыңғайлы уақытында орындайды. Әрі тапсырманы алу әдістері мен құралдары оқушылардың мүмкіндігіне қарай таңдалуда. Оған қоса ата-аналардан оқушылардың тапсырмаларды орындауын фото-бейне арқылы растауын талап етілмейді, – дейді Б.Бердәулетов.
Қашықтан оқыту барысында оқушылардың оқу жетістіктерін бағалау 2 мәрте өтеді. Бөлім бойынша жиынтық бағалау 4-8 мамыр аралығында болса, тоқсан бойынша жиынтық бағалау 18-22 мамырда өткізіледі. Бұл ретте «Өзін-өзі тану», «Көркем еңбек», «Музыка», «Дене шынықтыру». «Кәсіпкерлік және бизнес негіздері», «Графика және жобалау», «Қоғам және дін» пәндері бойынша жиынтық бағалау өткізілмейді. Айта кетерлік жайт, осы оқу жылында 9, 11 сынып оқушылары мемлекеттік қорытынды аттестаттау немесе мемлекеттік емтихандар тапсырмайды. Қорытынды баға тек тоқсандық және жылдық бағалар негізінде қойылады.
Ал жаз айында өткізілетін ҰБТ уақыты әзірге өзгеріссіз. Тестілеуді өткізудің форматында да өзгеріс жоқ. Түлектер былтырғыдай 5 пән бойынша 120 сұрақтан тұратын тест тапсырып, ең жоғары 140 балл жинай алады. ҰБТ-ға қатысу үшін 15 сәуірден 30 мамырға дейін онлайн түрде тіркелу жүргізіледі. Тесттің өту барысын Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттігінің арнайы мониторингтік тобы мен қоғам бақылайды. Тестілеуді «Digital Agent» қосымшасы арқылы онлайн көруге кез келген адамның мүмкіндігі бар. Сонымен қатар, ҰБТ өткізу ережелері бұзылған фактілерін байқаған адам фото-видео жазбаларды «Digital Agent» көмегімен тікелей жібере алады. Осы орайда биыл түлектерге де бақылау күшейтіледі екен.
– Тестілеушілерден металл іздегіштен өту барысында тыйым салынған заттар – смартфон, қарапайым телефондар, гаджеттер, қағаз жазбалар, т.б табылған жағдайда, бітірушілер тестілеуге жіберілмейді. Сонымен бірге, ҰБТ аяқталғаннан кейін аудиториялардағы бейнематериалға талдау жасалатын болады. Егер осы бейнежазба барысында тестілеушінің тыйым салынған затты пайдаланғаны анықталса, оның тестілеу сертификаты, грант алған жағдайда оның конкурс нәтижелері жойылады. Ал, дайындық жүргізуге арналған тест сынамалары Ұлттық тестілеу орталығының ресми сайтында тегін түрде қолжетімді, – дейді басқарма басшысының міндетін атқарушы Бағдат Камбозұлы.
Жалпы қашықтан оқыту бойынша жұмыс әрі қарай жалғасатын болады. Әрине, бұл жаңа жүйені үйрену қиындық туғызуы мүмкін. Дегенмен, уақыт пен заманның талабы жаңа технологияны меңгеру болғандықтан, алға қарай қадам жасау маңызды. Сондықтан осы тұста білім беру саласына жүктелетін жауапкершілік жүгі ауыр. Ал қазіргі жағдайда сапалы, ең бастысы, нәтижелі білім беру үрдісін ұйымдастыра білсек болғаны.
Мейрамгүл ДАУЫЛБАЙҚЫЗЫ,
«Сыр бойы».
« Қаңтар 2025 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | 4 | 5 | ||
6 | 7 | 8 | 9 | 10 | 11 | 12 |
13 | 14 | 15 | 16 | 17 | 18 | 19 |
20 | 21 | 22 | 23 | 24 | 25 | 26 |
27 | 28 | 29 | 30 | 31 |