Әлемнің үздік мұғалімі атанған Жігер Телеуханов қашықтан оқыту әдістерін айтты

Химия пәні бойынша әлемдік байқауда үздік деп танылған ақтаулық мұғалім Жігер Телеуханов химия пәнін қашықтан қалай оқытып жатқанын айтып берді, - деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Мұғалім Фейсбук желісіндегі Білім және ғылым министрлігінің «Қашықтан оқыту – оқушылар мен ата-аналар үшін жаңа тәжірибе» онлайн конференциясына қатысып, қашықтан білім беру жайлы өз пікірі мен тәжірибесін бөлісті.
«Қашықтан оқытудың ең үлкен пайдасы - білім платформаларын әзірлеу болды. Шетелде де түрлі академиялар ашылып, химиялық эксперименттерді қызықты тәсілдермен онлайн көрсетеді. Біз де қазақ тілінде сондай платформа әзірлеуді бастадық. Болашақта біздің сабақтарымыз барлық балаларға қолжетімді болады деп үміттенемін», - дейді Ж. Телеуханов.
 Оның айтуынша, химия пәнін қашықтан оқытудың басты қиындығы - жалаң теорияның ғана болуы. Сол себепті, мектеп мұғалімдері оқушыларға видеосабақ түсіріп жатыр. Одан бөлек, арнайы челлендж арқылы үйдегі тұрмыстық заттарды тексеруді бастаған.
«Үй жағдайында сабын, сусабын жасау да химияға тікелей байланысты, мектеп бағдарламасында бар. Сосын Instagram желісінде арнайы хэштегпен стабилизатор, ароматизатор, эмульгатор, бояғыштарға сипаттама беріп, балалар бір-біріне челлендж жолдайды. Осындай әдістеме арқылы оқушыларды оқыту қызық болып жатыр. Оқушылар өз қолдарымен сезіп көрген нәрсесін жақсырақ түсінеді. Яғни, бала баға үшін емес, өзі үшін оқу керек екенін түсінеді», – дейді жас маман.
Конференция барысында мұғалім әріптестерін креативті болуға, сондай-ақ, әлеуметтік желілердің көмегімен баланы қызықтыратын әдістерді ойлап табуға шақырды. Еске сала кетсек, жыл басында Жігер Телеуханов Оксфорд қаласында өткен байқауда 100-ден аса мемлекеттен келген мұғалімдер арасынан үздік шыққан еді.


Білім 19 сәуір 2020 г. 457 0