Мұғалімдерге мамыр айының соңына дейін тегін курстар жүргізілуде

Елбасы академиясы «Онлайн мектеп» жобасы аясында білім саласы туралы вебинар мен конференциялар өткізеді, - деп хабарлайды ҚазАқпарат.
 «Карантин кезеңінде барлық мектептер қашықтан оқыту форматына көшкендіктен, Елбасы академиясы 1 сәуірден бастап «Онлайн мектеп» жобасын іске қосты. Жоба екі бағытта жұмыс істейді», - деп жазды ҚР Тұңғыш Президентінің көмекшісі Әсет Исекешев facebook парақшасында.
 «Birge oqý» пікірталас алаңында тікелей эфирде жергілікті және шетелдік сарапшылардың қатысуымен өзекті мәселелер талқыланады. Ал екінші бағытта - мұғалімдерге мамыр айының соңына дейін тегін курс жүргізіледі. Әзірге 40 сабақ жарияланып үлгерді.
 «Жобаға ҚР Тұңғыш Президенті қорының білім беру платформасында (fpp.kz) және YouTube арнасында, танымал әлеуметтік желілерде арнайы алаңдар ашылды. 17 сәуірге дейін жалпы 5736 жазылушы тіркелді. 17 күнде 3 онлайн конференция мен 7 вебинар ұйымдастырылды. Эфир қорытындысы бойынша, қор порталында ресейлік сарапшылар В. Шиманская мен Н. Киселеваның сұхбаттары жарияланды. Сондай-ақ, әлемнің үздік 50 ұстазының қатарына кіретін Н. Киселевамен бөлек вебинар ұйымдастырылды», - деді Ә. Исекешев.
17-19 сәуір күндері Білім және ғылым вице-министрінің, психология мен эмоциялық интеллект саласының сарапшыларының қатысуымен 4 конференция өткізу жоспарланған. Болжам бойынша, бұл талқылауларға 30 мыңнан астам (педагогтар, ата-аналар, жетекшілер) көрермен қамтылады.


Білім 18 сәуір 2020 г. 702 0