Телесабаққа телмірген 800 мың оқушы: Қашықтан оқудың алғашқы аптасы қалай өтті?

Білім және ғылым вице-министрі Шолпан Қаринова Қазақстандағы оқушыларды қашықтан оқыту жүйесінің алғашқы аптасын қорытындылады, - деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Қашықтан оқыту бойынша бірінші апта аяқталды. Қазір қашықтан оқыту жүйесі бірнеше форматта өтіп жатыр. Кейінгі бес күннің қорытындысын қарайтын болсақ, елімізде «Күнделік» электронды порталы, «Білімлэнд» жүйесі, онлайн жүйе де, басқа да бірнеше цифрлық ресурс ұсынылған еді. Қазір біз электрондық жүйенің қаншалықты пайдаға жарап отырғанын көріп отырмыз. 2 миллионнан астам оқушы әртүрлі жағдайда интернетті қолдана білді. Алғашқы күндері «Күнделік» жүйесінің дұрыс жұмыс істемегенін көрдік. Бірақ сол күннің соңына қарай проблеманың бәрі шешімі тауып, «Күнделік» екінші күннен бастап жақсы жұмыс істей бастады», - деді Шолпан Қаринова министрліктің онлайн режимде өткен қашықтан оқытудың аралық көрсеткіштері туралы брифингінде.
 Білім және ғылым вице-министрінің айтуына қарағанда, бүгінгі күні интернеті әлсіз немесе мүлде жоқ өңірлерде 800 мыңнан астам оқушы телесабақ көріп отыр.
«Қазақстан бойынша 454 мектеп штаттық режимде жұмыс істеп жатыр. Оның ішінде 25 мыңнан астам оқушы бар. Олардың бұрынғыдай штаттық режимде жұмыс істеп жатқанын көріп отырмыз. Интернет желісі жоқ 57 елдімекендегі 4 мыңға жуық бала пошта байланысы арқылы оқуларын оқуда. Қазақстанда жалпы осындай оқу форматымен қашықтан оқытудың бірінші аптасы аяқталды», - деді ол.


Білім 11 сәуір 2020 г. 513 0