ҚР БҒМ IV тоқсанда қашықтан оқытудың бірнеше жолын ұсынып отыр. Атап айтсақ, радио және телеарналар арқылы өткізілетін сабақтар, білім беру интернет-ресурстарын пайдалану, шағын жинақты мектептердегі дәстүрлі оқыту форматы және тағы бір бағыт – «Қазпошта» арқылы. Бүгін Білім және ғылым вице-министрі Рүстем Биғари мен «Қазпошта» АҚ Басқарма төрағасы Сәкен Сәрсенов осы бағыттағы ынтымақтастық тетіктерін талқылады,- деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР Білім және ғылым министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. Еліміздегі кейбір елді мекендерде мектеп те, интернет те жоқ. Сондықтан онда тұратын мектеп жасындағы балалар көрші ауылдарға көлікпен арнайы жеткізіліп отыратын. Енді пандемия кезінде оқу материалдарын мұғалімдерден оқушыларға, оқушылардан мұғалімдерге кері жіберу жұмыстарын ұйымдастыру қажет. Елімізде мұндай оқушылардың саны 20 мыңнан асады. Аталған міндеттерді жүзеге асыру мақсатында тараптар ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойды.
Осыған сәйкес, оқушыларға арналған оқу материалдары «Қазпошта» АҚ пошта бөлімшелері арқылы жеткізілетін болады. Ата-аналарға пошта байланысы қызметі үшін төлем жасаудың қажеті жоқ. Қашықтан білім беру технологияларын қолдану арқылы оқуға мүмкіндігі жоқ оқушылар туралы деректерді облыстық және республикалық маңызы бар қалалардың білім басқармаларының өкілдері ұсынады.
«Айта кеткен жөн, шалғай елді мекендерде өмір сүретін оқушыларға арналған оқу материалдары санитарлық қауіпсіздіктің барлық нормаларын сақтай отырып, жеткізілетін болады»,-делінген хабарламада.