Асхат Аймағамбетов үйде оқығысы келмейтін Нұрисламға жауап берді

ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов үйде оқығысы келмейтін оқушы Нұрисламның видеосына пікір білдірді, - деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Әлеуметтік желіде Нұрислам есімді ұлдың мектепке барғысы келетіні, анасының сабақты «дұрыс түсіндірмейтіні» туралы видео тараған еді.
«Педагог ретінде бұл видеоны жүрегіме жақын қабылдадым. Нұрисламға анасының оны жақсы көретінін, тек қана жақсылық тілейтінін және сол үшін жақсы оқығанын қалайтынын айтқым келеді. Анаға ренжудің қажеті жоқ. Оның тілін алып, ренжітпеуге тырыс», - деп жауап берді министр Орталық коммуникациялар алаңындағы брифингте тілші сауалына.
Сонымен бірге, министр Нұрислам секілді мыңдаған балалардың ұстазы мен сыныптастарын сағынып жүргенін айтты.
«Мұның барлығы елімізде сағынуға тұрарлық тамаша педагогтардың бар екенін көрсетеді. Біз оларды қадірлеп, бағалауымыз қажет. Балаларға айтарым, қазір көп оқу керек. Сабақты тоқтатпаймыз, күн сайын мұғаліммен және сыныптастармен байланыста болу үшін жағдай жасаймыз. Сендер ата-ана мен ұстаздарды тыңдаңдар. Қолды сабынмен жиі жуып, жақсы тамақтанып, жаңа оқу кезеңіне әзірленіңіздер», - деді А. Аймағамбетов.
Бұған дейін министр қазақстандық мектеп оқушыларының теледидар, радио, интернет және пошта арқылы білім алатынын мәлімдеген еді. 1 сәуірде Қазақстанның барлық мектептері қашықтан оқыту бойынша сынама сабақ өткізеді. Барлық сұрақтар бойынша Білім және ғылым министрлігінің 1450 колл-орталығына хабарласуға болады.
Білім 31 наурыз 2020 г. 502 0