«Ғылым таппай мақтанба...»
Ғылым таппай мақтанба,
Орын таппай баптанба.
Құмарланып шаттанба,
Ойнап босқа күлуге,.. деп басталатын Абай өлеңін бәріміз де жаттап өстік қой. Дана ақынның дара ойы тап қазір адамзаттың алдынан шыққандай. Күн санап жұтынып баратын жұқпалы кесел медицинаның, нақтырақ айтқанда ғылымның әлі де болса дәрменсіздігін көрсетіп тұр.
Әлемдік ғалымдар аянып жатқан жоқ. Әр жерден жаңалық ашылғандай болады. Дегенде, үш айдай уақыт өтті, кесімді байлам, нақты ем табылған жоқ.
«Қазір бүкіл әлемнің және бүкіл әлемдік экономиканың тағдыры ғалымдардың қолында. Бұл артық айтқандық емес. Әлемнің тағдырын футболшылар, шоу-бизнес өкілдері емес, ғалымдар шешеді. Біз осы жағдайдан сабақ алуға тиіспіз,» – деді жуырда ғана Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президенттің бұл мәселеге пәрмен беруі тектен-тек емес. Ғылымның маңдайы ашылмай, кез келген істе сынаққа төтеп беру қиын.
Оқырманның есінде болса, таяуда ғана басылымда («Сыр бойы» газеті 19 наурыз, 2020 жыл.) «Пенициллин» ханым атты тарихи-деректі мақала шықты. Онда соғыстың қайнаған шағында жұқпалы холера (тырысқақ) ауруы белең алып, талай жауынгерді жусатып салған жұқпалы індеттің емін тапқан дәрігер Ермольеваның еңбегі бейнеленеді. Сонда мына бір өзекті тұсқа тағы бір зер салып көріңізші.
«Тапсырма орындалды. Сталинград үшін алаңдамауға болады, жолдас Сталин, – деп жауап қатты дәрігер.
Кейін Ермольева көсемнің қабылдауында болып, оған Сталин сыйлығы тапсырылды. Сыйлықты тапсырып тұрып Сталин: «Қандай өтініш-тілегіңіз бар?» – деді. Табиғатынан алғыр, қаншама қиындықты болса да қайсарлықпен жеңіп келе жатқан дәрігер ойланбастан бұрынғы күйеуі, микробиология саласындағы ұстазы, абақтыда отырған Лев Зильберді босатуды сұрайды. Көп нәрседен хабары бар Сталин Ермольеваның Зильбердің оның репрессияға ұшыраған бірінші күйеуі екенін, ал оның басқа әйелмен тұрмыс құрып кеткенін есіне салады. Көсем үшін таңданыс туғызғаны – репрессияға ұшыраған екінші, яғни қазіргі күйеуі Захаровты босатуды сұрамай, бұрынғы күйеуінің тағдырына алаңдағаны болатын.
Сталин мұның себебін сұрағанда дәрігер: «Ол маған емес, ғылым үшін керек адам», – деп жауап береді».
Бұған алып-қосар не бар дейсіз?! Шын мәнінде жұқпалы індет әлемге азуын батырғалы талай дүниенің ақ-қарасы ашылып жатыр. Мемлекеттік мүддеден бастап, қарапайым ғана тұрмыстық қарым-қатынасқа дейін сынаққа түсіп тұрған шақта әрбір әрекеттің құндылыққа айналғаны адамзатты ойландырып тастады. Мойынұсынып, тәртіптің тізгінін босатпағанда ғана нәтиже шығарын түсіне бастады көп жұрт. Ал Президент атап өткендей, осы жағдайдан сабақ алу отандық ғылым үшін де өте маңызды.
Біздің елден әлемге әйгілі болған өнертапқыштар аз емес. Алайда, сол ғылым мен оны игілікке асыратын ғалымдардың жағдайы турасында не айта алар едік?
Өткен жылдың басында Сыр елінің перзенті, «Қызылорда облысының Құрметті азаматы», Мемлекеттік сыйлықтың иегері, химия ғылымдарының докторы, профессор Әбдуәлі Баешовпен газет тілшісі (9.01.2019ж.) сұхбаттасқан болатын. Сол сұхбатта интернатта білім алған ауыл баласының ғылым жолындағы жетістігі баян етіліп, ғылым мен ғалымдардың бүгінгі жағдайына қатысты мынадай өткір ойлар айтылған еді.
«Мектеп-интернатта қойшылар мен көпбалалы отбасылардың балалары оқитын. Қарап отырсам, біздің кластың өзінен үш бірдей ғылым докторы шығыпты. Мектепті бірге бітіргендердің түгел дерлігі сол жылы-ақ оқуға түсті, – дейді ғалым. – Ғылыми жаңалықтарым үшін берілген патент саны 200-ге жуықтайды. Жаңалық ашып, оны бүкіл әлемге мойындата білу бар да, оны пайдаға жарата білу бар. Бұл жағынан кедергі болатын мәселе көп».
Ғалым сұхбат барысында мынадай мәселені де ашық жеткізеді.
«Өндіріске енгізілмей, шаң басып жатқан жаңалық жетіп артылады. Мысалы, көмір шахталарын қопарылыстан сақтаудың амалын таптым. Мен құрастырған қондырғы газ көпіршігінің жиналуына тосқауыл қояды. Нәтижесінде адам шығынын азайтуға мүмкіндік туады. Бұл өнертабыс туралы көп жерде айттым, бірақ селт еткен ешкім жоқ. Ең тұрақты деген металдың өзі «патша арағын» құйғанда еріп кетеді. Ал титан ондай емес. Бүкіл әлем осының себебін таба алмай келді. Біз оны ерітуге мүмкіндік беретін жаңа құбылыс ойлап таптық. Бұл – қазақ ғылымының үлкен жетістігі.
Ақылды адам ешуақытта ұрламайды, өтірік айтпайды, алдамайды. Кішіпейіл, данышпан, көреген болады. Бірақ бұл жағынан қазақ ғылымы ақсап тұр. Отандық ғылым саласында көшірмеден көз сүрінеді. Плагиатты анықтаудың әдісі бар екеніне қарамастан, жалған ғалымдар арамызда толып жүр. Алайда, тағы қайталап айтамын, адал ғалым мұндай қадамға бармайды».
– Ең күрделі мәселе – жалақының аздығы, – деп және толықтырады ғалым. – Еті тірі ғалымдар осы күні екі-үш жерде жұмыс істеп жүр. Бала-шағасын асырау керек, басқа амал жоқ. Ал өзінің жыртығын жамай алмай жүрген адам ғылыми нәтижеге қол жеткізеді дегенге сену қиын. Ғылым саласын дамытпаған мемлекеттің болашағы бұлыңғыр. Ендеше, бұған бейжай қарауға болмайды. Ұлы Отан соғысы біткесін, 1946-1947 жылдары Сталиннің тапсырмасымен ғалымдардың жалақысы жүз есе көбейді. Ғылым кандидаты облыстық комитет хатшысымен бірдей жалақы алды. Ғылым докторының еңбекақысы одан жоғары болды. Осыдан кейін ғылымда айтарлықтай жаңалықтар, тың серпіліс жасалды. Жоғары жалақы кеңес үкіметі құлағанға дейін сақталды. Біз соның шет жағасын көріп үлгердік.
Ғылыми атақтың бәрі бар менде. Соған қарамастан, еңбекақымның көлемі – небәрі 83 мың теңге. Докторлық дәрежем үшін оған 48 мың қосылады.
Екінші мәселе, ғылыми мекемелерге, зерттеу институттарына қымбат приборлар керек. Онсыз алға жылжу мүмкін емес. Жалпы, ғылымда екі-үш жылда жетістікке қол жеткізу мүмкін емес. Бұл уақытта, өзің де білесің, алма ағашы да, өрік ағашы да жеміс бермейді».
Мұныңыз өткенді қайталау деп сөге көрмеңіз. Алайда, отандық ғылымның деңгейін көтеру үшін сілкініс керектігін сезіп отырған боларсыз.
Қазіргі ақпарат көздерінде жұқпалы індетке байланысты сан алуан болжамдар айтылып жатыр. Күні кеше танымал украиналық дәрігер Евгений Комаровский коронавирус туралы жасаған видео жариялымында вакцина жасауға қарсылық білдіретіндерді сынға алды.
«Вакцина – проблеманы шешудің жолы. Ауруды ұмытудың жолы. Дәрілер әлі шығарылады. Бірақ әр адамға әртүрлі әсер етеді. Тез арада вакцина пайда болса деймін... Коронавирус вакцинаның тиімділігін түсінуге мүмкіндік беретін шығар», – деді дәрігер.
Өткен сәрсенбі күні Қазақстан Президенті Ұлттық биотехнология орталығындағы отандық ғалымдардың зерттеу жұмыстарымен танысты. Орталық қызметкерлері ДНҚ жасанды синтез жолымен әзірленген және жұқпалы коронавирус ауруының жаңа түрін жылдам анықтауға мүмкіндік беретін полимеразды тізбекті реакция (ПЦР) негізіндегі тест жүйесін таныстырды. Аталған тест жүйесі шетелдік диагностикалық құрал-жабдықтармен салыстыру кезінде өзінің жоғары сезімталдығын көрсеткен.
Қазіргі уақытта Қазақстанның биологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз ету қажеттігін және COVID-19 вирусының әртүрлі климаттық жағдайларға бейімделу қабілетін ескере отырып, Ұлттық биотехнология орталығы мен Биологиялық қауіпсіздік проблемалары жөніндегі ғылыми-зерттеу институтының ғалымдары коронавирусқа қарсы вакцина жасау бойынша бірлескен жұмыстарын бастап кетті.
Ал осы кездесуде Мемлекет басшысы: – Шын мәнінде, бұл зертхана Қазақстан үшін бірегей саналады. Біз сіздердің ғылыми жұмыстарыңызға зор үміт артамыз. Қажетті көмек беріледі. Вирус пен оның таралуы биологиялық лабораториялардың, медициналық және санитарлық қызметтердің жұмыстарына мемлекеттің ерекше көңіл бөлуі тиіс екенін көрсетті, – деп атап өтті.
Қысқасы, отандық ғылымның пәрменін арттырып, ғалымдардың дәрменін оңалтатын кезең келді. Себебі, Абай айтқан «Ғылым таппай мақтанба...» бүгінгі әлем тағдырының айна қатесіз сипаты тәрізді.
Қ.ӘБІШ.